Қазақстандық адвокат Айгүл Сайлыбаеваны Германия аумағында аса қатыгездікпен өлтірді деген күдікпен оның жұбайы Александр Донцов пен енесі Наталья Донцова ұсталды. Бұл ақпаратты марқұмның ағасы Қанат Сайлыбаев растады, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.
Күдіктілер Ресейдің Мәскеу қаласында қолға түсіп, құқық қорғау органдарына жеткізілген. Қанат Сайлыбаевтың айтуынша, қазіргі таңда оларды Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатыр. Дегенмен дипломатиялық рәсімдердің күрделілігі мен бірнеше азаматтықтың болуы процесті созуы ықтимал.
«Қазір экстрадициялау мәселесі талқыланып жатыр. Дипломатиялық кедергілер мен азаматтыққа байланысты барлық рәсім біраз уақыт алуы мүмкін», – деп жазды ол.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстары жалғасуда.
Еске салсақ, Айгүл Сайлыбаева соңғы бес жыл бойы күйеуі мен баласымен бірге Германияда тұрған. Ол 3 маусым күні байланысқа шықпай қалған. Туыстары алаңдап, оның тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны болуы мүмкін екенін айтып, Франкфурт-на-Майн қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығына жүгінген.
Кейінірек жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары бұрынғы судьяның мәйіті табылғанын хабарлады. Марқұмның денесі Бенсхайм қаласы маңындағы карьерден қапқа салынған күйде анықталған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның қолы, мойны және бетінде пышақ жарақаттары болған. Осы оқиғадан кейін Айгүл Сайлыбаеваның 49 жастағы енесі Наталья Донцованың да хабарсыз кеткені белгілі болды.