5571 әскери бөлімінің мерзімді қызметшісі Ербаян Мұхтардың жарақат алуына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл туралы Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиев мәлім етті, деп хабарлайды Malim.kz.
Оның айтуынша, аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 440-бабы 4-бөлігінің 3-тармағы негізінде оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы тиісті тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Қазір қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етілуге жатпайды, – деп жауап берді ол Kazinform агенттігінің сауалына.
Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов жарақат алған сарбаздың жағдайына қатысты түсініктеме берген еді.
Өкінішке қарай, науқасымыз өте ауыр жарақат алған. Мамандардың бағалауынша, оның оңалып кету әлеуеті сонша үлкен емес. Ол көрсеткішті үнемі қайта-қайта бағалап отыру керек. Жуықта ғана Түркиядағы клиникадан келді. Өкінішке қарай, ол жақта қандай оңалту қызметін алғанын айта алмаймын. Үйіне жеткіздік. Кез келген мемлекет өз азаматтарын шетелден аса жайлы санитарлық ұшақпен алдыра алмайтынын түсіну керек. Маңайдағы көрші елдердің ішінде ондай қызмет ұсына алатын елдер аз, – деді ол.