Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің авиациялық оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссиясы «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясының Embraer 190 4K-AZ65 әуе кемесімен болған оқиғаның жылдығына орай аралық хабарлама дайындады, деп хабарлайды Malim.kz.
Аралық есеп 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау қаласы маңында тіркелген авиациялық оқиғаға қатысты әзірленген. Құжат Азаматтық авиацияның халықаралық ұйымы (ИКАО) туралы конвенцияның 13-қосымшасының талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы қағидаларына сәйкес дайындалған. Аралық хабарлама ҚР Көлік министрлігінің ресми сайтында жарияланған.
Комиссияның мәліметінше, ИКАО талаптарына сай авиациялық оқиғаны тергеп-тексерудің басты мақсаты – болашақта осындай жағдайлардың алдын алу. Тергеу қандай да бір тұлғаның кінәсін немесе жауапкершілік дәрежесін анықтауға бағытталмайды.
Сонымен қатар, авиациялық тергеумен қатар Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары тарапынан қылмыстық тергеу де жүргізіліп жатқаны атап өтілді. ИКАО-ның 13-қосымшасына сәйкес, авиациялық қауіпсіздікке қатысты тергеу сот немесе әкімшілік іс жүргізуден бөлек жүзеге асырылады.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, тергеп-тексеруге қатысушылар жинақталған ақпаратты тек ұшу қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар үшін пайдалана алады. Тергеу аяқталғанға дейін оның барысына қатысты мәліметтер жария етілмейді.
Авиациялық оқиғаны тергеп-тексерудің түпкілікті мерзімі тағайындалған барлық зерттеулер мен жұмыстардың аяқталуына байланысты болады. Оқиғаның себептері мен ықпал еткен факторлар, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігіне қатысты ұсынымдар түпкілікті есепте көрсетіледі.