Мұғалімдерді аттестаттау жүйесінде көптен бері сынға ұшырап жүрген талаптардың бірі – авторлық бағдарлама жазу міндеті алынып тасталуы мүмкін. Оқу-ағарту саласындағы уәкілетті орган бұл талаптың күткен нәтижені бермегенін мойындады. Құжат айналымы артқанымен, білім сапасына айтарлықтай әсері болмаған, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттау тәртібін қайта қарауға кірісті. Осы мақсатта саладағы нормативтік-құқықтық актілерге кешенді талдау жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылған.
Жұмыс тобының құрамына еліміздің әр өңірінен белсенді әрі тәжірибелі мұғалімдер тартылған. Олар бұрын қабылданған бұйрықтардың заңнамаға сәйкестігін, бір-бірімен үйлесімділігін және ұстаздарға түсетін әкімшілік жүктемені жан-жақты сараптайды. Министрлік бұл процесті педагог қауымдастығымен ашық әрі бірлескен форматта өткізуді жоспарлап отыр.
Жұмыс тобы мүшелерімен өткен кездесуде Жұлдыз Сүлейменова аттестация талаптары қағаз толтыруға емес, мұғалім еңбегінің нақты нәтижесіне бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
"Педагогтерге қойылатын талаптар олардың кәсіби шеберлігі мен нақты жетістігін көрсетуі керек. Ресми құжат айналымын қысқартып, мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік беру маңызды. Осы бағытта сіздердің нақты ұсыныстарыңызды күтеміз", – деді ол.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылы сараптамаға ұсынылған 875 авторлық бағдарламаның небәрі 303-і ғана мақұлданған. Министрлік өкілдері бұл көрсеткіш аталған талаптың мұғалім уақытын алып, қағазбастылықты күшейткенін дәлелдейді деп отыр.