Степногорск қаласында Абай әндерінің кеші өтті

Malim Админ

  • 27.05.2025

Ұлы ақын-ағартушы, қазақтың жазба әдебиетінің және әдеби тілінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы республикамызда кеңінен атап өтілуде. Ақмола өңіріндегі Степногорск қаласы әкімінің қолдауымен және осы қаланың мәдениет бөлімінің ұйымдастыруымен «Құлақтан кіріп, бойды алар» Абай әндерінің кеші өтті. 


Сапардың басты мақсаты – ұлы ақынның 180 жылдық мерейтойына орай, шетте туып елге оралған мәдениет-өнер тұлғаларының басын қосып еліміздің шағын қала, аудандарында халықты Абай әндерімен сусындатып, тегін концерт беру, Абай шығармаларын жұршылыққа таныту, насихаттау, жастардың сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа ықыласын арттыру. Ақынның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығын ұлт болып бірлесуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылыққа айналдыруға үлес қосу болатын.
Қасиетті жұма, 23 мамыр күні Астанадағы Бөгенбай бабамыздың ескерткіші жанына жиналған өнер адамдарымен елордадан 180 шақырым қашықтықта жатқан Степногорск қаласына шағын автобуспен жолға шықтық. Бұл күні ауа-райы суық, оның үстіне есіре соққан ызғар жел бартұғын. Бірақ, бұл біздің әдемі көңіл күйімізге теріс әсерін тигізе қойған жоқ. Автобусқа отырып, біраз жылынып, «кемедегінің жаны бірлер» бірауыздан ақ жол, оң сапар болсын дестік. Екі жарым сағаттық жол үстінде көз шырымын алып та, қазақтың кең байтақ даласының әдемі пейзажына көз тастап, осы жерді білектің күшімен, найзаның ұшымен сақтап қалып, бүгінгі ұрпағына аманат етіп кеткен бабаларымыздың ерлігіне тағзым етіп, шексіз алғысымызды білдіріп те, еліміздің болашағы, тіліміз, діліміз туралы да  әңгімелесіп үлгердік. Қытайдан ертеректе оралған қандастарымыздың тілі шұрайлы, сөздері орнықты, әзілдері жарасымды болып шықты. Құдды көптен бері танитын тамырластардай тіл табысып кеттік. 
Осындай тамаша әңгіме-дүкен құра отырып, Степногорск қаласына қалай тез жеткенімізді байқамай қалдық. Қалаға кіреберісте өңменіңді тесіп өтер желге қарамастан бауырсақ пен қымызын ұсынып, ұлттық киімдері төгілген арулар мен қолына қара домбырасын ұстап, желмен жарыса әннен шашу шашқан бір жігіт қарсы алды. Әу баста, бұл орыс тілді елдімекеннің халқы біздің бұл шығармашылық тобымызды қалай қарсы алады екен, Абай әндері кешін қалай қабылдайды екен деген басымда шырмалған  күдікті ойым әп-сәтте сейіліп қоя берді. 

Абай мұралары табысталды

 Қазақы салтпен дәмнен ауыз тиіп, қатарласа орналасқан қаланың орталық кітапханасы мен мәдениет үйіне келдік. Алдымен біз Степногорск қалалық кітапханасының жетістіктерімен таныстық. Кітапхана қызметкерлері заман көшінен қалмай, жасанды интеллектіні енгізуде ауқымды жұмыс атқарыпты, тіпті, республикалық байқауларда жүлделі орындар да алған. Яғни ЖИ-ді қолдана отырып, қазақ жазушыларына жан бітіріп, шығармаларын өздері таныстырып шығуына, керек десеңіз, Ә.Қастеевтің әйгілі мақта жинау, Түрксіб темір жолын салу  сынды суреттерін «тірілей көру» мүмкіндіктерін ұсынып отырғаны тамсандырды. Бұдан кейін кітапханада жоспарланған кездесу өтті. Кездесуге келген Степногорск қаласы әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы Астанадан атбасын бұрып келген журналист Жарқынбек Жұмаділұлы бастаған мәртебелі меймандарға алғысын білдіре отырып, бүгінгі басқосудың мән-мағынасына тоқталды.  
«Абай мұрасы – қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Жылдар өткен сайын халқымыз ғұлама ақынның рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түсуде. Абайдың 180 жылдық мерейтойы – тек бір ақынның жылдығы емес, ол бүкіл қазақ халқының рухани мұрасын қайта бағалап, оның терең философиясын бүгінгі күн тұрғысынан түсінуге ерекше мүмкіндік. Абайдың ғұмыры өткенді еске алу ғана емес, болашаққа бағдар жасап, елімізді одан әрі дамытудың негізін қалауға күш салуымызды талап ететін бірегей уақыт. Осылайша, еліміздің мәдениеті мен тарихына құрмет көрсетіп, ұлт руханиятын дамыту бағытындағы маңызды қадам. Абай шығармалары әлі талай ғасырларға жететін азық болары сөзсіз», – деді ол. 


Бұдан кейін жиналған жұртшылық алдында академик-дәрігер Толқын Ақанұлының «Қазақтың шипалы емдері», «Қазақ емшілігіндегі тамыр ұстау», «Емшілердің атасы Лұқман Хакім» сынды дәстүрлі медицина саласына арналған еңбектері мен «Алтай жырлары», «Толқын» атты әдеби жинақтарының таныстырылымы өтті. Осы кездесуде біз Степногорск қаласының жас ақыны Еламан Оспанның таңдай қаққызып, тамсандырған тамаша өлеңдерін тыңдап, тәнті болдық. Мұхтар Шахановты пір тұтатын жас ақынның алар асулары алда екеніне, өр ақындай бір күні елге кеңінен танылатынына кәміл сендік. Кездесу соңында кітапхана қорына өзімізбен бірге ала келген ғұлама ойшылға арналған жаңа ғылыми-танымдық еңбектер мен тағы басқа кітаптарды сыйға тарттық. 

Жәдігерлер сыр шертеді

Өткен уақыттан сыр шертетін дүниелермен танысып, бүгінгі өмірге тарихи тұрғыдан көз салуға мұрсат беретін орындардың бірі музей. Біз барған Степногорск тарихи-өлкетану музейінің ашылғанына да  30 жыл болыпты. Музейде ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі өлкенің тарихын қамтитын 5 зал бар екен. Кіріспе залында өңірдің картасы, Степногорск қаласының диорамасы орналасқан.  Екінші зал «Табиғат және археология» деп аталады.  Онда Шондынқорасы шатқалында өткен археологиялық экспедицияда жиналған жәдігерлер келушілердің назарына ұсынылған. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстанның Саумалкөл ауданынан табылған Ботай архелогиялық қазбалары қойылған. Ең алғаш Ботай қазбаларын өлкетанушы Еслямбек Закариянов тапқан. Кейін бұл қазба жұмыстарын әлемге танымал археолог Виктор Федорович Зайберт жалғастырып, Ботай мәдениетін зерттеген. Солтүстік Қазақстан тарихы бойынша бірқатар монографиялық мақалалар жазған. Ал, этнография залы келген қонақтарға қазақтардың мәдениеті мен салт-дәстүрін паш етсе, «Қазіргі заман» залында елдімекеннің өнеркәсіптік кәсіпорындары туралы ақпарат ұсынылған.
«Мынау залда 13 зауыттың макеті тұр. Ал ол зауыттарға қатысты анықтамалар тақтада ілінген. Осы макеттерді жасауға зауыттардың өздері көмектесіп, атсалысты. Қазақ алтын, тау-кен комбинаты, подшипник зауыттары, тағысын тағылар. Сонымен қатар Степногорск қаласының мақтанышына айналған мынау раушан гүлдер біздің қаламызда жылыжайда өседі», – дейді музей меңгерушісі Майра Нұржанова. 
Келесі бір зал «Жауынгерлік даңқ» деп аталады. Онда Ұлы Отан және Ауғанстан соғысы ардагерлерінің киімдері мен фотосуреттерін көруге болады. Тіпті, соғыс ардагерлерінің жеке заттары да жақсы сақталып қалған.

Паң Нұрмағамбет кесенесі
Осы сапар барысында біз атбасын тіреген тарихы орынның бірі –  Паң Нұрмағамбет Сағынайұлы кесенесі болды. Ол тарихта Ереймен жерінде үш жүз түгел шақырылған Керей Сағынайдың асын берген дәулетті бай әрі жомарт адам болған. Сағынайдың ұлы. Үлкен болысты басқарған. Еуропа аристократтары тәрізді, аппақ қолғап киіп, көзіне алтын жиекті пенсне тағып, еңсесін биік ұстаған жан деседі. Сондықтан ол кісіні заманында Паң Нұрмағамбет деп атапты.

Ақмола облысының Ақсу кеніші, Қарабұлақ өңірінде дүниеге келген Нұрмағамбет асыл тұқымды жылқы шаруашылығымен айналысқан ірі бай, саятшы, ұлттық этнографияны жаңғыртушы болыпты. Нұрмағамбет 1891 жылы Ресейдің болашақ патшасы Николай ІІ Омбы қаласына келгенде, оның құрметіне ұйымдастырылған көрмеге жақсы жабдықталған ақ киіз үй тігіп, 1000 жылқыны сыйға тартқан. 20 ғасырдың басында бұл киіз үй Нижний Новгородта өткен Бүкілресейлік көрмеге, Париж қаласындағы көрмелерге қойылған. Қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы. 1898 жылы ол Дала өлкесінде жылқы өсіруді үлгілі дамытқаны үшін патшадан күміс, кейіннен алтын медаль мен алтын сағат алған. Нұрмағамбет 4 рет қажылыққа барған. 1908 жылы Меккеге қажылық сапарға барғанда Шам (Дамаск) шаһарынан қазақ елінен қажылыққа келушілер үшін арнайы үй сатып алған. Ол имандылықты насихаттап, ауылында ағаштан мешіт тұрғызған. Нұрмағамбеттің үш жүздің басын қосып, әкесі Сағынайдың жылында берген асы айрықша мол, салтанатты болуымен тарихта қалған. Осы аста Ақан серінің атақты Құлагері мерт болған. Нұрмағамбет Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов басқарған ұлт ісіне қаржылай көмек көрсеткен ұлт жанашырының бірінен болған деседі. 

Әннен шашу шашылды

 «Той десе, қу бас домалайды» демекші, Абай әндерінің тегін кеші өтеді дегенді естіген жұртшылық жақсыны көрмек үшін түс ауа қалалық мәдениет үйіне ағылып келіп жатты. Елу мыңнан астам тұрғыны бар қаланың Достық және шығармашылық үйінде 5 мәдени қоғамдық бірлестік жұмыс істейді екен. Олар неміс ұлтының «Саттеллит», поляктың «Полония», әзірбайжанның «Хазар», татар-башқұрттың «Юлдаш» және шешен-ингуш ұлттарының «Беркат» ұйымдары. 
«Құлақтан кіріп, бойды алар» атты Абай әндерінің кешінің шымылдығын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Құрманбек Әлімғазы өзінің қоңыр даусымен «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, қалам қас» әндерін шырқап ашты. Халықаралық ән байқауларының жеңімпазы Айнұр Қажымоллақызы Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін тамылжыта орындап, көрермендер қошеметіне бөленді. Ал дәстүрлі әнші, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен өнер фестивалінің бас жүлдегері «Ақмола жұлдыздары», «Зеренді даусы» облыстық және аудандық байқаулардың лауреаты Берікбол Дүйсенбайұлы «Сегіз аяқ» пен халық әні Молдабайды ерекше екпінмен шырқағанда көзіқарақты көрерменнің делебесі қозып, қоштаумен болды. Кешті жүргізген Қытай мемлекетінің ең үздік теле-жүргізуші байқауының жеңімпазы, әнші Жұлдыз Тайманқызы да құралақан келмей, көпшілікке «Желсіз түнде жарық ай» әнін  тарту етті. Қазақстан суретшілер одағының мүшесі,  Мәдениет саласының үздігі, суретші, қазақ музыкалық аспаптарын жасау шебері, Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы әрі дәстүрлі әнші Серікжан Ысқақбектің орындауындағы «Абайдың ұлы Ақылбайдың әнін»,  халық әні «Бес қарагерді» жұртшылық жылы қабылдап жатты. Ал Степногорск қаласының әншісі Жадыра Әбдіғаппарова орындап, халықтық балет  студиясының бишілері сүйемелдеген  Абайдың сөзіне жазылған Секен Тұрысбектің «Мен бір жұмбақ адаммын» әні көрермен ұйып тыңдаған әсерлі әннің бірінен болды. Осы кеште жас әнші Нұржаз Толқынқызы өзінің әкесінің, яғни академик-дәрігер, Қазақ емханасының директоры, ақын, сазгер, Қазақстан Жазушылар одағының және Еуразия жазушылар одағының мүшесі, бір қатар жыр жинақтарының авторы Толқын Ақанұлының «Қазақша» деп аталатын туындысын әдемі даусымен орындап шығып, бұрын соңды естімеген тамаша әнмен кештің  ажарын аша түсті. Мерекелік концерттің шырайын келтірген келесі бір әнші Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Айбын» ордендерінің иегері Риза Қайырбайқызы болды. Ол әрі ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Құрманбек Әлімғазының жұбайы. Оның орындауындағы халық әні «Угай-ай» мен «Алматым» әні көрерменнің құлақ құрышын қандырып, көңілдеріне мереке сыйлады. Бұл тегін кешті ерлі-зайыпты әншілер Құрманбек Әлімғазы мен Риза Қайырбайқызы халық әні «Айнам-ай»,  көпке танымал патриоттық жанрдағы «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқтап, жұртшылықтың ыстық ықылас-ілтипатына бөленді. Кеш соңында Степногорск қаласы тұрғындары атынан жылы лебізін білдірген қала әкімінің орынбасары Жанасыл Сабырұлы Астанадан келген  қонақтарға  алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар және аруларға гүл шоқтарын табыс етті. 

Сұлугүл БАКЕСОВА