Алматыда қаланың 2040 жылға дейінгі дамуын айқындайтын негізгі қала құрылысы құжаты – Бас жоспарды түзету жобасы бойынша қоғамдық талқылаулар басталды. Тыңдаулардың алғашқы күні жобаның жалпы тұжырымдамасын таныстырудан басталып, оған сарапшылар, қоғам өкілдері, БАҚ пен қала тұрғындары қатысты. Қоғамдық талқылау барысында сегіз ауданның әкімдері де қатысып, тұрғындардың сұрақтарына тікелей жауап бермек.

Бас жоспарды қайта қарауға мемлекет басшысының тау бөктеріндегі құрылысқа шектеу қою жөніндегі тапсырмасы негізгі себептердің бірі болды. Жаңартылған құжатта Талғар тас жолынан, Шығыс айналма автожолынан (ШААЖ), әл-Фараби даңғылынан, Саин және Жандосов көшелерінен оңтүстікке қарай көпқабатты тұрғын үйлер салуға, сондай-ақ еңісі 15 градустан асатын беткейлерде құрылыс жүргізуге тыйым салу көзделген. Бұл шешім тау бөктеріндегі табиғи аумақтарды қорғауға бағытталған.

Сонымен қатар жобада тұрғын үй құрылысының көлемін қайта бөлу, әлеуметтік инфрақұрылымды – мектептерді, балабақшаларды, медициналық және мәдени нысандарды дамыту, сондай-ақ 2040 жылға қарай халық саны 3,6 млн адамға дейін өседі деген болжамды ескере отырып, жаңа қоғамдық кеңістіктер қалыптастыру қарастырылған.
Көлік жүйесін дамыту да Бас жоспардың негізгі бағыттарының бірі болып отыр. Құжатта қоғамдық көлікті басымдықпен дамыту көзделіп, метро желісін кеңейту, LRT-ның алғашқы желісін іске қосу, BRT жүйесін дамыту және қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақтар санын арттыру жоспарланған.

Экология мен көгалдандыру мәселелеріне де ерекше мән берілген. Жоба аясында саябақтар, скверлер, бульварлар мен орман-саябақ аймақтарын біріктіретін тұтас «жасыл желі» қалыптастыру ұсынылған. 2040 жылға қарай жасыл аумақтармен қамту көрсеткішін халықаралық стандартқа сай – бір адамға кемінде 16 шаршы метрге жеткізу көзделіп отыр.
Алматыбасжоспар ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Асхат Сәдуовтың айтуынша, Бас жоспарды түзету жобасы алдын ала Сәулет және қала құрылысы басқармасының ресми ресурстарында жарияланған. Алдағы күндері тұрғындар құжатпен егжей-тегжейлі танысып, өз ұсыныстарын білдіре алады. Барлық пікірлер жобаға соңғы түзетулер енгізу кезінде ескерілмек.