freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Көңілдес болып жүре бермедіңіз бе?" – Тұңғышбай Жаманқұлов ел естімеген шындығын ашып айтты (ВИДЕО)

Қоғам
"Көңілдес болып жүре бермедіңіз бе?" – Тұңғышбай Жаманқұлов ел естімеген шындығын ашып айтты (ВИДЕО)
ашық дереккөзден. Суретте: Тұңғышбай Жаманқұлов пен Дәрия Жүсіп

Белгілі театр және кино актері Тұңғышбай Жаманқұлов жұбайы Дәрия Әбдімәлікқызының өзінен екі мүшел кіші екенін ашық айтты. Өнер иесі шәкіртіне ғашық болып, кейін отбасын құрғанын 2023 жылы Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында баяндады, деп хабарлайды Malim.kz.

Актердің айтуынша, ол кезде жұрттың сөзі мен қоғамның көзқарасын ойлап отыратын жағдай болмаған. Тұңғышбай Жаманқұлов болашақ жарының ең алдымен еңбекқорлығына, ақыл-парасатына және адамдық болмысына тәнті болғанын жеткізді.

"Оқушым, ол кезде сөзді ойлайтын жағдай болмады. Мен оның (әйелінің - ред.) еңбекқорлығына, ой-пайымына тәнті болдым. Таптаурын болып кеткен сөзбен айтсақ, көзсіз ғашық болдым. Белді будым да, осы шешімге бардым.

Алдында өмірімнің бәрі жақсы еді демей-ақ қояйын. Бірақ, оның маған деген үлкен сыйластығы сезімге айналды. Біз жасырын жүруге қорқып, ашық кеттік. Маған біреу "Атағыңыз бар, қызықсыз. Сізден екі мүшел кіші, оны жақсы көрсеңіз көңілдес болып жүре бермедіңіз бе?" деді. Мен "Көңілдес бола алмаймын. Мен тек күйеу бола аламын" деп аузын жаптым.

Құдайға шүкір, екі ұл, бір қызым бар. Үлкен ұлым Мәскеуде университет бітіріп келді. Екінші ұлым тіс дәрігері мамандығын оқып жатыр. Қызым 10 сыныпта", – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Еске сала кетейік, Тұңғышбай Жаманқұловтың  өнердегі әріптесі марқұм Асанәлі Әшімовті жоқтап жазған жазбасы көпшілікті ойландырған еді. Сондай-ақ ол жұбайы Дәрия Әбдімәлікқызы Жүсіппен қалай танысып, шаңырақ көтергені туралы айтып берген болатын.

Тұңғышбай Жаманқұлов кім?

Тұңғышбай Қадырұлы Жаманқұлов – қазақтың театр және кино өнерінде жарқын із қалдырған танымал актер, режиссер, ұстаз әрі өнер қайраткері. Ол 1948 жылы 2 қазанда Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты Абай ауылында дүниеге келген. Бала кезінен өнерге жақын болып өскен ол сахнаны өмірлік мұратына айналдырып, актерлік жолды таңдады.

Өнердегі алғашқы қадамын студент кезінен бастаған Тұңғышбай Жаманқұлов 1970 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды. Ал 1973 жылы Қазақ ұлттық консерваториясының актерлік факультетін тәмамдады. Оның кәсіби қалыптасуына КСРО халық әртісі, профессор Хадиша Бөкееваның тәлімі зор әсер етті.

Актер Әуезов театрының сахнасында ұлттық болмысы терең, мінезі күрделі, ішкі әлемі бай кейіпкерлерді шебер сомдады. Оның Бақтығұл, Сырым, Абылай хан, Әбутәліп, Жалмұхан сынды рөлдері көрермен жадында сақталып, қазақ сахна өнерінің маңызды белесіне айналды. Бұл образдар арқылы Жаманқұловтың кең тынысты актер, психологиялық иірімдерді дәл бере алатын шебер суреткер екені айқын көрінді.

Тұңғышбай Жаманқұлов қазақ театрындағы ұлттық актерлік мектептің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Ол драмада да, комедияда да, мелодрамада да өзін еркін көрсете алған санаулы сахна шеберлерінің бірі. Әр рөлінде кейіпкердің сыртқы әрекетін ғана емес, жан дүниесін, ішкі қайшылығын, адамдық болмысын ашуға ұмтылды.

Кино өнерінде де актер бірқатар есте қаларлық бейнелер жасады. Ол Чекист, Тәңірберген, Әбілқайыр, Қайырхан, Құнанбай секілді кейіпкерлерді экранда нанымды сомдап, көрермен ықыласына бөленді. Әсіресе «Отырардың күйреуі» фильміндегі Қайырхан рөлі оның кино саласындағы биік жетістіктерінің бірі саналады. Осы еңбегі үшін 1992 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ие болды.

Жаманқұлов тек актер ретінде ғана емес, режиссер және ұйымдастырушы ретінде де отандық театрдың дамуына қызмет етті. 1993-2001 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі болды. Бұл кезеңде ол театрдың шығармашылық бағытын нығайтуға, сахна мәдениетін дамытуға және жаңа буын өнерпаздардың қалыптасуына ықпал етті.

Өнердегі көп жылғы еңбегі жоғары бағаланып, Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Қазақстанның халық әртісі атақтарына ие болды. Сондай-ақ Парасат және Достық ордендерімен марапатталды. Жамбыл облысы мен Байзақ ауданының құрметті азаматы атануы да оның туған елі алдындағы абыройын көрсетеді.

Жеке өмірінде ол актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәрия Жүсіппен шаңырақ көтерген. Бүгінде Тұңғышбай Жаманқұлов қазақ өнерінің тарихында өзіндік орны бар, сахна мен экранда сан қырлы бейнелер жасаған, бірнеше буын көрерменнің құрметіне бөленген тұлға ретінде бағаланады.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу