Жапонияда тұратын қазақ: Қазақтың хақысын беріп жатырмыз ба?
Моңғолияда туып, Қазақстанда өсіп, Жапонияға білім алуға аттанып, 12 жылдан кейін тарихи отанына қайта оралған Жадыра Сенбіқызымен жапондар мен қазақтар арасындағы ұқсастық және айырмашылық туралы сөз қозғадық.
-Жапонияға қанша жасыңызда кеттіңіз? Неліктен Жапонияны таңдадыңыз?
-15 жасымда астананың маңындағы Еркіншілік ауылынан Жапонияның Токио қаласына көшіп кеттім. 10-сыныпты ғана бітіргендіктен, университетке тапсыра алмай, 10-11-12-сыныпты Токияда оқыдым. Жалпы Жапония немесе АҚШ секілді дамыған елдерде мектеп 12 жылдық. Біз оған енді көшіп жатырмыз ғой.
Мені басында ата-анам Америкаға оқуға жібереміз деп ойлаған. Алайда менің алдымда әкемнің бір досы қызы мен ұлын сол елге жіберіпті. Жасөспірім болғандық, олар сол елге еліктеп, бұрыс жолға түсіп кетеді. Содан досы әкеме «жалғыз қызың ғой, шамаң келсе, Америкаға емес Жапонияға жібер», деп ұсыныс айтады. Осы бірауыз сөзден кейін мені Токиоға жіберді.
-Америкаға кетпегеніңізге өкінбейсіз бе?
-Өкінбеймін. Керісінше, Америка емес, Жапонияға барғаныма қатты қуанамын. Жапондардың іс-әрекеттерінен қазақтың мақал-мәтелі мен салт-дәстүрін көруге болады. Мысалы, қазақта мынадай сөз бар ғой «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық». Сол секілді Жапонияда әйелдері де, еркектері де өте ерте тұрады.
Бір-біріне құрметпен қарайды. Қазақтың «үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген сөзі еске түседі. Кіші болсын, үлкен болсын, бас иіп амандасып тұрады. «Жас өседі, жарлы байиды» дейміз, бай мен кедейге қарым-қатынасы бірдей. Кез келген адамды жоғары санап, өзіңді төмен ұстау нағыз мәдениеттің белгісі.
Бабаларымыздан қанша өсиет пен нақыл сөздер қалса да біз оларды орындамаймыз. Мысалы, жапондарда ондай мақал-мәтел жоқ. Бірақ олар соның бәрін іс-әрекетпен көрсетеді, өз-өздерін, өз ұлттарын солай тәрбиелейді.
-Жапонияда қандай білім алдыңыз?
-Жаңағы айтқан мектепті бітіріп, ары қарай саясат мамандығы бойынша 4 жыл бакалавр оқыдым, 2 жыл бала тәрбиесіне қатысты ғылыми зерттеумен айналыстым. Жапондардың баласы, қазақтардың баласы қалай тәрбиелену керек деген қызығушылығым болды. Одан 2 жыл бизнес-менеджмент бойынша магистратура оқыдым.
-Екі елдің білім беру жүйесінде айырмашылық бар ма?
-Жер мен көктей. Маңғолияда тұрғанда жап-жақсы оқыдым. Кейін Қазақстанға келгенде оқуым нашарлады. Ал Жапонияда зейінім ашылды. Бәрі мұғалімге байланысты екен. Токияда мұғаліммен жақсы қарым-қатынаста болдық. Сенбі-жексенбі демалысқа шыққым келмей, тезірек дүйсенбі болса деп ойлантынмын. Таңертең ерте тұрып мектепке баруға құлшынып тұратынмын.
Жапонияда сабақ таңғы 9-да басталып, түскі 3:30-4 шамасында бітеді. 6 сыныпқа дейін өз тілдерінде оқиды. Мектепте баланы сынамайды, ауыр жаттығулар жасатпайды. Ойнайды, мектепті тазалайды. Кіп-кішкентай қолдарымен едендегі қуыстарға дейін тазалайды. Кезекшілікке тұрып, өздері асханада бір-біріне тамақ салып береді. Соларға ыңғайланған кішкене ыдыс-аяқтар, қасықтар мен ожаулары бар. Бірде-бір бала бекер отырмайды. 1-6 сынып аралығында балаға сабақ емес, еңбек етуді, басқа адамдармен қарым-қатынас жасауды, өз ұлтын, өз тілін сүюді үйретеді.
-Ата-анаңызбен бауырларыңызда Жапонияға көшіп барыпты. Ол кісілер қай уақытта барды?
-Мен өзім университетті оқып жүрген кезде бірінші курста балмұздақ жеп отырғанмын. Жапонияға дейін Моңғолия, Түркия, Англия, Қазақстанда болдым. Бірақ ондай тәтті балмұздақты жеп көрмеппін. Сол кезде «осы балмұздақты менің кішкене інім де жеп көрсе ғой» деп ойладым. Ініме бұл балмұздақты қалай алып барамын. Ұшаққа салып жібере алмайсың, өзің апарсаң да еріп кетеді. Бір амалы бауырымды осы елге ертіп келу. Інілерімді әкелсем, ата-анамды Жапонияға көшіріп алып келсем деп ойладым.
Бір жағынан сол кезде елге келгенде көргенім ұнамады. Қазақстанда бәрі үлкен үйде тұру керек, күшті көлігің болу керек деп ойлайды. Ата-анамды сол ортадан алып кеткім келді. Інілерімді де жақсы ортада оқытқым келді. Үлкен інім Үндістанда, Қытайда, Моңғолияда оқып, ешбірін ұнатпады. Университеттің екінші курсында жүргенімде үлкен інімді шақырып, мектепке кіргізіп, екеуміз бірге тұра бастадық. Одан кішкене інімді біз жаз сайын Жапонияға шақырып тұрдық. Кейін оны да мектепке орналастырып алдық. Ата-анам бізді іздеп, қыдырып, келіп-кетіп жүрді. Кейін бір-ақ көшіп келді. Ата-анамның Жапонияда тұрып жатқанына 3 жыл болды, ал інілеріме 7-8 жыл болды, менің тұрып жатқаныма 12 жыл болды.
-Жапон қоғамымен қазақ қоғамының айырмашылықтарын айта аласыз ба?
-Сізге бір ғана мысал айтайын, Жапония 1947 жылы заң қабылдаған, ол заңға әлі күнге бірде бір өзгеріс енгізбеген. АҚШ 1787 жылы заң қабылдап, 27 рет өзгеріске ұшыраған. Ал Қазақстан 1995 жылы қабылдаған Ата заңын осы кезге дейін 1100 рет өзгерткен.
Жапония деген қарап отырсаңыз бір кішкене арал ғана. Қашан су басып кетеді деп ойлап отырады. Бірақ сол аралдың өзінен қаншама пайда көріп отыр. Ал біз мына кең байтақ даланы дұрыс пайдалана алмай отырмыз.
Тағы байқағаным олардың бетінде немесе көзінің айналасында әжім болады. Ал біздің елде байқағаным бәрінің шекесінде әжім бар. Бұл біздің елдің қабағын түйіп жүретінін, жапондардың күліп жүретінін көрсетеді.
-Біз жапондардан не үйренуіміз керек?
-Бастауыш сыныпта нағыз қазақилықты үйреткен дұрыс деп ойлаймын. Қазақ тілін білуіміз керек. Және, мысалы, біз қазір мейрамханаға келіп, ішкен асымыздың ақшасын төлеп кетеміз. Себебі, ол кісінің хақысы бар. Ал біз қазақ боп тудық. Бірақ қазақ тілінде сөйлей алмаймыз. Қазақтың хақысын беріп жатырмыз ба?
Құда келе жатыр, үйдің ішін әдемілеп, безендіріп-әрлеу керек. Құда-құдағи деген кім? Ал ата-бабамыз, Алаш ардақтылары үшін біз не істедік? Олардың біз үшін істеген істерін қалай аяққа таптап жатырмыз. Ал қазақ өліп бара жатыр, қазақ тілі өліп бара жатыр. Біз соған жанымыз ашымайды. Жәй бір жылтырақ нәрсе үшін бір адамның көңілінен шығу үшін сонша еңбектенеміз.
Жапондар тыныш өмірді қалайды, олар бастық болуға қызықпайды. Бәрі ғалым болуға тырысады. Өз саласының мықты маманы болу – мақтаныш. Жапонияда екінің бірі ғалым, Қазақстанға келгелі көп ғалым кездестірмедім. Жаппай кітап оқиды. Бизнес ашу да жеңіл, тек салықты уақтылы төлеп отыру керек. Мұсылмандарда зекет бар ғой, салық та сол секілді дүние деп түсіндіріледі. Өздері мұсылман болмаса да, істейтін іс әрекеті мұсылмандардың ісі. Оларға сен мұсылмансың ба, христиансың ба, бәрібір. Мәселе білімде ғана. Білімді болсаң, наным-сенімің, ұлтың маңызды емес.
Содан кейін бір адам кешігіп келсе, қаншама адамның жұмысы қалып қояды, қаншама қаржы, еңбек босқа кетеді. Сол үшін олар өз уақыттарына жауапты болуға тырысады.
-Жапониядағы қазақтар бір-бірін тани ма? Қанша қазақ бар ол жақта?
-Танимыз. Көбінесе Наурызда бас қосып, үйге шақырамыз. Біздің үй Жапониядағы қара шаңырақ секілді. Үйге келіп қонады, ет асып, бауырсақ пісіреміз. 180-нен аса қазақ бар, оның 51-і студент. Жапонияға қазақтар қара жұмысқа бармайды, мықты-мықты компанияларда, IT-саласында жұмыс істейді.
-Олар Қазақстанға ораламыз дей ме?
-Қазақстанға қазір орала қоятын ойлары жоқ-ау. Бұл жақта IT-мамандарына жұмыс табу қиын. Елге қайтып келсе, жұмыссыздар санын көбейтеді деген қорқыныш бар.
-Сіздің Қазақстанға қайта оралатын ойыңыз бар ма?
-Иә, міндетті түрді. Отбасымызбен алға қойған жоспарларымыз бар, сол жоспар орындалсын, содан кейін елге қайтамын.
Алаш ардақтылары жапондардан үйренейік деді. Бірақ оны ешкім жалғастырған жоқ. Мен соны жалғастырғым келеді. Балаларға тіл үйретіп, Жапонияға оқуға түсулеріне көмектескім келеді. Өзім сол жолдан өтіп көрдім ғой. Жапонияға бару қиын деп ойларына блок қойып алған. Негізі қиын емес, білем деген кісіге мүмкіндік көп. Қазір маған жапон тілін үйретіңізші деп түсіп жатқан өтініштер бар. Сол жақта оқығысы келетін адамдар да көп. Бірақ екі араға көпір болу керек.
Фото Жадыра Сенбіқызының жеке мұрағатынан