«Назарбаевтан басқа лайық адам жоқ» – Бұлбұлдар басқаша сайрай бастады

Президенттің өкілеттілігін 2030 жылға дейін бір-ақ ұзарту керек

Malim Админ

  • 06.10.2022

Бүгін бір емес, екі бірдей партия алдағы президент сайлауына  қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды. Amanat – мүшелігінен шығып кеткен, төрағалықтан бас тартқан президентті қояр да қоймай, өз аттарынан ұсынуға дайын екенін білдірді. Екінші партия – «Ақ жол», Назарбаев билікті өз еркімен өткізіп бергенде көзіне жас алған Азат Перуашев басқаратын бұл партия да билікшіл партиялар қатарында. Бірақ, басқа басқа, дәл «Ақ жолдан» осындай қадамды ешкім күткен жоқ. Ең болмаса, өзге саяси ұйымдар секілді «қуыршақ» кандидаттарын ұсынатын болар деп күткенбіз.


Бұл партиялардың бәрі биылғы Конституцияға енгізілетін референдумды жаппай қолдаған. Енді Тоқаевты сайлаусыз президент сайлайық десе де қос қолын көтеріп қолдайтынына күмән жоқ. Өйткені, бұл Қазақстанның 30 жылдық тарихындағы тәжірибеде бар.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы референдум 1995 жылы өткен. Бастамашы топ  Назарбаевтың президенттік өкілетін 2000 жылғы желтоқсанға дейін ұзарту  жөнінде бастама көтергені мәлім. Одан кейін тура осыған ұқсас референдум ұсынылғанмен, өтпей қалды. Бірақ, сол мәселені көтергендер қызметінде өсе бастады.

Нұрсұлтан Назарбаев пен Ерлан Сыдықов 

Президенттің өкілеттілігін ұзарту туралы ұсыныстар жарысының басында Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов тұр.  Ол 2010 жылы 23 желтоқсанда Өскеменде 320 адам қатысқан арнайы жиын өткізуге мұрындық болып, Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылға дейін ұзартуды ұсынды. Бұл ұсынысты Қазақстан халқы ассамблеясы, мәжіліс депутаттары қолдай кеткені жадымызда. Сыдықов  Өскемен қаласы әкімдігіне бастаманы қолдаушы ынталы топ құру жөнінде өтініш түсіріп, еліміздің әр аймағынан қақаған қысқа қарамай, билікке деген шексіз адал 850 адаммен бірге  референдум өткізу бойынша шұғыл отырысты да өткізгені есте. Бірақ Назарбаевтың өзі референдум өткізуге қол қоймай, президент сайлауы мерзімін 3 сәуірге жылжытқан болатын. 

Нұрсұлтан Назарбаев пен Олжас Сүлейменов 

Референдум «дәстүрін» жаңғыртқандардың  басында Олжас Сүлейменов те бар.  Ақын Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілетін сайлаусыз созуды жақтағандардың бірі. Экс-президент билігін 2020 жылға дейін референдум арқылы ұзарту жөніндегі бастамашыл топтың үндеуіне алғашқылардың бірі ретінде қол қойған да сол.  Ол әр кезде жағы сембей  Қазақстан халқын Назарбаевты қолдауға шақырып келді. «Тіпті, сайлау өткен күннің өзінде  оның қортындысы белгілі. Сондықтан да да сайлауға ақша ысырап ету жөн емес», - деп сәуегейлік танытқанын да ұмытқан жоқпыз.

Назарбаевты сайлаусыз билікте қалдыруды құптап, референдум жасауды қозғаған белсендінің бірі – Зағипа Бәлиева. Ол Сыдықовтан да асып түсіп,  президенттің өкілеттілігін 2030 жылға дейін бір-ақ ұзарту керек деп салған-ды. Экс-дедутаттың бұл «қайталанбас идеясын» бұлай ешкім көтере алмаған. Билікке кейін Тоқаев келген соң Бәлиева тым-тырыс қалды. Депутаттық креслодан кеткеннен кейін бе екен, оның себебі бізге беймәлім.

Назарбаев режимі ауысқан соң бұл бастамашылар Зағипа құсап үнсіз қалатын шығар деп ойлағанбыз. Алайда, біз қателескен екенбіз. Бұрынғы президентті қос қолдап қолдаған Сыдықов енді Тоқаевқа қарай ыңғайлана қалды.  Ол жақында «Құрылтай қағидаты» деген көлдей мақала жазып, Тоқаев тұсындағы референдумды «жаңарудың заңдық негізі» деп күнбағыстай құбылып шыға келді. 

Назарбаевтың айналасындағылар биліктен жылыстай бастағанда көпшілік Сыдықовты да ойша Еуразия университетінен «кетіріп» қойған-ды. Сыдықов жылы орнын сақтап қалғысы келді ме, «Дауыс беруге келушілер мен жаңаруды қолдаушылардың пайыздық есебіне қарап, көңіл тоғайып, елдік бірліктің әлеуеті артқанын түсінгендей болдық. Мұны сенім мен жауапкершіліктің биік үлгісі деуге толық негіз бар. Біз осы референдум мен таяуда Ұлытауда өткен Ұлттық құрыл­тай арасында бір-бірін толық­тыратын табиғи сабақтастық барын жақсы білеміз. Өйткені екеуі де – сенімнің жүгін арқалаған қоғамдық-саяси білік сынағы. Дауыс беру немесе таңдау – атқарушы билік жұмысына жал­пыхалықтық баға беру немесе жұртшылық өлшемі болса, жаңа форматта түрленіп жат­қан құрылтай – қоғамдық пікір айнасының алаңы», - деп жаңа Президенттің қасынан табыла кетті.  

Олжас Сүлейменов те Сыдықовтан қалысар емес. «Назарбаевтан басқа ел басқаруға лайықты адам көріп тұрғаным жоқ», - деп жүрген Сүлейменов әп-сәтте Тоқаев жағына шықты. «Мен мемлекеттің болашағына, саяси тұрақтылыққа және демократияға дауыс бердім. Геосаяси жағдай тығырыққа тіреліп тұрған кезде, саяси тұрақтылық  мемлекеттің болашағы үшін маңызды», деп сексендегі ақсақал сайрай жөнелгенде абдырап қалғанымыз рас. Өзі айтпақшы, «қазақ қоғамы бұл саяси науқанға үлкен дайындықпен келген» шығар...

Бір байқағанымыз, референдум көтергіштерді шын мәнінде «мұның дұрыс емес» деп тезге салатын билікті көрген жоқпыз. Жаңа Қазақстан құрылып жатыр деген уақытта да олар баяғы райынан қайта қоймады. Билік қалай өзгерсе, Сыдықов пен Сүлейменов солай өзгереді. Демек, Назарбаев режимінде қалыптасқан кезектен тыс сайлау, референдум секілді үрдістер қайта жаңғырып жатқаны осындай «жанкешті жарыстардың» нәтижесі.  Бұдан арылмай, билік алған бетінен жаңылмайтыны анық.      

 

Байланысты жаналықтар

Президент Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған концертті тамашалады

23.11.2024

Фельдшерлер мәселесін айтып, президентке видеоүндеу жасады

23.11.2024

Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

20.11.2024

Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

15.11.2024

Қазақстанның бірнеше мемлекеттегі елшілері ауысты

15.11.2024

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады

08.11.2024
MalimBlocks
Президент Шөмішбай Сариевтің шығармашылығына арналған концертті тамашалады

Концертте белгілі әншілер өнер көрсетті

Фельдшерлер мәселесін айтып, президентке видеоүндеу жасады

Олар №225 бұйрықтағы өзгерістерді алып тастауды сұрайды

Депутаттар орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы заң жобасын талқылап жатыр

2022 жылдың қазан айында Тоқаев ТМД қамқорлығымен орыс тілін қолдау және ілгерілету ұйымын құруды ұсынған

Қазақстанда жылқы шаруашылығы институты құрылады

Тоқаев Қостанай жылқысы жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұрғанын айтты

Қазақстанның бірнеше мемлекеттегі елшілері ауысты

Словакия, Мексика, Родос және Мальта елдеріндегі жауапты тұлғалар арасында ауыс-түйіс болды

Мемлекет басшысы Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакаваны қабылдады

Банк 1994-2024 жылдар аралығында Қазақстанда жалпы сомасы 7 млрд долларға жуық жобаларды қаржыландырды