Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Айман Талғатқызы әлеуметтік желіде күйеуінің сырт келбетіне қатысты жағымсыз пікір жазатындарға жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның жазуынша, кейбір желі қолданушылары әзілкештің сырт келбетіне байланысты орынсыз сөздер айтып, кемсітетін пікірлер қалдырады.
Айман Талғатқызы мұндай сөздердің адамға ауыр тиетінін айтып, өзгенің денсаулығы мен сырт келбетін мазақ етуге болмайтынын жеткізді.
"Осы "жартыбас" деген сөзді жиі жазады адамдар. Сонда қалай? Бір қолы, аяғы, көзі жоқтарды да солай "жарты қол", "жарты аяқ" деп атай аламыз ба? Бұл не деген көргенсіздік? Алла денсаулықпен сынамасын ешкімді. Өзгені кемсітіп, мазақ қылуға ешкімнің құқығы жоқ. Ешкім мүгедек, ауру немесе соқыр боламын деп ойламайды, болғысы да келмейді", – деді ол.
Еске сала кетейік, Заттыбек Көпбосынұлы әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың туған күніне орай әлеуметтік желіде құттықтау жариялаған еді.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов – қазақстандық әзілкеш, актер, КВН ойыншысы және сатира жанрында танылған өнер иесі. Ол 1979 жылғы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген.
Тұрсынбек Қабатов көпшілікке күнделікті тұрмыстағы жағдайларды, қоғамдағы құбылыстарды және қазақы мінез-құлықты әзіл арқылы жеткізуімен танылды. Оның сахнадағы ерекшеліктерінің бірі – көрерменге жақын тақырыптарды жеңіл юмормен әрі өзіндік мәнермен баяндауы.
Өнер жолын 2000 жылы Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында бастаған. Кейін Көңілді тапқырлар клубында өнер көрсетіп, кең аудиторияға таныла түсті.
Студенттік жылдары "Аграрка сарбаздары", "Астана.kz" және "Казахи" КВН командаларының құрамында ойнады. Әсіресе "Казахи" командасындағы өнері оның Қазақстаннан тыс көрерменге де танылуына ықпал етті.
2010 жылы "Казахи" командасы КВН Жоғарғы лигасының вице-чемпионы атанды. Осы кезеңнен кейін Тұрсынбек Қабатов жеке шығармашылығына көбірек көңіл бөліп, Қазақстанның әр өңірінде концерттер өткізе бастады.
Кейін ол телевизиялық және әзіл-сықақ жобаларына қатысып, театр және продюсерлік бағытта да жұмыс істеді. "Базар жоқ" театрымен байланысты шығармашылық жобаларды жүзеге асырып, бір кезеңде "Әзіл әлемі" ұжымының жұмысына да араласқан.
Өнердегі еңбегі үшін бірнеше марапатқа ие болды. 2014 жылы "Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі" атағын алып, Қазталов ауданының құрметті азаматы атанды. 2015 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағына ие болды.
Бүгінде Тұрсынбек Қабатов қазақ әзіл-сықақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған танымал сахнагерлердің бірі саналады.