Браконьерлерге бұғау бар ма?

  • 06.02.2020
  • Malim Админ

Браконьерлікке қарсы заң да, күрес те жылдан жылға күшейіп жатқанымен заңсыз аң ататындарға бұғау болмай тұр. Былтыр Қарағанды облысының Нұра ауданында «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиев сирек кездесетін және құрып кету қаупi төнген жабайы аңдар мен ақбөкендерді қорғау бойынша іс-шараларды жүргізу барысында браконьерлердің қолынан ауыр жарақат алып, бір тәуліктен астам Астана қаласындағы №1 аурухананың қарқынды терапия бөлімінде ес-түссіз жатып, көз жұмған. Бұл оқиға қоғамда үлкен шу тудырып, марқұмның өлімі браконьерлерге қарсылықтың бір көзсіз ерлігіндей бағаланған. Содан кейін мемлекет инспекторлардың қауіпсіздігін де қадағалайтын болған. Әйтпесе аң атамын деп, соның «қызығына» кірген қаныпезерлер адамды да атудан тайсалмайтындарын байқатқан. «2020 жылы «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК жанынан жеке қауіпсіздік бөлімі және «Сапсан» жедел тобы құрылды, оның міндеттеріне Қазақстан Республикасы ЭГТРМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК қызметкерлерінің қызметіне ішкі бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ басқа лауазымды тұлғалар тарапынан құқық бұзушылықтарды анықтау кіреді», - деді орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.

Адам қашанда – ұмытшақ, қоғам қашанда – ессіз. Батыс Қазақстан облысында инспекторлар өлген жануарлардың өлексесін тапты. Бұл жайында Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақбөкендер бір апта бұрын браконьерлердің дүмбісіне ілігіп, аяусыз қырылған. Бұл Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы аумағында болған. Қылмыстық іспен Жаңақала аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы айналысып жатыр.

Ал қаңтардың 24-і және 30-ы күндері осы облыста 71 ақбөкеннің өлексесі табылған. Браконьерлік топ 12 адамнан құрылған.Мұздай қаруланған заңсыз аң атушылар обал-сауапқа қарамаған. Атуға болмайтын, мемлекетіміздің қымбат мүлкіндей болған ақбөкендердің көзін жәудіретіп, атып кете беретін браконьерлердің қолына бұғау, аяғына тұсау салынатын кез қашан жетеді.

Солтүстік Қазақстан облысынның полиция департаментінің хабарлауынша, жыл басынан бері осы облыста заңсыз аң аулаудың 5 дерегін анықталған. Еліміздің әр аймағының орман алаптарында қазір рейдтер ұйымдастырылып жатыр. Өткен айдың аяғында ғана инспекторлар Алматы облысы Кеген ауданында еліктің етін мүшелеп, алып кетіп бара жатқан азаматтарды ұстаған.

Солтүстік Қазақстан облысының инспекторлары «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыстың орман алабына рейд жүргізген. 4 ақпан күні облыстық және аудандық табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкерлері мен «Соколов» аңшылық шаруашылығының аға қорықшысы шаруашылық аумағын тексеріп жүріп, бір іздің соңына түседі. «Инспекторлар Желяково ауылы маңында қорықшы байқаған іздің бойымен жүріп отырып, қарда жүргіш техниканы тізгіндеген облыстың екі тұрғынын байқайды. Сондай-ақ, жақын маңда аң аулау жабдықтарын және олжаланған екі сібір елігін анықтайды. Аңшылар ағашта асулы тұрған бір елікті союды бастаған екен", - деп жазылған облыстық полиция департементінің хабарламасында.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Заңсыз аң аулау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды. Қылмыс орнынан екі еліктің еті, есепке қойылмаған Yamaha қарда жүретін көлігі, тіркемесімен және тіркелмеген 12 калибрлі тегіс ұңғылы «ИЖ» мылтығы, аңшы пышағы, сондай-ақ оқ-дәрілер табылған. Күдікті ретінде Петропавл қаласының 35 жастағы тұрғыны ұсталып, Қызылжар ауданы полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамалған. Күдіктінің жанында болған туысының заңсыз аң ату ісіне қатыстылығын тексеріліп жатыр. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған.

«Бұлжыл басынан анықталған заңсыз аң аулаудың 5-ші, ал "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған 4 факт болып отыр. Ұрғашы еліктің буаз екенін анықтау үшін мүшеленген ет сараптамаға жіберілді, бұл салынатын айыппұл көлемін анықтайтын факторлардың бірі. Сондай-ақ, 1 қаңтардан аша тұяқтыларды аулауға тыйым салынғанын естеріңізге саламыз», - деді Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы, полиция капитаны Асхат Қожабаев.

Республикамызда 11 қаңтардан бастап заңсыз аң аулау үшін қылмыстық жауапкершіліктің күшейтілді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 337-бабының бірінші бөлімі бойынша айыппұл санкциясы 160 айлық есептік көрсеткіштен 3 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өскен. 40 тәулікке қамауға алынатын жаза 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылған. Осындай қатал қадамдарға заң жүйесі барып отырғанымен, одан жасқанып жүрген браконьерлер жоқ. 2020 жылдың басталғанына бір ай ғана болса да, қылмыстық көрсеткіш адам шошырлық.

Солтүстік Қазақстан облысында 6 қаңтарда бастау алған «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы 5 ақпанда аяқталды.  Іс-шара кезінде Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 267 әкімшілік құқық бұзушылық, оның ішінде аңшылық ережені бұзудың 156 дерегін және балық аулау ережесін бұзудың 53 дерегін анықтаған.

Жыл басынан бері барлығы 13 құқықбұзушылық анықталып, 73 жануардың өлексесі мен 26 мүйіз, 1 қарақұйрықтың өлексесі, 715 келі балық тәркіленді, 13 адамға қатысты «Охотзоопром» материалдары бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Оның ішінде 16 қаңтарда Қызылорда облысында жедел топ ақбөкенді заңсыз аулағаны үшін «Охотзоопромның» үш инспекторын ұсталған. Бір облыстан үш инспектор, мемлекеттің сенімді өкілдері. Ал басқа облыстарда тағы осындай үш инспектор шығатын болса, егерде, онда аңдарды мемлекеттік қорғаушылар өздері-ақ қырып болмай ма? Сенім білдірген инспекторлардың өздері осындай қадамға барғанда, былтыр қазаға ұшқан Ерлан Нұрғалиевті еркісіз ойлайсың. Ондай қадамға инспекторлардың бәрі бара бермейтіні, тіпті, адамгершіліктері жетпейтіні өкінішті.

Байланысты жаналықтар

Дәрігерлерге үстемақы берілді

12.04.2020

Баланы қуантудан асқан игі іс жоқ

23.08.2020

Қордай оқиғасына байланысты Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті

11.02.2020

Біртанов Бекшиннің мәлімдемесіне қатысты түсінік берді

10.03.2020

Жақсылық Үшкемпіровтің бір арманы орындалды

29.09.2020

Вирустың жаңа штамы: Ауырып шыққандар қайта жұқтыра ма?

19.03.2021