"Путиннің ұстанымын айттым. Қазаққа жерді сыйға бердік"

Елнұр Бақытқызы

  • 29.12.2020

Ресей мемлекеттік думасының депутаты Евгений Федоров өзінің мәлімдемесін "қысыр сиырдың сандырығына" балаған Қазақстан сыртқы істер министрі Мүхтар Тілеубердінің сөзіне жауап берді. Е.Федоров "сыртқы істер министрінің аргументі жоқ болғандықтан, маған тіл тигізді" деп отыр.

Ресейдегі билікшіл "Единая Россия" партиясының мүшесі Евгений Федоров тағы да Youtube-тегі сол баяғы "Белрусинфо" арнасында бір сағатқа жуық көсіліп сөйледі. Бұл жолы Евгений Федоров сыртқы істер министрінің жауабын ілік етіп, бұрынғы аргументтерін тағы бір қайталап шықты.

"Сыртқы істер министрі жоғарғы білімі мен тәжірибесі бар кәсіби маман. Бірақ дәлелді жауап бере алмай, ұрсып, өзгелерді "қысыр сиырсың" деп тілдейді. Бұл өзінікі дұрыс емес екенін мойындау екені түсінікті. Яғни оның менің аргументтеріме қарсы қояр дәлелдері жоқ. Ал біз аргументтерге негізделген талқылау болса дейміз. Совет Одағынан шығу туралы келісімде өзге республикалардан алынған аумақ бойынша келіссөз жүргізу керек деп тұр, ал біз келіссөздің орнына тіл тигізуді естиміз. Балағат әдепсіз екені түсінікті, осының өзі министр біздің аргументацияны түсінді және оған айтар жауабы жоқ екенін көрсетеді", - дейді Евгений Федоров.

Әр хабар сайын Қазақстан Совет Одағынан шыққанда территория бойынша келіссөз жүргізбеді дегенді айтудан жалықпайтын Федоров бұл жолы да сын көтермейтін сол ойын тағы бір шегеледі. Оны былай қойғанда Дума депутаты Қазақстан шын мәнінде Совет Одағынан шықпады деп қайырды. "Егер Совет Одағы жойылды деп есептесеңіздер, бұл халіңізді одан бетер нашарлатпақ. Өйткені ондай жағдайда 90-жылдардағы заңда жазылған келіссөздер мүлде өтпей, бүкіл территорияны қайтаруларыңыз керек. Бірақ біз Совет Одағы жоқ деп есептейміз, сондықтан бұл сценарий бізге лайық емес дейміз. Алайда 90-жылдардағы Совет Одағынан шығу туралы заң жұмыс істемейді деп айғайға басып жүргендер, керісінше, осы сценарийге итермелеп жүр. Ондай сценарий бойынша Ресей Федерациясы мен оның аумағы автоматты түрде қорғалады. Бұл біздің әскери доктринада жазылған... Бұған итермелеп жүргендер – Ресей мен Қазақстан тұрғындарының арасына іріткі салғысы келетіндер. Ал біздің ұстаным өте қарапайым. Қазақстанның Совет Одағынан шығуы туралы шешім жоқ па? Жоқ. Олай болса әлі де Совет Одағындасыңдар. Одан шыққыларың келе ме – референдум өткізіңдер. Яғни 1990 жылы Совет Одағынан шығу туралы заңдағы шарттар орындалмаған, оны кез келген сәтте орындауға болады", - дейді Евгений Федоров.

Осылайша сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге жауаптан бастаған Евгений Федоров дәл қазір Қазақстанда Совет Одағынан шығу туралы референдум өтсе, Одақтан шығуды жақтайтындар бес пайызға да жетпейтінін мәлімдеді. Өзінің реваншистік, шовинистік әлемінде өмір сүріп жатқан Дума депутаты айдаладағы Қазақстан халқының қалай дауыс беріп, нені жақтайтынын да "біледі" екен. Тіпті соңғы мәлімдемелерінен кейін өзіне Қазақстаннан "он мыңдаған адам хабарласып, Совет Одағы туралы ойын қолдағанын" жеткізді.

"Оны былай қойғанда, коронавирусқа қарамастан Қазақстаннан Мәскеуге келіп 1991 жылғы КСРО билік органдарын жою туралы шешімнің күшін талап ету жөнінде сотқа жаппай арыз тапсырып жатқандар бар. Совет Одағының өзі жойылмаған, бірақ оның билік органдары жойылған. Қазақстан тұрғындары қазір жаппай шекара асып, сол шешімнің күшін жою үшін сотқа арызданып жатыр", – деді ол тап бір Қазақстан-Ресей шекарасынан асқандарды санап жүргендей.

Евгений Федоров "Қазақстан сіз, Жириновский, Никоновтардың мәлімдемесі Ресейдің ресми ұстанымы емес дегенді баса көрсетті. Бұған не дейсіз?" деген сұраққа "Ресейдің ресми ұстанымын жеткізіп тұрмын" деп жауап берді.

"Егер ұстаным туралы айтсақ, Ресей Федерациясының Қазақстан жері туралы ұстанымы қандай? Оны Владимир Путин бірнеше рет айтты. Бұл – Ресей халқының сыйлығы. Бұл ұстаным ешбір құжатта жоққа шығарылмайды. Шекара демаркациясы толық аяқталмады. Тіпті шекара болса да, бұл Ресей осы ұстанымнан бас тартады деген сөз емес. Шекараны жүргізу жерден бас тарттық дегенді білдірмейді.  Егер Қазақстан сыртқы істер министрлігінінің демаршынан кейін Ресей сыртқы істер министрлігі бұл жерді Ресейдікі деп мойындамаймыз десе, онда Ресей ұстанымы өзгерген болар еді. Бірақ ондай мәлімдеме болмады. Олай болса Ресей 1936 жылдан бері бір ұстанымнан айнымады. Сол уақытта біз жерді Қазақстанға ол Совет Одағына кіруі үшін бердік. Бұл ұстаным өзгермеді", - деі Федоров.

Мұхтар Тілеубердінің аргументтері сын көтермейді деп бір сыбап алған соң Федоров бас жаққа барысып, Қасым-Жомарт Тоқаев келген соң қазақ билігінің саясаты өзгерді деп кесті. Хабардың ортасына қарай әбден садырақтап кеткен дума депутаты Тоқаевты АҚШ әкелген президент көреді екен.

"Біз сыйлық екенін үнемі айтып жүрміз. Мұны Путин де айтты. Ешкім таласпады. Тоқаев келген соң қазақ билігінің саясаты өзгерді. Тоқаев Пашинян тәрізді, бірақ жұмсақ варианты. Американдықтар, Сорос оны сүйреледі. Ол НАТО-американдық, яғни түрікшіл саясатты қолдап, Қазақстан колония ретінде Түрік әлеміне қосқысы келеді", - дейді ол.

Өткен жолы "бұл Ресейдің ресми ұстанымы емес" деп қайырса да,  намыстанғанын жеткізген сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді енді не дер екен?

Оқи отырыңыз: Қазақстан нотасына Кремль жауап бермейді

Мақаланы көшіріп басуға болмайды. 

Байланысты жаналықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

19.11.2024

Сербия сарайында президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті

19.11.2024

Қарин: Еліміздегі жан-жақты реформалар жалғасын табады

15.11.2024

Тоқаев еміме көп ақша берді - Жүрсін Ерман

13.11.2024

Тоқаев бірнеше елдің президентімен кездесті

12.11.2024

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Баку олимпиадалық стадионына барды

12.11.2024
MalimBlocks
Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Сербия сарайында президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті

Қарин: Еліміздегі жан-жақты реформалар жалғасын табады

Тоқаев еміме көп ақша берді - Жүрсін Ерман

Ақынның Швейцарияға баруына мемлекет басшысы көмектескен

Тоқаев бірнеше елдің президентімен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік климат саммитіне қатысу үшін Баку олимпиадалық стадионына барды

Президент СOP29 саммитінің пленарлық сессиясында ең бірінші болып сөз сөйлейді