freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Бұл енді тек менікі": Баян Алагөзова шу болған қамзолға қатысты дауға нүкте қойды (ВИДЕО)

Қоғам
"Бұл енді тек менікі": Баян Алагөзова шу болған қамзолға қатысты дауға нүкте қойды (ВИДЕО)
SN.kz коллажы

Танымал продюсер Баян Мақсатқызы "Қыз Жібек" фильміндегі қамзолдың дәлме-дәл көшірмесін жасатқанын айтты. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.

Продюсердің айтуынша, ұлттық нақыштағы ерекше киімді тігу жұмысы дизайнер Аида Кауменоваға тапсырылған.

Баян Мақсатқызы қамзолдың дайын болғанын айтып, оның енді толықтай өзіне тиесілі екенін жеткізді. Сондай-ақ бұл бұйымды жасауға үлкен еңбек кеткенін атап өтті.

"Достар, менің қамзолым қайтып келді. Енді бұл толықтай менікі. Дәлме-дәл көшірмесі. Өте үлкен еңбек. Қыз Жібектің толық образын тіктіріп жатырмын", – деді ол.

Продюсер бұл қамзолдың тек ұлттық киім ретінде ғана емес, заманауи образдармен де үйлесетінін айтты. Оның сөзінше, "Қыз Жібек" бейнесіндегі костюм бүгінгі күнге де сай келеді.

"Гүлфайруз апай қалай 100 жыл алдыға ойланған. Біз Аида Кауменова екеуміз осы костюмді шығаруды қолға алып жатырмыз. Ұзатылатын қыздар, келіңіздер. Қазақ аруына 20 данасын шығарамыз. Қыз Жібектен несі кем?" – деп жазды Баян Мақсатқызы.

Осылайша, продюсер ұлттық киім үлгісін жаңғыртып, оны қазіргі заманға лайықтап ұсынуды көздеп отыр.

Еске сала кетейік, 17 сәуір күні Баян Алагөзова әлеуметтік желіде "Қыз Жібек" фильміндегі қамзолды киіп, оны сыйлық ретінде алғанын хабарлаған болатын. Осыдан кейін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі бұл тарихи жәдігердің жеке меншікке қалай өткенін тексеретінін мәлімдеді. Ал продюсер өз кезегінде 50 жыл бойы назардан тыс қалған қамзолды ешкімге қайтармайтынын айтқан еді. Сонымен қатар "Қыз Жібек" фильмінде басты рөлді сомдаған актриса Меруерт Өтекешова қоғамда қызу талқыланып жатқан қамзол мәселесіне қатысты өз ойын айтқан болатын.

"Қыз Жібек" – қазақ киносының өшпес мұрасы

"Қыз Жібек" – қазақ кино өнеріндегі ең көрнекті туындылардың бірі. 1970 жылы "Қазақфильм" студиясында түсірілген екі бөлімді көркем фильм ұлттық мәдениет пен руханияттың айшықты үлгісі ретінде көрермен жадында сақталды. Туындының режиссері – Сұлтанахмет Қожықов, сценарийін жазған – Ғабит Мүсірепов.

Фильмнің басты рөлдерін Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков және Асанәлі Әшімов сомдады. Ал шығарманың әсерлі музыкалық әлемін белгілі композитор Нұрғиса Тілендиев қалыптастырды. Кинотуындының көркемдік қуатын арттырған да – осы актерлік шеберлік, ұлттық бояу мен терең музыкалық сүйемелдеу.

Фильм желісі қазақтың әйгілі лиро-эпостық жыры негізінде өрбиді. Алғашқы бөлімде Базарбайдың ұлы Төлеген өзіне лайық жар іздеп, Сырлыбай ханның қызы Жібекке ғашық болады. Алайда қызғаныш пен опасыздық олардың махаббатына кедергі келтіріп, Бекежанның қолынан Төлеген қаза табады. Бұл оқиға Жібектің тағдырына ауыр қайғы әкеледі.

Екінші бөлімде Төлегеннің інісі Сансызбай ағасының жолын жалғап, жауға қарсы тұрады. Ол ел намысын қорғап, Жағалбайлы жұртының азаттығы үшін күреседі.

"Қыз Жібек" фильмінде қазақ халқының салт-дәстүрі, киім үлгісі, тұрмыс-тіршілігі, махаббатқа адалдық, елдік пен ерлік идеясы кеңінен көрініс тапқан. Сондықтан бұл туынды жай ғана тарихи фильм емес, ұлттық болмысты, қазақтың эстетикалық талғамын және рухани әлемін танытатын бағалы мұра саналады.

Бүгінде "Қыз Жібек" қазақ киносының классикасына айналып, ұлттық мәдениеттің алтын қорынан орын алған мәңгілік туынды ретінде бағаланады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу