Жаңғақ шаруашылығының болашағы жарқын

  • 17.03.2021
  • Malim Админ

Ауыл шаруашылығын дамытудың бір тетігі – оны әр тараптандыру. Әлбетте, әр жердің өз ерекшелігі, артықшылығы болады, соған сай түрлі егін, дақылдар, көкөністер егуге болады. Мәселен, күн ыстық өңірлерде сол климатқа сай келетін күріш, мақта сияқты шаруашылықтар игерілсе, Қазақстанды әлемге танытқан егін шаруашылығы – бидай егу салқындау солтүстік аймақтарға тиесілі шаруа. Күн ыстық жерде бақшасына азын-аулақ картоп егіп, оны басқадан емес, қоңыздан қорғап-ақ әлегі шығып, соңында қолды бір сілтейтін оңтүстік тұрғындары одан да картопты сатып ала салсам дейді. Бірақ, бұл уақытта қоңыз дегенді мүлде көрмеген оңтүстік-шығыста бір отандастарымыз отырады. Сабағын қоңыз мұжымаған соң, картоп та сапалы. Міне, осындай бір гәп.

Десе де... Қазақта таңсық ас деген бар. Оның мәні – өзі көп көре бермейтін, ара-тұра дәм тататын немесе мүлде аузына салмаған дәм деген мағынада. «Шіркін, бізде де банан өссе ғой», деп армандайтындарды да көргенбіз. Ол, әрине, орындалуы қиындау шаруа. Дегенмен, кейбір таңсық дақылдарды Қазақстанның әр түкпіріне әкеліп, жерсіндіруге әбден болады. Тіпті, армандап жүрген бананды оңтүстік жаққа өсіруге болады екен деген де сыбыс шыққан. Қолға алынбай қалды ма екен, содан кейін хабар жоқ. Оның жанында өзге дақыл дегеніңіз... Осы күні қазаққа ештеңе экзотика емес. Енді, сол шаруашылықтарды бізде де игерсе дейсің.

Бұл да біртіндеп іске асып келе жатқан шаруа. Мәселен, Талдықорған мен Таразда ғана бар деп жүрген қант қызылшасын осы күні солтүстік жақта да көптеп еге бастады. Алғашқы тәжірибе сәтті жүзеге асқан соң, жылдан жылға көлемін ұлғайтып келеді. Әрине, қазір ауа райын дәл болжайтын заманауи технологиялар бар, мұндай тәжірибелерге қорықпай қол артуға болады.

Мұны айтып отырғанымыз, таяқ тастасаң тал боп өсетін Жетісуда енді жұрт тек дүкен сөрелерінен көретін таңсық жаңғақ өсіріле бастады. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында «Мәншүк» атты шаруа қожалығы алдағы күзде 20 гектар жерге жас көшеттер отырғызбақ. Бұл, әрине, бұған дейін зерттелген, әбден сенімді болғанда ғана барып отырған қадам. Өйткені, бұл шаруа қожалық 2017 жылдан бастап осы күнге дейін 10 гектар жерге көшет отырғызған. О баста сақтықпен, аттың басын тартқанмен, үш жыл ішінде жаңғақтың көшеті ойдағыдай бой салып өскен. Енді, қорықпай, бақ көлемін ұлғайтуға болады. 2017 отырғызылған жас көшеттерден келесі жылы алғашқы өнімді аламыз деп отыр.

«Біз жұмыс барысында заманауи технологияларды қолданамыз. Тамшылатып суарудың тиімділігін көріп отырмыз. Өзіміздің метеостансамыз бар, соның арқасында ауа райының қалай құбылатынын, ауа температурасы мен ылғалдығын біле аламыз. 1 гектардан 4 тоннадай жаңғақ аламыз деп жоспарлап отырмыз. 10 гектар жерге фундуктың 17 түрін, ал қалған 10 гектарына грек жаңғағының 21 сортын отырғыздық. Бұл жердегі мақсат – осы көшеттердің қайсысы біздің климатқа сай келетінін анықтау. Нәтижесінде солардың ішіндегі 4 сорты ғана жерсінді. Енді біз осы көшеттерді өз жерімізге сенімді түрде өсіре алатын жағдайға жеттік, - дейді шаруақожалық жетекшісі Мәншүк Жексембекова.

Тағы бір айта кетерлігі, көшеттер бірден отырғызыла салмай, бұған дейін екі жыл бойы арнайы жылыжайда өсіріліп, әбден күтіп-бапталған. Енді, күзде әбден дайын болмақ, сол кезде ғана топыраққа отырғызылады.

Жаңғақ өсіру – өте бір тиімді бизнес деуге болады. Шаруашылық басшыларының айтуынша, жаңғақты сақтау үшін арнайы қойма жасаудың да қажеті жоқ. Сақтайтын орын болса болды, бұзылып кетеді, қолдану мерзімі өтіп кетеді деп қорқудың қажеті жоқ. Оның үстіне, жаңғақ атаулының бағасы қаншалықты қымбат екенін де жұрт жақсы біледі. Оның басты себебі – бұл өнімнің негізінен сырттан тасымалдануында екені түсінікті, егер алдағы уақытта елімізде жаңғақ шаруашылығы қарқын алып жатса, бұл бағаны төмендетіп, тіпті, шетелге экспорттау туралы да жоспар құруға болар. «Туған ай – тураған ет», іс басталды, ары қарай дамытып жатсақ, шетел Қзақастан жаңғағын жеп отыратын күн де алыс емес. Бір өзі 40 жылға дейін жеміс беретін берекелі ағаштың көлемін ұлғайта түсу де көп күшке түсе қоймайтыны тағы анық. Оның үстіне, жаңғақ ағаштары ауруға төзімді келеді, құрт-құмырысқа жеп кетті дей қоярдай емес, өте қатты ағаш саналатыны айтпаса да белгілі жайт.

Мәншүк Жексембекова енді арнайы лаборотория ашсам дейді. Міне, бұл нағыз бәркеледі дерлік, қолдауға тұрарлық мақсат. Шаруашылықты ғылыммен, лабороториялық тәжірибемен ұштастыру – нағыз өндіріс есептеледі. Қазір сырттан әкеліп жүрген балашық – жас өскіндерді өзімізде жасасақ, оны өзге бір кәсіпкер сатып алып, бағына отырғызса, жаңғақ шаруашылығының өріс алуы деген сол емес пе?!

Соңғы уақытта ескі бақтарды жаңғырту бастамасы көтеріліп, бірнеше бақтардың жаңа қарқында жұмыс істей бастағанын білеміз. Қазір Алматы облысында осы жаңғақ бар, алма, жеміс-жидек, жүзім бақтарына тағы да 520 гектар бақ қосылмақ. Айта кету керек, қазіргі таңда облыста бақтардың жалпы көлемі  23,7 мың гектарға жеткен.

Байланысты жаналықтар

50 мың шағын несие 500 мың адамды жұмыспен қамтиды

04.03.2021

Шалғай аудан жолынан енді шаң шықпайды

26.04.2021

Жамбылда егістік көлемі ұлғайды

27.05.2021

САДОВОДСТВО В АЛТЫНТОБЕ

18.05.2021

В  городе Шымкент близится к завершению строительство подстанции

19.05.2021

Фермерлер көктемгі егісті бастады

16.04.2021