Алматыда «Жұмысшы мамандықтар жылының» қорытындысын шығаруға арналған «ALMATY PROF SKILLS: нәтижелері және даму перспективалары» қалалық форумы өтті. Іс-шарада Мемлекет басшысының техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғырту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру барысы сараланып, жыл ішінде қол жеткізілген нәтижелер мен үздік тәжірибелер таныстырылды.
Форум Алатау ауданындағы Оқушылардың инновациялық шығармашылық орталығында ұйымдастырылды. Мұнда қалалық колледж студенттері арнайы көрме өткізіп, серіктес кәсіпорындар мен тәлімгерлермен бірлескен жобаларының нәтижесін ұсынды. Экспозицияда өндірістік тәжірибе, дуалды оқыту және нақты секторға қажетті дағдыларға негізделген жұмыстар көрсетілді.
Салтанатты бөлімде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытуға үлес қосқан оқытушылар мен сала мамандары марапатталды. Сондай-ақ республикалық WorldSkills чемпионатында командалық есепте бірінші орын алған Алматы колледждерінің студенттеріне қаржылай сыйлықтар табысталды.
Алматы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қала экономикасының күрделене түсуіне байланысты еңбек нарығына сай білікті кадр даярлау маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, «Жұмысшы мамандықтар жылы» бір жылдық науқанмен шектелмей, кәсіби білім беру сапасын жүйелі түрде арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді жұмыстардың жалғасы болады.

Қазіргі таңда Алматыда экономиканың негізгі салаларына маман дайындайтын 88 колледж жұмыс істейді: оның 22-сі мемлекеттік, 66-сы жекеменшік. Оқу орындарында 5 626 педагог еңбек етеді, студенттер саны 86 818-ге жеткен. Студенттердің 50 428-і мемлекеттік грант есебінен білім алады.
Мегаполистегі колледждерде даярлық 131 мамандық және 220 біліктілік бойынша жүргізіледі. Бұл бағыттар құрылыс, көлік, энергетика, қызмет көрсету, білім беру, денсаулық сақтау, экономика, байланыс және IT салаларының сұранысына сай қалыптастырылған. 2025 жылғы түлектердің 94,3%-ы жұмысқа орналасқан.

Болашақ мамандардың тәжірибелік дағдыларын күшейту үшін 770 кәсіпорынмен ынтымақтастық туралы келісім жасалған. Дуалды оқыту жүйесіне қосылған 52 колледжде 22 067 студент оқиды: олар теориямен қатар серіктес кәсіпорындарда тәжірибе жинақтайды.
Халықаралық тәжірибе алмасу бағыты да кеңейіп келеді. 2025 жылы 132 оқытушы АҚШ, Қытай және Сингапурда тағылымдамадан өткен. Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық серіктестік Алматыдағы кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртудың маңызды тетіктерінің бірі болып қала береді.