Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасында қарулы қақтығыс болды, деп хабарлайды Malim.kz.
Тәжік шекарашылары мен Ауғанстаннан ел аумағына заңсыз кірген үш «террорист» арасында атыс орын алғанын Тәжікстанның мемлекеттік «Ховар» ақпарат агенттігі шекара әскерлері баспасөз қызметінің мәлімдемесіне сілтеме жасап хабарлады. Ал «Азаттық радиосының» жергілікті қызметінің дерегінше, атыс ауған контрабандистерімен болған.
Тәжік билігінің мәліметінше, қарулы топ 23 желтоқсанда жергілікті уақытпен 23:30-да ел аумағына кірген, ал оларды келесі күні сағат 11:15-те анықтаған.
«Террористер тәжік шекарашыларының берілу туралы талабына бағынбай, қарулы қарсылық көрсетті. Олар шекара бекеттерінің біріне шабуыл жасауды көздеген», – деп хабарлады шекара әскерлерінің баспасөз қызметі.
Атыс кезінде үш ауған содырының барлығы және екі тәжік шекарашысы қаза тапты. Қаза болғандардың жанынан үш М-16 мылтығы, Калашников автоматы, үш дыбыс бәсеңдеткіші бар тапанша, 10 қол гранатасы, түнгі көру құрылғысы, жарылғыш заттар және өзге де оқ-дәрілер табылған.
Шекарашылардың мәліметінше, қазіргі уақытта ауған–тәжік шекарасындағы жағдай тыныш.