АҚШ Қазақстан өнімдеріне 25% тариф енгізеді

7 шілде күні АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желідегі Truth Social парақшасында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатының суретін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Сізге бұл хатты жолдау мен үшін үлкен құрмет. Өйткені бұл сауда қатынастарымыздың беріктігін және АҚШ-тың Қазақстанмен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін көрсетеді, тіпті екі ел арасындағы айтарлықтай сауда тапшылығына қарамастан», делінген АҚШ президенті қол қойған, Қазақстан президентінің атына жолданған хатта.
Трамптың пікірінше, Қазақстанның тарифтері, тарифтік емес шаралары, саясаты және сауда кедергілері тудырған ұзақмерзімді әрі тұрақты сауда теңгерімсіздігін жою қажет.
«2025 жылдың 1 тамызынан бастап біз АҚШ-қа импортталатын барлық қазақстандық тауарларға 25% мөлшерінде тариф енгіземіз. Бұл тариф салалық тарифтерден бөлек есептеледі. 25% - бұл біздің елдер арасындағы сауда теңгерімсіздігін жою үшін қажет мөлшерден әлдеқайда аз екенін ескеруіңізді сұраймын», - деп жазады Трамп.
Сонымен қатар, хатта «егер Қазақстан немесе қазақстандық компаниялар АҚШ аумағында тауар өндіретін болса, ешқандай тарифтер салынбайды» деп нақты көрсетілген. Ал егер Қазақстан өз тарапынан кедендік алымдарды көтеретін болса, ол 25%-ға қосымша ретінде есептелетіні ескертілген.
Трамптың пікірінше, «бұл тарифтер Қазақстан тарапынан келген көпжылдық бұрмалануларды түзету үшін қажет» және ол Тоқаевты осыны түсінуге шақырады.
Бұған дейін АҚШ президенті осындай мазмұндағы хатты Малайзия сұлтанының атына жариялаған болатын – бұл елге де 25% тариф белгіленді. Қазақстаннан кейін кезек Вьетнамға (тариф – 40%), Мьянмаға (40%) және Оңтүстік Африка Республикасына (30%) келді.
Айта кетейік, АҚШ 2025 жылдың 3 сәуірінде әлемнің 185 еліне қатысты кедендік баж салығын енгізген болатын. Дональд Трамп бұл шараларды «жауапты және саудадағы әділеттілікті қалпына келтіру» деп атаған. Сол кезде Қазақстан өнімдеріне 27% тариф белгіленген еді.
Фото: АР; realDonaldTrump / Truth


Ең көп оқылған
