Президент тапсырмасының орындалуы: Ауыл шаруашылығы инновациялық технологияларға негізделеді
Жасанды интеллект пен Big Data-ны пайдалану арқылы егістік алқаптары мен мал шаруашылығын тиімді басқаруға мүмкіндік туды

Ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың байыпты бастамаларының маңызды бағыттарының бірі. Бұл сала еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің негізі бола отырып, ауыл халқының тұрмыс сапасын арттыруда шешуші рөл атқарып отырғаны мәлім.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын жан-жақты қолдаудың нақты жолдарын ұсынды және оны кезең-кезеңімен жүзеге асыруға тапсырма берді. Оны озық салаға айналдыру - уақыт талабы.
Негізгі мақсатымыз – ауыл шаруашылығының дамуына серпін беру. Бүгінде Жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі индексіндегі еліміздің көрсеткіштері жақсарып келеді. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Ауыл шаруашылығы бәсекеге қабілетті озық сала болуы керек. Агроөнеркәсіп кешені экономикадағы басты қозғаушы күштің біріне айналуға тиіс. Бизнес те, мемлекет те осыған мүдделі. Бұл, ең алдымен, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды. Ауылдағы ағайынның тұрмысы да осы салаға тікелей байланысты,- деген болатын Тоқаев.
Агроөнеркәсіптік кешендегі басты мақсаттардың бірі – өндірілетін өнімнің ауқымын көбейту. Президент алдағы 2028 жылға дейін бұл көрсеткішті 70 пайызға дейін жеткізуді міндеттеді. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдеріне қосымша құн қосып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады. Отандық өнімнің ішкі нарықтағы сапасын жақсартып, сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болуын қамтамасыз етеді. Бұл үшін өңдеу кәсіпорындарына қолдау көрсетіліп, заманауи технологиялар енгізілуде, сондай-ақ логистика мен салық жүйелері де қайта қарастырылуда.
Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру мен автоматтандыру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтары жаңартылып, заманауи электронды басқару жүйелері енгізілуде. Жасанды интеллект пен үлкен деректерді яғни Big Data-ны пайдалану арқылы егістік алқаптары мен мал шаруашылығын тиімді басқаруға мүмкіндік туып отыр. Мұндай жаңашылдықтар агробизнеске тың серпін беріп, еңбек өнімділігін едәуір арттыра түседі.
Өткен айда президенттің ауыл шаруашылығы өндірісі көлемін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысы бойынша Премьер-министр Олжас Бектенов отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесу өткізді. Басқосуда агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзекті мәселелері, көктемгі дала жұмыстарының жай-күйі, шаруаларды қолдау шаралары, сондай-ақ өзара іс-қимылдың қосымша пысықтауды қажет ететін бағыттары талқыланды.
Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында белгіленген міндетке сәйкес, алдағы бес жыл ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы өндірісін екі есе арттыру перспективалары қаралды.
Кездесуді ашқан Олжас Бектенов Үкіметтің аграрлық секторға тұрақты және белсенді қолдау көрсетіп жатқанын ерекше атап өтті.
Президент қолдауының арқасында ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет басшысы атап өткендей, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі өзінің құндылығын ешқашан жоймайды. Біздің жағдайымызда жеңілдетілген қаржыландыру үшін 700 млрд теңге табу оңай емес, алайда, біз мұны іске асырып жатырмыз және қолдаудың бұл түрін одан әрі арттыра береміз. Қазіргі қолданыстағы тетіктердің барлығы жалғасын табады. Нәтижесі де жоғары болып, біз бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын құра аламыз деген сенім бар», - деп атап өтті Үкімет басшысы О.Бектенов.
Ауыл шаруашылығына инновациялық технологияларды енгізу – саланың дамуын жеделдетудің басты тетіктерінің бірі. Президенттің тапсырмасымен агросекторға климатқа бейімделген тұқымдар, жоғары өнімділікке ие заманауи техника, автоматтандырылған суару жүйелері мен дрон-технологиялар енгізіліп жатыр. Бұл технологиялар фермерлердің шығындарын азайтып, өнімділікті арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға түсетін салмақты да азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар агроинновациялар аграрлық ғылыммен және біліммен тығыз байланыста жүзеге асуда. Бұл бағыт ауыл шаруашылығының жаңа сапалық деңгейге көтерілуіне жол ашады.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығына қаржылық қолдау да кеңейтіліп келеді. Фермерлер мен ауыл кәсіпкерлеріне жеңілдетілген несиелер беріледі. Мысалы, көктемгі егіс және жиын-терін жұмыстарына 5 пайыздық мөлшерлемемен несиелер ұсынылуда. Бұл ауыл шаруашылығында тұрақты жұмыс істеуге және өндіріс көлемін арттыруға қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар субсидиялау жүйесі де жетілдіріліп, қаржының мақсатты және әділ бөлінуі көзделіп отыр.
Су ресурстарын тиімді пайдалану – ауыл шаруашылығының ең өзекті мәселелерінің бірі. Осы бағытта Президенттің тапсырмасымен елімізде бірнеше жаңа су қоймаларын салу жоспарлануда. 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында 9 ірі су қоймасы салынуы тиіс. Бұл жобалар су тапшылығының алдын алып, егістік жерлерді сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, су үнемдеу технологиялары да кеңінен енгізілуде.
Ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту да – агросаланы қолдаудың маңызды бір бөлігі. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдарға қосымша 90 миллиард теңге бөлініп, жолдар, мектептер, ауруханалар, байланыс желілері мен басқа да әлеуметтік нысандар жаңғыртылып жатыр. Бұл ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттырып, жастардың ауылда қалуына және жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Ауыл шаруашылығы саласын ғылыми жаңалықтар мен заманауи біліммен қамтамасыз ету – агроөнеркәсіптің дамуына берік негіз болады. Президент аграрлық ғылымды күшейтіп, агротехнология хабын құру бастамасын көтерді. Шетелдік ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнатылып, ауыл шаруашылығы мамандарына арналған жаңа оқу бағдарламалары жасалуда. Бұл білім беру жүйесін практикамен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық деңгейде де Қазақстан аграрлық саладағы ынтымақтастықты кеңейтіп келеді. Ресеймен бірлесіп агроинновациялық орталықтар құру бастамасы қолға алынды. Бұл орталықтарда агротехнологиялар, автоматтандыру жүйелері және жасанды интеллект шешімдері сынақтан өткізіліп, өндіріске енгізіледі. Мұндай серіктестік Қазақстанның аграрлық ғылым мен технология саласындағы беделін арттырып, оны өңірлік аграрлық орталыққа айналдыруға сеп болады.
Ұлттық экономика министрлігі қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының жаңа моделін әзірлеп жатыр. Бұл модель ауылды дамытуда мемлекеттің басты қолдау құралына айналмақ. Тұжырымдама аясында ерекше назар инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға аударылады, ал келешегі зор ауылдардағы жобаларды іске асыруға басымдық беріледі.
2019 жылы дамудың әлеуеті жоғары елді мекендердің тізімі анықталып, 2023 жылы әкімдіктердің ұсынысымен ол өзектендірілді. Жобаларды жүзеге асыру барысында су, жылу, газ, электрмен жабдықтау жүйелері жаңғыртылып, әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған шаралар қолға алынады.
Бағдарлама ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Оның ішінде 2,5%-бен шағын несие мен лизинг беру секілді қолдау шаралары қарастырылған. Қазіргі таңда министрлік елді мекендердің мамандануын анықтау үшін скрининг жүргізуде және ережелерді жаңарту үстінде. Өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, микронесие беру тізбесі кеңейтілуде. Ал әлеуметтік-экономикалық даму бойынша жаңа қызмет түрлері анықталды. Мысалы, Абай мен ШҚО әкімдіктерінің ұсынысымен туризм шағын бизнестің перспективалық саласы ретінде тізімге қосылды.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, шығындарды қысқарту және логистиканы дамыту мақсатында шағын индустриялық аймақтар құру жоспарлануда. Бұл аймақтар өнімдерді сақтау, өңдеу және сату алаңына айналып, жергілікті жерлерде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Осылайша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамалары ауыл шаруашылығын кешенді түрде дамытуға бағытталып отыр. Бұл тек агросаланың өсімі емес, ол – ауыл өмірінің жаңғыруы, азық-түлік қауіпсіздігі, экономикалық тұрақтылық және елдің болашағына салынған инвестиция. Ауыл дамыса – ел дамитыны сөзсіз. Сондықтан, агроөнеркәсіптік кешенге жасалып жатқан қолдау – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды стратегиялық қадам.
Фото: Gov.kz