Ресей депутаты: «Егер сыйлық деп қабылдамасаңдар, қайтарыңдар»

Бағашар Тұрсынбайұлы

  • 14.12.2020

Ресей Федерациясы мемлекеттің думасының  білім және ғылым комитетінің төрағасы, депутат  Вячислав Никонов: ««Қазақстан деген болған емес, Солтүстік Қазақстанда адам тұрған емес. Олар [қазақтар] болды әйтеуір, бірақ, оңтүстікке қарай өмір сүрді. Яғни, айналып келгенде, Қазақстан территориясы Ресей мен Совет одағының берген үлкен сыйлығы. Орталықазия елдерінде де осындай жағдайаттар бар» деген болатын.

Оқи отырыңыз: Қазаққа жерді Ресей сыйға беріпті...

Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александр Комаровты шақырып, Кремельмен хабарласып, Ресейдің нақты жауабын айтуды тапсырған. Ресейлік дипломатқа ҚР СІМ ұстанымы көрсетілген нота табысталған.

Қазақстанның СІМ: «...Вячеслав Никоновтың Бірінші арнадағы «Қазақстанның территориясы – Ресей тарапынан үлкен сыйлық» деген сөзіне қатысты түсініспеушілік білдірді. Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі мемлекеттеріміз арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіні атап өтілді” деп мәлімдеме таратты.

Оқи отырыңыз: Ресей дипломатына нота тапсырылды

Вячислав Никонов деген депутатқа тағы бір әріптесі қосылып, тіпті, ауыр сөздер айтып отыр. Ол да Ресейдің мемлекеттік думасының депутаты. Евгений Федоров. БЕЛРУСИНФО ютуб арнасына берген сұхбатында Евгений Федоров әріптесі В. Никоновты қолдап пікір айтты.

«Никоновтың Қазақстанның бір бөлігі,тіпті, барлық жері 1991 жылы Қазақстанға Ресейден берілді» деп айтылған басты каналдардың біріндегі пікірі жай түскендей болды. ҚР СІМ жедел рекция көрсетті. Олар Кремльдің бұл сөзге қатысты ресми пікірін білгісі келеді және ондай сөздерді артық санайды. Осы жағдайға байланысты пікіріңізді айтсаңыз» дейді журналист.

«Никонов осыған дейін Путин айтқан сөзді айтты, одан басқа жаңа нәрсе айтпады. Бірақ Путин Қазақстанды сыйлық ретінде атаған жоқ. Қазақстанның бір шенеунігі осы сөзі арқылы Путин Украинаны айтты деді. Неге Қазақстан шенеунігі Путин сөзін Украина деп шешкенін мен білмеймін.

Сіз бір досыңызға көлік сыйладыңыз деп ойлайық. Бір жылдан кейін келіп: «Менің сыйлығымның жағдайы қалай, Вася» деп сұрасаңыз, досыңыз: «Қандай сыйлық? Не сөз? Бұл сыйлық емес. Мен ол көлікті сенен алып алдым» десе, қандай күйде боласыз? Түсінесіз бе? Ондай досыңызға қалай қарайсыз? Сіз оның дос емес екенін түсінесіз. Дұрыс адам: «Көп рахмет, керемет көлік немесе онша емес. Бірақ көп рахмет. Мен жақсылығыңызды білемен, міндетті түрде ризалығымды білдіремін» деп пе бірдеңе айтады. Бұл дұрыс.

Ал Қазақстанның ресми органы «Біз ешқандай сыйлықты білмейміз. Бұл ешқандай сыйлық емес. Сендерден тартып алғанбыз» дейді. Бұл жерде не сыйлық, не тартып алды. Егер бізден тартып алған болсаңдар, сендермен басқаша сөйлесейік. Басқа тілмен, балалар, қазақстандықтар. Бір жомарт орыс адамы сыйлап, сендер соны түсініп, дос болсаңдар басқа әңгіме. Ал ҚР СІМ сияқты немқұрайды  қарасаңдар, басқа әңгіме.

1991 жылы заңсыз бөлінген аймақтарымызды қайтару туралы сөз көтергенде бізде тек моральдық шектеу бар. Яғни, дос сияқты. Олармен ұрсысқан дұрыс емес секілді. Ал егер дос болмай шықсаңдар, біздің сыйлығымызды бағаламасаңдар, біздің қолымызды шештіңдер. Моральдық шектеуіміз жоқ. Қазақстанның СІМ сөзі ол шектеуді өздері алып отыр. Не айтып отырғанымды түсініп тұрсыз ба?

Ресей: «Егер сыйлық деп қабылдамасаңдар, қайтарыңдар» деу керек. Өйткені сендер заңсыз алдыңдар. Неге заңсыз?» деп ары қарай заңдарға өзінше тоқталады.

Бұл Қазақстанның тәуелсіздігіне, шекарасына қауіп төндіретін сөздер. Cыртқы Істер министрлігі, Мәжіліс спикері Н. Нығматуллин, Сенат спикері М. Әшімбаев бұл сөзге дереу жауап беруі тиіс. Және жәй жауап емес. Қатал жауап. Дипломатия шеңберінде ресейлік депутаттар енді ауыз аша алмастай жауап болуға тиіс.