«Жүрегім қиналып отыр». Наркенже Серікбаева оқырмандарына жазба арнады

Филармония әншісі Наркенже Серікбаева соңғы күндері өзіне айтылған сыни пікірлерге жауап беріп, оқырмандарына жазба арнады. Бұл туралы sportinside.kz сайтына сілтеп Malim.kz хабарлайды.
Ол бұған дейін Түркістан облыстық филармониясының директоры тарапынан қысым көргенін айтып, желі арқылы ел назарын аударған болатын. Алайда кейін бұл жағдай аяқ астынан реттеліп, екі тараптың татуласқаны жөнінде бейнежазба тарады. Осыған байланысты әнші оқырмандардан әртүрлі пікір естіп, моральдық тұрғыда ауыр күй кешіп жатқанын айтты.
«Соңғы үш күндегі жағдайлар бәріңізге белгілі. Мен – жай ғана жылап, жұрттың назарын аударғысы келетін адам емеспін. Көзімнен аққан әрбір тамшы – жүрегімнің ішіндегі шын ауырсынудың көрінісі. Өзіме айтылған жылы сөздер мен ауыр сындарды да мұқият оқып шықтым. Оларды оқыған сайын жаным жанып, жүрегім қиналып отыр», – дейді әнші.
Серікбаеваның айтуынша, филармония басшысы одан кешірім сұраған. Осыған орай ол өз тарапынан кішілік танытып, істі ары қарай ушықтырмай тоқтатуға шешім қабылдаған.
«Хайп үшін жасалды», «неге соңына дейін бармадың?», «екі жүзділік» деген сынды пікірлер жүректі жаралады. Бірақ мен әркімнің өз шындығы бар екенін түсінемін. Мен қарапайым халықтың ішінен шыққан адаммын. Әкем де, анам да – осы халықтың өкілі. Мақсатым – ел ішіне іріткі салу емес», – деп жазды Наркенже.
Еске сала кетейік, бұған дейін Түркістан облысына қарасты Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншісі Наркенже Серікбаева әлеуметтік желіде мәлімдеме жариялап, филармония директоры тарапынан анайы ұсыныс естігенін мәлімдеген болатын. Одан кейін филармония басшысы да жауап берген еді. Көп ұзамай қос тарап татуласқанын жеткізген.
Фото: "Менің өмірім" бағдарламасы


Ең көп оқылған
