Қазақстандық әнші Әли Оқапов әлеуметтік желідегі парақшасында анасы, Халық әртісі Роза Рымбаеваға жаңа көлік берілгенін айтып, қуанышын бөлісті, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі Instagram-дағы жазбасында көліктің ресми түрде өздеріне өткенін жеткізіп, бұл сәтке ерекше қуанғанын жасырмады.
"Болды, көлік ресми түрде біздікі. Өзім алғандай қуанып жүрмін. Мүмкін, көлік өзіме де қатты ұнағандықтан шығар. Бірақ сонда да дәл мұндай эмоция болмас еді", – деп жазды Әли Оқапов.
Әншінің айтуынша, анасы көлікті тек қозғалыс құралы деп қабылдайды. Дегенмен Әли мен ағасы Мәди Рымбаев Роза Рымбаеваның жайлы, қауіпсіз әрі өзіне лайық көлікпен жүргенін көптен қалаған.
"Анам үнемі "көлік деген тек жүру құралы" деп айтады. Бірақ біз Мәди екеуміз оның лайықты, жайлы әрі қауіпсіз көлікпен жүргенін қалайтынбыз", – деді ол.
Сондай-ақ Әли Оқапов анасының жаңа көлікпен отбасылық сапарға шығуды жоспарлап отырғанын да айтты. Оның сөзінше, Роза Рымбаева қазірдің өзінде Алакөлге бәрі бірге баруды айтып жүр.
"Анам: "Алакөлге бәріміз бірге мініп барамыз!" деп айтып жүр. Айтқаның келсін, анашым", – деп жазды әнші.
Желі қолданушылары Әли Оқаповтың жазбасына жылы пікір білдіріп, Роза Рымбаеваға жаңа көліктің құтты болуын тіледі.
Еске сала кетейік, Әли Оқапов "Taboo" бағдарламасына берген сұхбатында жеке өміріндегі ауыр кезеңдердің бірін еске алған еді. Сондай-ақ танымал әнші Ақерке Бүркітбай енесі, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева туралы жылы лебізін білдіріп, көпшіліктің ықыласына бөленген.
Роза Рымбаева – қазақ өнерінің қайталанбас дауысы
Роза Рымбаева – қазақ эстрадасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан, ерекше дауысымен ел жадында қалған көрнекті әнші. Ол 1957 жылы Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келген. Өнер жолын 1975 жылы бастап, алғашқы кезеңде "Гүлдер" ансамблінде, кейін "Арай" ансамблінің құрамында ән шырқады.
Әншінің шығармашылық өміріндегі маңызды белестердің бірі – 1977 жылы Болгарияда өткен "Алтын Орфей" халықаралық байқауындағы жеңісі. Осы өнер додасында Гран-при иеленген Роза Рымбаева қазақ әнін әлемдік сахнаға шығарып, өз есімін халықаралық деңгейде танытты.
Оның орындауындағы "Әлия", "Атамекен", "Айгөлек", "Куә бол", "Гүлдене бер, туған жер" секілді әндер тыңдарманның жүрегінен берік орын алды. Бұл шығармалар бүгінде қазақ эстрадасының алтын қорына енген туындылардың қатарында аталады.
Роза Рымбаева өнерге сіңірген көпжылдық еңбегі үшін бірқатар жоғары марапатқа ие болған. Ол "Парасат", "Құрмет", "Халықтар достығы" ордендерімен және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған.
Халық әншіні "Қазақ примадоннасы", "Қазақстанның алтын дауысы", "Орта Азия бұлбұлы" деп ерекше құрметтейді. Роза Рымбаева бүгінде де қазақ сахнасының символына айналған, ұлттық өнердегі орны бөлек тұлғалардың бірі болып қала береді.