Жастар қалыптасқан көркемдік эстетикадан жалыққан

Malim Админ

  • 26.04.2020

Оқи отырыңыз: Әлихан Жақсылықтың «Алты құрлық» әңгімесі

Біздің қазіргі жастар прозасында тоқырау орын алғанға ұқсайды. 1920-40 жылдары романтизм әдебиеттің есігін қағар кезде деректі әңгімелер (таза көркем әдебиет емес) көбейіп кеткен болатын. Артынша алпыс жылға жуық әдебиеттің алтын тағына мықтап отырған романтизм бүтін бір буынды өзінің бесігіне бөлеген. Бұлар өз алдына мектеп қалыптастырып үлгерді. Одан кейінгілері осы көркемдік тәсілді ұтымды пайдалана отырып, адам жанының психологиялық, философиялық қойнауына үңіле бастады. Қоғам шындығы да көріне бастады. Тоқсан мен екімыңыншы жылғылар өздері бәлендей әдебиетке жасампаздық әкелмегенімен осы дәстүрді үзбей сақтап, қырлап отырды. Арасында жаңашылдыққа ұмтылғандары да жетерлік. Ендігі өнердің алар бағыты қай бағыт?

Қазіргі тоқырау кезеңінің прозасында дәстүр жалғастығы аз ба деймін. Олай дейтініміз жастар қалыптасып қалған көркемдік эстетикадан жалыққан. Жалыққаны сол көркемдік құралдарды беру тәсілдерді әдейі пайдаланбайтындай көрінеді. Әсіресе екі мың оныншы жылдардан кейінгі прозада жаңа ізденістер басталды. Себебі неде? Себеп автор сөз мәтінінің ең бірінші талабы оқырманды әсерлендіру (эстетикалық күйге бөлеу) деп түсінбейтінінде болып отыр. Автор да мәтіннен құндылық іздемейді. Керісінше кейіпкер мен автор өзі жоғалтқан құндылығын іздестіруге көшкен. Дұрысы іздестіру үстінде. Мәтіннің планы қалай сызылады, стиль ерекшелігі қалай болмақ? Ол үшін маңызды емес. Маңыздысы әлгі іздестіріп жүрген қымбат асылы табылса болды. Ол табылмайынша мәтін мен авторды түрмеге тықсаңыз да, атсаңыз да әдебиеттегі технобраз, түрлі тәсілдер, түсініксіз берілген құрылымды тоқтата алмайсыз. Ендігі оқырман өз өресінің биіктеуіне жұмыс істейтіндей көрінеді. Бір сәттік сезімнің, әсерленудің құл-құтаны болмауға әлдеқашан бел буып, бекіп алғандай. Алайда идеямен жалаң текетіресуге бола ма? Айтпақ ойың, іздеген дүниең қанша құнды болса оған талғамсыз, таңдаусыз ұмтылу автор мен көркем әдебиеттің өресін қаншалықты биіктетпек? Мұндай ойлар біз секілді оқырманға жайдан-жай келмеген болар. Бүгінгі жастар прозасын оқығанда олардың ендігі бағыты қалай болмақ деген ой көзіқарақты оқырманды ойландырары анық. Жақында Әлихан Жақсылықтың «Алты құрлық» әңгімесін оқып шықтым. Идея салмағы меніңше әңгіменің еркін көсілуіне мүмкіндік бермегендей. Автор айтар ойды дұрыс таңдаған. Өз қоғамынан теперіш көріп, барсакелмес аралға айдалған әр елдің ғалым-қайраткерлері аралда жолығысады. Оларды тікұшақпен бір-бірлеп аралға әкеп отырады. Әркімнің өз еркіндігімен айналысуына билік жол бермейді. Автор сонда адамның азаттығы мен еркіндігі қайда деген сауалды оқырманға төтесінен қояды? Оны кейіпкерлердің аралдағы тағдырын суретеу арқылы көрсетеді. Бұл кейіпкерлердің бірі астроном, екіншісі дін адамы. Барлығы да шындықтың бетіне тіке қарап, өзінің адамзат алдындағы жауапкершілігін шын түсінген жандар. Сол үшін оларды халықтың алдында өлдіге санап, әлдебір аралға жұмысқа жегеді? Біздің қоғамда бар тақырып па? Әрине, мұндай шеттету, қудалау қай заманда да орын алған. Алайда кейіпкерлердің не себепті бұл аралға түскені атүсті баяндалады. Оқырман кейіпкердің басындағы қаһармандық қасиетін, жан арпалысын, ғылым жолындағы күресіменбетпе-бет келіп, кейіпкерлермен бірге қайғырмаған соң оның таудай тұлғасына, биік адам болғанына сенбеуі заңдылық емес пе? Мұндағы кейіпкерлер Эмиль Золяның «Наурызындағы» Этьендей, Т.Ахтановтың «Боран» романындағы Қоспандай күрескерлік қақтығысқа түспейді. Бұлардың күресінің бел ортасында оқырман жүрмеген соң әлгі таудай кеиіпкерлер аласарып қала береді. Мейлі ол (автор) қанша жерден өз кейіпкерінің аузына әлемді толғандыратын қорғасындай сөз салсын іс-әрекет жоқ жерде кейіпкер образы тұмшалана бермек. Әңгіменің олқылығы да сол, жазушы өз кейіпкерін оқырман сендіретіндей өмір иіріміне түсіре алмаған. Әйтпесе Гавриль де, Сайд та, Уильям, да кесек тұлғалар. Олардың арманын, қиялын: «Жер бетіндегі жамандықтан зардап шеккен адамдарды өзіммен бірге басқа ғаламға алып кетемін деп ойладым. Жалған ақпараттан, жалған ғұмыр кешуден шаршаған xалықты әлдебір әлемге апарып, ойы еркін пікірі азат жаңа қоғам құрғым келді. Азат қоғамды жер бетінде құру тіпті мүмкін емес. Әлемде әр түрлі ұлт, өзгеше дәстүр, жүздеген қоғам мен ұстанымдар бар. Менің қиялымдағы қоғамды қалыптастыру үшін жерден басқа мекеннің қажеттілігін түсіндім. Соңғы мақалам осы негізде құрылған болатын» деген Гаврильдің мына сөзінен білуге болады. Әңгімедегі сәл ашылған образдың бірі де осы Гавриль. Иесіз аралда жалғыз қалған оның жан арпалысын, өмірден баз кешкен, ендігі өмірде адам баласына сенбейтін бейкүнә бейнесі оқырман сезімін қылқобыздай тебіренткендей болады. Алайда бұл кейіпкер де қозғалыссыз.Автор әлемге ой айта алатын екі-үш кейіпкердің болмысына үңілгені қуантарлық жағдай. Тіпті өз дәрежесінен биік әулиелердің дүниетанымына қызығуы батылдық, қармақты тереңге салуы үлкен шығармаға алғашқы дайындық қадамдары деп түсіндік. Өз кейіпкерінің жан азабын Әлихан аша алмайды деген ой тумауы керек? Меніңше автор тамыры тереңде жатқан ойлы жандардың іс әрекетін тұтас қармауға тырысқан. Жазушының қателігі де осы. Егер үлкен ойлы дүниеге баруға шама жетсе кейіпкерлер арасында диалогты та сарқып беру керек. Бұл кішігірім сын пікірімізді Әлихандай жалынды жазушы дұрыс қабылдайды ғой деп ойлаймын. Әр сөздің салмағына автор жауапкершілікпен қарағаны абзал болар еді. Өнер өмірдің сүзгісі емес пе.

                                                                                         Марат Әзімхан, сыншы

Оқи отырыңыз: Айнұр Төлеудің сыны – «Жас қаламгерлер «ақылды кейіпкер» феноменінен арылуы керек».

Байланысты жаналықтар

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

15.11.2024

Жазушы Дархан Бейсенбекұлы әңгімелері

07.11.2024

Жаңа роман жарық көрді 

30.10.2024

Том-том жарысты кім тияр?

21.10.2024

Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

09.10.2024

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

11.09.2024
MalimBlocks
Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

Кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады

Жазушы Дархан Бейсенбекұлы әңгімелері

Дархан Бейсенбекұлы 1984 жылдың 7-қарашасында Алматы облысы, Жаркент өңіріндегі Нағарашы ауылында дүниеге келген. Қазақтың Қаныш Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетінің «Машина жасаудың технологиясы» мамандығын үздік дипломға бітірген. Әңгімелері республикалық мерзімді баспасөз бетінде үздіксіз жарияланып келеді. «Тағдыр тақтасы», «Әулиеағаш жапырағындағы жас» кітаптарының авторы, «Жас толқын 1», «Кәусәр бұлақ», «Қарақат тере барғанда», «Жанартау» жинақтарына әңгімелері енген. Әңгімелері орыс тіліне аударылған. 2008 жылғы Халықаралық «Дарабоз» бәйгесінің екінші жүлдегері, 2009 жылғы «Жыл патриоты» конкурсының «Әдебиет» номинациясы бойынша лауреаты, 2009 жылғы Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты. «Қазақ елі», «Қазақстан мұғалімі» газеттерінде тілші болған. «Ана тілі» газеті Бас редактордың орынбасары қызметін атқарған.

Жаңа роман жарық көрді 

Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

Бауыржан Жақып «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып тағайындалды

«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

Империялардың саяси ұрандары ілініп, тәртіп пен заң жайындағы қауесеттер алдымен көпірге естіледі