Жас қаламгерлер «ақылды кейіпкер» феноменінен арылуы керек
Шығарманың авторы – Әлихан Жақсылық. «Алты құрлық» деген әңгімесін оқыдым. Әлбетте, уақыт пен кеңістіктен тыс шығарма болмақ емес. Ендеше «Алты құрлықтағы» хронотопқа тоқталайық. Мұндағы көркемдік кеңістік – аты жоқ түбек. Автор түбек табиғатын, күннің шығуы мен батуын сипаттап жатпайды. Төрт тарабында не бар екенін айтып өтеді. Үстірт баяндалғандықтан кеңістіктегі колорит түсініксіз. Әңгімеде авторлық баяндауға қарағанда кейіпкерлер диалогынан кеңістік туралы ақпарат беріліп отырады. «Түбекте дүкен атымен жоқ, бізден басқа адамдар да жоқ. Апта сайын келетін тік ұшақтан керек-жарағыңды айтып жіберсең, бірнеше күнде әкеліп береді. Негізі тапқан еңбек ақың ішіп-жемнен артылмайды, кейде ішіп-жемге де жетпей қалады».Түбекте өмір сүріп жатқан кейіпкерлер лашығының шатыры жапырақпен жабылған. Жапырақтың жасыл болатынын ескерек отырып, пейзаж жасауға арналған бір детальды тапқан болдық. Дегенмен автор кеңістіктің пейзажын бір сөйлеммен болса да, жазып өтуі тиіс еді. Кеңістік жасау тәсілі дегеннен шығады. Автордың мына бір сөйлемі оқырманды екіұдай күйге қалдырады. «Түбекті теңіз емес жай ғана өзен қоршап жатыр. Арал деуге де болар еді, – деп Уильям ауыз жаппай сөйлей берді». Мұндай күмәнді кеңістік шығарманы қабылдауға кедергі. Себебі адамның оқиғаны қабылдауы уақыт пен кеңістік арқылы қалыптасады. Иә, Әлихан оқырманды көркем шындыққа сендірудің жолдарын қарастырған. Бірақ онысы орынсыз, артықтау боп кеткен. Аңғарсаңыз, кейіпкерлердің ағылшынша сөйлесетіні төрт жерде айтылған. Алты құрлықтың адамдары бір түбекке жиналып алып, ағылшынша сөйлесті дегенді бір ғана шығармада төрт рет айтудың қаншалықты қажеті бар?
- « Арқанды ұста, мықтап ұста Уильям, тағы біреуі келді, – деген сөздерді естіп жатырмын. Мені белімнен байлап тікұшақтан арқан арқылы жерге түсіріп жатқан секілді. Көз алдым бұлдырап айналаны анық көрер емеспін. Арқанды әлдебіреулер шешіп жатыр. Бір-біріне таныс тілде сөйлейді. Ағылшынша ма?».
- «Қалғанымен кейін танысарсың. Бұл түбектегі ортақ тіліміз – ағылшын тілі».
- «Жас жігіт, бұл жердің өз заңы бар. Фернанда айтқан болар, ағылшынша сөйлесеміз».
- «Ағылшынша сөйлеп жатыр ма, сандырақтап жатыр ма?»
Бұндай басы артық сөйлемдер шығарманың концептуалдық деңгейіне әсер ететінін автор ескеруі тиіс. Концептуалдық деңгей демекші, Әлихан оқиғаны бір желінің бойымен дамытуды жақсы меңгергені байқалады. Тақырып, көтерген проблематика, идея көркем тұтастық ережесімен дамып отырады. Тұтастықты айтқанда композициядан аттап өте алмайтынымыз тағы бар. Оқиғадағы тартыс тым үстірт баяндалған. Ал Әлихан Жақсылық конфликтің ең қуатты элемент екенін ұмытпаса деген ұсынысым бар. Қарапайым өмірді зерттеңізші. Бір бұрышта сіздің Гавриліңіз бен кейіпкер Фернандаңыз шылым шегіп тұр делік. Тағы бір бұрышта Вальтер мен Уильям көлікке мінуге әрекет етіп жатыр. Жолда кетіп бара жатқан жолаушы ретінде екі тарапта болып жатқан осы екі оқиғаға сіз мойын бұрып қарайсыз ба? Жоқ! Себебі оларда тартыс жоқ. Кәдімгі өмірде қайталана беретін әрекетті жасап тұрған адамға кім мән берер дейсің? Ал бұрышта тұрған кейіпкер төбелесе кетсе не болар еді? Жұрттың барлығы екі кейіпкер арасында туындаған тартысқа зер салар еді. Бұл қарапайым ғана әдіс. Бірақ бұл әдіс ескерілмесе, сюжет солғын болып қалады.
Әлихан Жақсылыққа пьеса жазып көру керек. Себебі ол негізгі жүкті кейіпкерлер диалогына артып қояды екен. Ал проза кейіпкерлерді сөйлетіп, жазушыны жайына қалдырып қоятын жанр емес. Дегенмен, оқиғаны кейіпкер диалогымен жеткізуді кемшілік деп отырғаным жоқ. Бұл қайта артықшылық. Осы ерекшелікпен басқа жанрды да көрсе деген ұсыныс.
Кейіпкер ғана емес, образ жасауға бет бұрсаңыз. Мысалы осы шығармада алты кейіпкер бар. Бірақ бір де бір образ жоқ. Оқырманның есінде образ қалады. Әлихан Жақсылық қана емес, жазып жүрген жас қаламгерлер «ақылды кейіпкер» феноменінен арылса деп ойлаймын. Шығармадағы диалогқа мән беріңізші. Бәрі ғұлама. Әрқайсысы өз ақылдылығын дәлелдеп бәйек. Жарайды, ақылды екен. Құдай-ау, енді біреуі тосыннан екіншісіне келіспей, әлгі айтқан тартыс осы жерде пайда болатын шығар деп күтіп отырасың ғой. Жоқ, бес кейіпкер бірін-бірі үндемей тыңдап отырады. Саид деген дінге берік кейіпкердің тәубешілігіне ғана қарсылық білдіретін тұсы бар. Оның өзі ары қарай шиеленісіп кетпейді.
Әңгімеде ой мен сөз қайталау көп. Айталық кейіпкер «тамақтан соң балықтың сүйегімен тісін шұқып отырады» да, осы сөйлемнің соңында «...деді тісінің арасын шаян етінен тазалап» деп беріледі.
«Негізі тапқан еңбек ақың ішіп-жемнен артылмайды, кейде ішіп-жеміне де жетпей қалады». Тавтологиялық қате кеткен. «Кейде оған да жетпей қалады», деп құбылтып көрсек, қалай болар еді? Мұндай қателер қалыптасу жолында түзеліп кетеді.
Әңгіменің ортасында кеңістікке бір жәшік жылан кеп қосылады. Арнайы алгоритммен қозғалатын жасанды жылан туралы идеяңыз ерекше екен. Бірақ ол жыландар шығармада ешқандай әрекет жасаған жоқ. Оқиғаның өрбуіне, шиеленісуіне ықпалы жоқ детальды не үшін қосқаныңызды ұға алмадым. Деталь өздігінен қосылмайды. Мылтықты деталь ретінде алсаңыз, ол атылуы тиіс. Мүмкін Фернанданың кейіпкерлер арасында жүрген жансыз екенін осы деталь арқылы байқатқыңыз келген шығар.
Айнұр Төлеу, ақын, әдебиеттанушы
Оқи отырыңыз: Әлихан Жақсылықтың «Алты құрлық» әңгімесі