Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген туралы Испаниядағы жанкүйерлері арнайы деректі фильм дайындап шықты. Бұл жоба өнерпаздың шығармашылығы мен оның әлемдік деңгейдегі аудиториясының ерекшелігін көрсетуге бағытталған, деп хабарлайды Malim.kz dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Фильм испаниялық фан-клуб пен Gran Voz Kazaja қауымдастығының бірлесуімен түсірілген.
Жобаның жұмыстары 2024 жылдың қазан айында басталып, екі жылға жуық уақытқа созылған. Туындының тұсаукесері 2026 жылғы 30 мамырда Мадрид қаласындағы Орталеса ауданында орналасқан Palacio de Hielo кинотеатрында өтпек.
Деректі фильмге 20 сағаттан астам бейнематериал енген. Оның қатарында архивтік кадрлар, фотосуреттер және түрлі сұхбаттар бар. Әсіресе, бес жанкүйердің жеке оқиғаларына ерекше көңіл бөлінген — олар өз әсерлерін бөлісіп, әншімен рухани байланысын сипаттайды.
Авторлар туынды арқылы Димаштың тек өнерін ғана емес, оның тыңдармандарымен орнатқан терең байланысын да ашып көрсетуді мақсат еткен.
Жоба авторларының айтуынша, фильмнің негізгі миссиясы — әншінің шығармашылығын кеңінен насихаттап, оны Қазақстаннан тыс жерде де таныта түсу. Ал деректі фильмнің режиссері, түсірілім және монтаж жұмыстарына жауапты испаниялық маман Давид Кольянтес Родригес болған.
Бұған дейін Димаш Қытайда жаңа музыкалық шоу бастаған еді.