Кремль Украина президенті Владимир Зеленский ұсынған 20 тармақтан тұратын бейбітшілік жоспарының жаңартылған жобасын қабылдамады және оны қайта қарауды талап етпек, деп хабарлайды Malim.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Агенттік сұхбаттасының айтуынша, Мәскеу бұл құжатты алдағы келіссөздер үшін «бастапқы нүкте» ретінде қарастырады. Алайда жоба Ресей үшін маңызды саналатын бірқатар ережелерді қамтымайды әрі көптеген түйткілді сұрақтарға жауап бермейді. Атап айтқанда, Кремль Украина қарулы күштеріне қойылатын шектеулерді күшейтуді талап етпек.
Ресейдің талаптары
Дереккөздің мәлімдеуінше, Ресей НАТО-ның шығысқа қарай одан әрі кеңеюіне жол бермеу кепілдіктерін, сондай-ақ Украинаның Еуроодаққа кірген жағдайда бейтарап мәртебесін бекітуді талап етеді. Ұсынылған жобада, оның айтуынша, Киевтің тек ядролық қарусыз мәртебесі ғана көрсетілген.
Сонымен қатар Мәскеу соғыстан кейінгі кезеңде Украина Қарулы күштерінің санына қатысты ұсынылған шектеулерге де наразы. Жобаға сәйкес, бейбіт уақытта әскер саны 800 мың адаммен шектелуі тиіс, алайда Кремль мұны тым жұмсақ талап деп санайды.
Бұдан бөлек, Ресей Украинадағы орыс тілінің мәртебесіне нақты кепілдіктер беруді, сондай-ақ санкциялардың алынуы мен Батыста бұғатталған ресейлік активтердің тағдырын айқындауды талап етіп отыр.
Кремль ұстанымы және АҚШ-пен байланыс
Құжатқа айтылған сынға қарамастан, Ресей билігі оны толықтай жоққа шығаруға ниетті емес. Bloomberg жазуынша, Мәскеу АҚШ президенті Дональд Трамппен қарым-қатынасты ушықтырғысы келмейді және ұсыныстарды «салқынқандылықпен» зерделеуге дайын екенін білдіріп отыр.
Сәрсенбі күні Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей президенті Владимир Путиннің Майамиде өткен ресейлік және америкалық делегациялар кездесуінен кейін АҚШ-пен бейбітшілік жоспары бойынша жүргізілген келіссөздердің егжей-тегжейінен хабардар екенін айтты.
«Ресей тарапының ұстанымының негізгі параметрлері АҚШ-тағы әріптестерімізге жақсы белгілі. Қазір басты міндет – одан арғы ұстанымды қалыптастырып, жақын арада байланыстарды жалғастыру», – деді Песков.