freedom
Саясат Аналитика Қоғам Мәдениет Сұқбат Спорт Абай-175 Ұлттық спорт Экономика Malim podcast Inclusive society Әлем Құқық Денсаулық Тұлға-таным Кино Білім-ғылым Шоу-бизнес Әдебиет Оқиға Экология Хикаялар MALIMet

"Медуза" операциясы: әйелдерді зорлады делінген 57 адам ұсталды

Әлем
"Медуза" операциясы: әйелдерді зорлады делінген 57 адам ұсталды
Ute Grabowsky/photothek/picture alliance

Тоғыз елдің құқық қорғау органдары әйелдерге қатысты есірткілер мен күшті әсер ететін дәрілік заттарды пайдалану арқылы жасалатын сексуалдық зорлық-зомбылыққа қарсы бағытталған "Медуза" (Project Medusa) атты ауқымды халықаралық операция өткізді. Бұл туралы 2 шілде, бейсенбі күні операцияны үйлестірген Еурополдың баспасөз қызметі хабарлады.

«Тергеу барысында қылмыскерлер жәбірленушілерді адам ретінде емес, зат ретінде қабылдап, олардың адамдық қадір-қасиетін жоққа шығаратын онлайн желілер анықталды. Олар тәжірибе алмасу, заңға қайшы әрекеттерді қалыпты құбылыс ретінде көрсету, рецептпен берілетін дәрілер мен есірткілердің заңсыз саудасына жәрдемдесу, сондай-ақ қылмыстық әрекеттерді үйлестіру үшін шифрланған мессенджерлерді, форумдар мен жабық чаттарды пайдаланған», – делінген Еуропол мәлімдемесінде.

Еуроодақтың полиция қызметінің мәліметінше, бұл қылмыстар – «жекелеген оқиғалар емес, ұйымдасқан әрі өзара байланысқан әрекеттердің кең таралған үлгісінің бір бөлігі».

«Медуза» операциясы 2026 жылдың сәуір айынан бастап Германияның Федералдық қылмыстық полиция басқармасының (BKA) және Ұлыбританияның Ұлттық қылмыспен күрес агенттігінің жетекшілігімен, Еурополдың үйлестіруімен жүргізілді. Операцияға сондай-ақ Бразилия, Канада, Франция, Венгрия, Нидерланд, Испания және АҚШ-тың құқық қорғау органдары қатысты.

Көптеген жәбірленушілер өздерінің зорлық-зомбылыққа ұшырағанын білмейді

BKA мәлімдемесіне сәйкес, тергеу өздерінің жақын әлеуметтік ортасындағы адамдарға ұзақ уақыт бойы, кейде бірнеше жылға созылған сексуалдық зорлық-зомбылық жасаған тұлғаларға бағытталды. Ведомство есірткі заттарын, көбінесе алкогольмен бірге қолдану әйелдердің өміріне қауіп төндіруі мүмкін екенін атап өтті.

«Көптеген жәбірленушілер өздерінің сексуалдық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын түсінбейді. Себебі олар тыныштандыратын және ауырсынуды басатын дәрілердің әсерінде болғандықтан, болған оқиғаны есіне түсіре алмайды және зорлаудың физикалық салдарын сезінбейді», – деп хабарлады BKA.

Еурополдың мәліметінше, жәбірленушілердің басым көпшілігі – әйелдер. Тергеу барысында ер адамдардан құралған бірнеше онлайн желі анықталды. Олар әйелдерді, көбіне өздерінің жұбайлары мен қыздарын, есірткілік препараттардың көмегімен ұйықтатып, зорлаған, содан кейін түсірілген фото және бейнематериалдарды интернетке жариялаған.

Полиция ондаған адамды ұстады

«Медуза» операциясы аясында қазірдің өзінде 57 адам ұсталып, 158 жәбірленушінің қауіпсіздігі қамтамасыз етілді, деп хабарлады Еуропол. Операция басталғалы бері барлығы 113 қылмыстық тергеу жүргізілді. Сонымен қатар 156 күдікті мен жәбірленушінің жеке басы анықталып, қылмыскерлер өз әрекеттерін үйлестірген төрт жабық онлайн қауымдастық әшкереленді.

Тергеу Францияда үлкен резонанс тудырған Жизель Пелико ісінен кейін басталды. Оның бұрынғы күйеуі Доминик Пелико жұбайына бірнеше жыл бойы жасырын түрде есірткі беріп, ол ес-түссіз жатқан кезде басқа ер адамдарды оны зорлауға шақырғаны үшін кінәлі деп танылды. 2024 жылдың желтоқсанында ол ауырлататын мән-жайлардағы зорлау қылмысы үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ұқсас мақалалар

Жылдам сілтемелер
Іздеу