Айман Мұсақожаеваның Ұлттық өнер академиясына ректор болу үшін 200 мың доллар бергені айтылды

Алматы қаласындағы Алмалы аудандық соты жақында өзін КҰҚК (КНБ) төрағасының туысымын деп таныстырып, бірнеше адамды алдаған Арман Таженовке үкім шығарды. Ол өз «қызметін» 2024 жылдың көктемінде Шымкент қаласында бастаған, деп хабарлайды Malim.kz сайты kozachkov телеграм арнасына сілтеме жасап.
Арман Таженов алдымен ҰҚК Шекара қызметінің бұрынғы қызметкерімен танысып, оған өзін ҰҚК төрағасының жиені ретінде таныстырады. Жоғарғы лауазымды туысы арқылы қайта жұмысқа орналастырып беремін деген желеумен, күдікті 10 мың АҚШ долларын алады. Біраз уақыттан кейін ол тағы 2 миллион теңге сұрайды. Зардап шегуші бұл соманы банк арқылы аударғанымен, уәде етілген жұмысқа орналасу орындалмайды.
Осы кезеңде Таженовке жаңа ұсыныс түседі – белгілі скрипкашы, Қазақстанның Халық әртісі Айман Мұсақожаеваны Ұлттық өнер академиясының ректорлық қызметіне қайта тағайындату. Айта кетейік, Мұсақожаева 1998 жылдан бастап аталған оқу орнын басқарғанымен, 2024 жылдың басында зейнетке шыққан болатын. Сахнадан кеткісі келмеген өнер иесінің жұбайы, кәсіпкер әрі меценат Асқар Бекбаев жұбайының қызметке қайта оралуы үшін 200 мың АҚШ долларын ұсынуға келіседі.
Алаяққа бөлінген қаржының жартысы Алматыға жеткізіледі. Кейін Таженов тағы 100 мың доллар сұрайды. Осы жолы ақша берілмеген, бірақ делдал өз көлігін уақытша кепілге қоюға келісім береді. Соған қарамастан, уәде орындалмай, Мұсақожаева академияға оралмаған.
Алаяқтық әрекетке алданған азаматтар құқық қорғау органдарына жүгінген. Арман Таженов 2024 жылдың қараша айында ұсталып, қамауға алынды. Тергеу барысында ол кінәсін мойындап, келтірілген материалдық шығынды өтеген. Осыны ескерген судья Күралай Дарханова оны 4 жыл шартты мерзімге соттау туралы шешім шығарды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Фото: ашық дереккөз


Ең көп оқылған
