Танымал әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында ұлының тойынан кейін орын алған кейбір келеңсіз жайттар туралы айтып, видео жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесінің сөзінше, той қонақтарының тізімі бірнеше рет өзгертілген. Алайда соңғы нұсқасы қолданылмай, ұйымдастыру барысында ескі тізімдер пайдаланылып кеткен.
"Той біткен соң, екі күннен кейін барып барлық минустарды біліп жатырмыз. Қарасақ, тойға келетіндердің тізімі бірнеше рет жасалды. Ең соңғы, екі күн бұрын жасалған тізім кетпей, ескі тізімдер кетіп қалыпты. Координатордың қолында басқа тізім, "лэдта" басқа тізім. Қонақтарды отырғызуда біраз қателестік. Біз қонақтар дұрыс отырғызылды ма деп алаңдап, тойдың қалай өткенін байқамай қалыппыз. Той жасап жүргендер түсінеді. Әттегенайсыз той болмас", – деді әнші Жазира Байырбекова.
Сондай-ақ Жазира Байырбекова ұлының тойынан кейін отбасындағы жылы әрі қызықты сәттермен бөлісіп, келіні Асылыға қатысты өз көзқарасын білдірді. Өнер иесі келін түсіру сәтінің өзі үшін ерекше әсер қалдырғанын жасырмады. Оның айтуынша, бұл – аналық өміріндегі ең қуанышты кезеңдердің бірі.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Кенжебек Жанәбіловтің жұбайы Жәмила Төлегенова әлеуметтік желіде Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекова отбасының болашақ келіндерімен қандай туыстық байланысы бар екенін түсіндіріп өткен болатын.
Айта кету керек, Жанболат Ербатыров пен Жазира Байырбекова қазақ эстрадасындағы ең танымал әрі көпке үлгі болған жұптардың қатарында. Олар өнердегі жолын студенттік кезеңнен бірге бастап, түрлі сынақтарды еңсеріп, бүгінгі күні халықтың ерекше ықыласына бөленген. Қос өнер иесі сахнада да, өмірде де жарасым тапқан жұп ретінде кеңінен танылып отыр.