Ғылымды қаржыландыру артады

Malim Админ

  • 15.03.2021

Елімізде ғылымға бөлінетін қаржы артып жатыр.  Қаржыландырумен қатар ғылымда басқа қандай өзгерістер болмақ? Бұл ғалымдарға қалай әсер етіп, нендей өзгеріс әкеледі? Талдап көрейік.

2021 жылы ғылыми ұйымдардың модернизациясына барлығы 2,8 миллиард теңге бөлінді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, бұл қаржының арқасында еліміздегі 22 ғылыми-зерттеу институтының материалды-техникалық базасы жаңартылды. Ал 2025 жылға қарай Қазақстанда ғылымға жұмсалатын шығын ішкі жалпы өнімнің бір пайызына жететін болады.

"Ғылымды дамыту – біздің басты назарымызда. Ғылымды қаржыландыру екі есе өсті. 2020 жылы жаңа ғылыми жобалар іске асты. Біз бұған дейін үш жылда бір рет өтетін ғылыми конкурсты жыл сайын өткізу жайлы маңызды шешім қабылдадық. Өйткені үш жыл деген – ұзақ. Үш жылда ғылымда көп нәрсе өзгереді. Оның үстіне грант ала алмай қалған ғалымдар келесі конкурсты үш жыл бойы күтпей, ғылымнан кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан ғылыми конкурсты жылына бір рет өткіземіз деп шештік. 2020 жылы біз 5 конкурс өткіздік", - деді ғылым және білім министрі А.Аймағамбетов.

Ғалымдарға арналған конкурстың мерзімі ғана емес, ережелері де өзгерді.

Өткен жылы Ұлттық ғылыми кеңестің құрамы жаңартылып, жұмысының жаңа қағидалары бекітілген болатын. Жобалардың экономикалық сараптамасы мен Ұлттық ғылыми кеңес балдарын саралау рәсімі, мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама енгізілді. Осы шешім кей кезде сынға қалып жататын Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысын барынша ашық және гранттарды бөлуді әділ ете түсетіні анық.

"Бұрын мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың балдары есепке алынбай қалуы мүмкін еді, бірақ қазір ғылыми-техникалық сараптама мен Ұлттық ғылыми кеңестің балдары қосып есептеледі. Сөйтіп, тізім жасалып, ең жоғары балл алған жобалар қаржыландырылатын болады. Ұлттық ғылыми кеңес жұмысын ашық  ету үшін онлайн-трансляция жүргізіледі. Олардың бүкіл жиындары мен жұмыс тобы отырыстарының видеосы жазылады. Бұдан бөлек, биылдан бастап мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптамаға қатысатын сарапшылардың аудитін жүргіземіз, бұл мәселе де ғылыми ортада бұрыннан көтеріліп жүр", - деді Асхат Аймағамбетов.  Яғни ғылыми жобаларды бағалайтын сарапшылардың біліктілігі мен талаптарға сәйкестігі тексерілмек.

Сонымен қатар ғалымдардың елден кетпей, ғылымды Қазақстанда дамытуы үшін басқа бастамалар да қолға алынды. Оның ішінде ғалымдарға арналған тағылымдамалар да бар. Қазіргі кезде тағылымдадан "Болашақ" халықаралық шәкіртақысы арқылы өтуге мүмкіндік бар. А.Аймағамбетовтің айтуынша, барлығы 500 жас ғалым ғылыми тағылымадан өте алады. Оны былай қойғанда, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жас ғалымдарға қосымша 1000 грант бөлу жөнінде тапсырма берілген.

Жас ғалымдарды, әсіресе осы салада жүрген әйел ғалымдарды ынталандыру үшін оларға арнайы квота бөлу жүйесі енгізілді.

"Жас ғалымдарды қолдау үшін ғылыми гранттар конкурсында арнайы квота енгіздік. Дәл осындай квотаны әйел ғалымдарға да береміз. Бұл дұрыс шешім. Ғалым әріптестермен кездескенде де осы мәселені талқыладық", - деді А.Аймағамбетов.

Қазіргі кезде ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструктурлық салада 21 782 адам жұмыс істесе, оның 11 300-і әйел, оған қоса 1200 докторант әйел бар. Міне, квота сөзсіз әйел ғалымдарды жаңа ғылыми зерттеу мен жобалар жасауға ынталандырмақ.

Ғылымға бөлініп жатқан шығын жылдан-жылға артып жатқаны белгілі. Оны мынадан байқауға болады: статистика агенттігінің мәліметіне қарағанда, 2017 жылы ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструктурлық жұмыстарға 68 884,2 млн теңге, 2018 жылы 72 224,6 млн теңге, 2019 жылы  82 333,1 млн теңге,  ал 2020 жылы  85 180,6 млн теңге бөлінді.

Ғылымға бөлініп жатқан ақша ұзақмерзімді жобаларға бағытталған, оның нәтижесі де бірден болмауы мүмкін. Дегенмен қазірдің өзінде ауыз толтырып мақтануға болатын жетістіктер мен ғылыми жаңалықтар баршылық. Соның бірі – қазақстандық ғалымдардың жасаған вакцинасы.

Биологиялық қауіпсіздік ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қысқа мерзі ішінде өте маңызды жұмыс жүргізіп, бірден бес вакцинаны әзірлеп шықты. Олардың алғашқы екеуі клиникаға дейінгі және клиникалық сынақтардан сәтті өтіп жатыр. Отандық вакциналар өндірісін іске қосу үшін GMP-нің барлық талабына сәйкес келетін зауыт салынып жатыр.

Елімізде ғылымды қаржыландыруды одан әрі ұлғайту жоспарлануда. Білім беру мен ғылымды 2025 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, алдағы төрт жылда ғылымға бөлінетін қаржы ішкі жалпы өнімнің бір пайызына жетеді. Бұл ғылымның дамуына серпін береді. Сәйкесінше ғылыми конкурста жеңіп, іске асатын ғылыми жобалардың саны мен сапасы артады.

Қаржыландыру жұмысымен қатар ғылымды дамытудың нақты тетіктері де қолға алынады. Мұның нақты қандай тетіктер екенін білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген отырысына қатысқан үкімет жетекшісінің орынбасары Ералы Тоғжанов санамалап берген.  Соның бірі – жоғары оқу орындарындағы зерттеушілерді көбейту. Жасыратыны жоқ, Батыс университеттерінде оқытушылар зерттеуге ден қойып, ғылыммен айналасады. Сондықтан еліміздің ЖОО оқытушылары зерттеуге белсене араласуы үшін жағдай жасалуы керектігін министрлік жете түсініп отыр. Мемлекеттік жоғарғы оқу орындарының жалақысын көтеру, зерттеумен айналысатын оқытушыларға жағдай жасалып, штаттық кестеде арнайы зерттеуші-оқытушы мамандығы ендіріліп жатқаны содан. Бұл шаралар экономика мен ғылымның өге келелі салаларындағы ғылыми зерттеулерді дамытып, жастарды тартуға септігін тигізуі тиіс.

Сондай-ақ ғылымның әлеуетін арттырып, дамыту үшін ғылыми зерттеу институттарының базасы мен жоғары оқу орындарының интеграциясын жолға қойып, ғылыми кадрларды дайындаған жөн. Бұл бір жағынан университет оқытушыларына ғылыми зерттеу институтаттарының базасын қолжетімді етеді. Оның үстіне Білім беру мен ғылымды 2025 жылға дейін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, ғылымның бірыңғай ақпараттық жүйесі зерттеушілер қолданатын ғылыми инфрақұрылымды құрып, зерттеушілерге барына қолжетімді етуі тиіс.

Қазіргі кезде Қазақстанның ішкі жалпы өнімі – 181,7 миллиард доллар. Мұның бір пайызы – 1,81 миллиард доллар. 2025 жылға дейін Қазақстанның ішкі жалпы өссе түссе, ғылымға бөлінетін қаржы да арта түсетіні түсінікті. Дегенмен қазірдің өзінде ішкі жалпы өнімнің бір пайызын ғылымға бөлу оның әлеуетін айтарлықтай күшейтетіні анық. Сол себепті алдағы уақытта ғылымды ұлттық жоба ретінде дамытудың арнайы бағдарламасы бекітілмек.  Бұл бағдарлама ғылымның қандай салаларына басымдық берілетінін белгілейді.

 

 

 

 

 

 

 

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды