Қазақстанда халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланып жатыр. Оны елге Агенттіктің қаржылық мониторинг қызметкерлері алып келе жатқанын журналист Михаил Козачков жазды, деп хабарлайды Malim.kz.
Тергеу мәліметінше, Қайсар Қамза бірнеше жыл бойы әлеуметтік желілер мен жабық Telegram-арнасы арқылы онлайн-казиноларды жарнамалап, пайдаланушыларды рефералдық сілтемелер мен промокодтар арқылы құмар ойындарға тартқан. Құқық қорғау органдарының болжамынша, блогер осы қызметтен 100 миллион теңгеден астам табыс тапқан. Қаражат криптовалюта әмияны арқылы шығарылған.
Сот Қайсар Қамзаға қатысты сырттай қамауға алу туралы санкция беріп, құны шамамен 183 мың АҚШ долларын құрайтын криптоактивтеріне тыйым салған.
Қамза 2026 жылдың қаңтарында халықаралық іздеуге жарияланған болатын. Ол сәуір айында Интерпол мен Вьетнам құқық қорғау органдарының бірлескен операциясы барысында Камрань қаласында ұсталды. Кейін Қазақстан тарапы оны экстрадициялау туралы ресми сұраныс жолдаған.
Бұған дейін блогер әлеуметтік желілерде өзінің қамауға алынбағанын айтып, тек миграциялық қызметтің құжаттарын уақытша алып қойғанын мәлімдеген еді. Алайда кейін Камрань әуежайында оны Қазақстанға алып кетуге дайындалып жатқан сәттің фотосуреттері жарияланды.
Осы іске байланысты АҚШ азаматы Дмитры Дружински мен Украина азаматы Марина Левковичке (Гинзбург) де халықаралық іздеу жарияланған. Тергеу оларды PIN-UP және PINCO брендтерімен жұмыс істеген заңсыз онлайн-казино желісінің қызметін үйлестірушілер деп санайды.
Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі әзірге экстрадицияның аяқталғаны жөнінде ресми мәлімдеме жарияламаған. Дегенмен бірқатар дереккөздер блогердің Қазақстанға жеткізіліп жатқанын хабарлап отыр.