Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама 90 жасқа толды

Тибет буддистерінің рухани көсемі Далай-лама 6 шілде күні 90 жасқа толды. Қытайдың қарсылығына қарамастан, Далай-лама өзі дүниеден озғаннан кейін де реинкарнация дәстүрі жалғаса беретінін осы аптада растаған, деп хабарлады BBC.
Жексенбі күні Гималайдағы Дхарамсала қаласына Үндістан үкіметінің министрлері, Голливуд актері Ричард Гир және мыңдаған діндар буддист ондаған жылдар бойы қуғында жүрген, әлемдегі бейбітшілікті жақтаушы тұлға ретінде танылған Далай-ламаға құрмет танытуға жиналды.
Осының қарсаңында өткен салтанатты шарада Далай-лама өз ізбасарларына "денсаулығы жақсы күйде" екенін, тағы 40 жыл, яғни бұған дейін өзі айтқан болжамынан жиырма жылға артық өмір сүретінін жеткізген. Әдетте туған күнін атап өтпейтінін айтқан Далай-лама дегенмен осы сәтті жан тыныштығы мен жанашырлық жайлы ойлануға себеп еткендерге алғыс білдірді. Ол өзін "қарапайым будда монахымын" деп атап, 90 жасқа жетіп, өткен өміріне көз жүгірткенде, ештеңеге өкінбейтінін айтқан.
Материалдық даму үшін еңбек ету маңызды болғанымен, ең бастысы – өзіңе жақын әрі қымбат жандарға ғана емес, баршаға жанашырлық пен мейірімділік арқылы жан тыныштығына жетуге ұмтылу, – деген Далай-лама туған күніне орай жариялаған үндеуінде.
Фото: Tenzin Choejor / AP


Ең көп оқылған
