Қойгелдиев лекциясы. Ағартушылық Абайдан емес, Алаштан басталады

"Әуезов үйінде" дәстүрлі түрде өтіп тұратын "Халық университетінің дәрістерінде" лекция оқыған тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің Алаш тақырыбына қатысты ойларын назарларыңызға ұсынамыз.

Malim Админ

  • 21.04.2022

 

К.Матыжанов: Қайырылы күн құрметті әріптестер! Екі жылғы үзілістен кейін Халық университетінің дәрістерін қайта бастайық деп отырмыз. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Әуезов үйі» мұражайына қош келдіңіздер! Биыл М.Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы. Осы айтулы шараға байланысты мұражай күрделі жөндеулерден өтті. Енді аздаған музейлендіру жұмыстары жасалады. Оны да аяқтайтын боламыз. Үкімет тарапынан М.Әуезовтің мерейтойын өткізуге байланысты түрлі шаралар жасалып жатыр. Мемлекеттік комиссия құрылды. Р.Бердібаев атындағы Халық университеті бір жылдай бұрын жақсы жұмыс істеп, ондаған дәріс өткізген. Халық университетінің негізгі ұстанымы қоғамдық пікірді қалыптастыру. Дәстүрді жалғастыру. Бүгін біз тағы бір қонақты шақырып отырмыз. Алаштанудың үлкен қайреткері, көрнекті тарихшы-ғалым Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев «Алаш қозғалысы» туралы дәріс өткізеді. Сұхбаттасу сұрағымыз мынадай: «Алаш қозғалысының» қоғамдық өміріміздегі орны қандай? Оның тарихи маңызы неде? «Алаш қозғалысы» бүгінгі өмірімізде қандай рөль алуы керек? Алаш идеясының жаңа Қазақстан идеясымен байланысы бар ма?  

Мәмбет Қойгелдиев: Рахмет! Бүгінгі әңгіме тақырыбы – алаш және большевизм. «Жүз жылдық қарсыласу» деп аталады. Бұл тақырып – жеңіл- желпі емес. Бұған келу үшін ойлану керек, ғалым бұл процесте жүруі тиіс. Оны игеру қиын. Бұл мәселемен айналысқаныма отыз жылдан асып кетті. Көптеген мұрағаттарда жұмыс жасауға тура келді. Мәскеу, Орынбор, Ташкент және өзіміздегі архивтерде жұмыс жасадым. Ең көп жұмыс жасағаным – Ұлттық Қауіпсіздік архиві. Қазір президент архивіне беріліп жатыр. Бұл тақырыпқа жеке тұлғалардың тергеу материалдары арқылы келдім. Алаш қайраткерлерінің тергеу материалдарын тексеру арқылы тақырыпты ашуға, зерттеуге тырыстым. Енді тақырыпқа байланысты айтарым мынау: алаш пен большевизм екеуі – екі ағым. Қөзқарастары мен ұстанымдары мүлде бөлек.  Біріншіден, осын ескеру керек. Екі ағымның арасындағы қарсылық ғасырға созылды. Әрине, алаш қайраткерлері жиырмасыншы жылдардың соңы отызыншы жылдардың басында физикалық тұрғыдан жойылды, қуғын-сүргін құрбаны болды. Саясат сахнасынан кетірілді. Бірақ, алаш идеясы өмірден кеткен жоқ. Ел жадында жүрді. Өз функциясын атқарумен болды. Тарих ғылымының ерекшелігі – біткен, аяқталған процестерді зерттейді. Ағымдағы процестерді саясаттану зерттейді. Осы тұрғыдан алғанда, алаш пен большевизм арасындағы қайшылық, қарсыласу – аяқталған процес. Тарихшы бұл мәселені зерттей алады және тұжырым жасайды. Тұжырымдауға тиіс. Мәселе неден басталды? Ертедегі Рим тарихында мынадай сөз бар: «Жеңілгендердің соры мол» деген. «Алаш қозғалысы» жеңілген қозғалыс. Жалпы, «Алаш қозғалысы» деген сөздің басын ашып алуымыз керек.

Осы уақытқа дейін анықталмаған бір мәселе бар. «Алаш қозғалысы» десе, алаш партиясының, Алаш зиялыларының қызметімен шатастырады. Бұл  дұрыс емес. Шындық басқа. Бұл – қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Мағынасы солай. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы – әлемдік ұлт-азаттық көтерілстер арнасында өмірге келген шындық. Әлемдік деңгейдегі тарихи процесс. Мысалы, Түркиядағы «Жас түріктер», Индиядағы М.Ганди басқарған Үнді ұлт-азаттық қозғалысы, Қытайдағы Сунь-Ятсенның қытай мемлекеттілігі үшін жүргізген күресі, сол сияқты Латын Америкасы, тағы басқа елдерде болған көтерлістер арнасында қарауымыз керек. Біздегі қателік мынада: советтік идеология бұл мәселені Ресей тарихымен байланыста қарауға мәжбүрледі. Бұл дұрыс емес. Біз Алаш қозғалысын әлемдік ұлт-азаттық контексінде қарауымыз керек. Отаршылдыққа қарсы. Табиғаты осы. Мысалы, Ә.Бөкейханов – М.Ганди, Ататүрік, Сунь-Ятсен сияқты қайраткер. Одан бірде-бір кем емес. Сол арнадағы, бағыттағы, саяси көзқарастағы қайраткер. Ал оны бізге империялық идеология түрлі әдістер арқылы кемітіп, өзгертіп көрсетті. «Жеңілгендердің соры мол» дегеніміз осы.

«Алаш қозғалысы» большевизмге қарсы деген сөз шындықты бұрмалаушылық. Тарихта мынадай нәрсе айтылып келді:  қазақтарда Қазан төңкерісіне шейін саяси басқарушы күш болған жоқ. Қазақ қоғамы сауатсыз, артта қалған, жабайы, феодалдық қоғам, оның саяси бастаушы күші болған жоқ және саяси бағыттаушы мүмкіндік болған емес деген ұғым-түсінік қалыптастырылды. Бұл да қате. Тарихи ұғымға қайшы пікір. Есімде, Ә.Марғұлан ағамыз теледидардан Ш.Уәлихановтың көптомдығына байланысты мектеп оқушыларымен кездесті. Сонда мынадай сөз айтты: Ш.Уәлиханов қазақ қоғамындағы жалғыз интеллигент емес, олар көп болған деді де қойды. Таратып айтқан жоқ. Айтуға мүмкін емес еді.

Бір мысал келтірейін: 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы болды. 1987 жылы Орталық комитеті Колбиннің басқаруымен конференция өткізді. Сонда ОК хатшысы З.Камалиденов баяндама жасады. Сонда ол Қазан төңкерісіне дейін қазақ қоғамында 22 адамның ғана білімі болды деді. Қазақ қоғамында жоғары білімді, саяси-әлеуметтік күш болған жоқ дегенге келтірді. Шындық басқа еді. Ол кезде алаш қайраткерлерін зерттеуге тыйым салынған, архивтер жабық болды (1987 жылдары). Олардың мұрасын оқуға мүмкіндік болған жоқ. Сондықтан, ОК хатшысының айтқанын түсінуге болады. Қазақтарда, біз бұнымен айналыстық, Ғалым Ахмедов бастаған топ жұмыс жасады, қазіргі уақытта құжатпен дәледенген нәрсе, қазақ қоғамында жоғарғы білімді зиялылардың саны 120-ға жуық. Ресейде, Азияда оқығандар. Түрлі мамандықтар бойынша. Ал арнайы оқу орындарын бітірген (гимназиялар, орта білім беретін) қазақ зиялыларының саны 700 жуық. Мысалы, А.Байтұрсынов мұғалімдер семинариясын бітірген. Оның білімін университет бітіргендерден қалай кем деп айта аласыз. Демек, қазақ қоғамында зиялылар тобы болды.

Ал ендігі бір мәселе ағартушылық. Оның басында тұрғандар: Ы.Алтынсарин, Ш.Уәлиханов, Абай деп айтамыз. Бұл да өтірік. Бұрмаланған шындық. Рас, олар ағартушылықты бастады. Мектеп ашты, кітаптар шығарды, оқулықтар жазды. Бірақ, олар қазақ қоғамында ситуация жасай алған жоқ, жасай да алмайтын еді. Советтік идеология-Абай айтты: дүниенің кілті орыста, мәдениетін, тілін үйрен деп. Міне, ағартушылықтың ұраны осы дейді. Ол өтірік қой! Олай емес. Шындықты бұрмалаушылық! Мына мәселені айтуымыз керек: қазақ халқында ағартушылық ХХ ғасырдың басында басталды. Ағартушылықтың негізгі белгісі не? Белгісі мынау: қазақ тілінің ұлттық тілге айналуы, ғылым, білім тіліне айналуы. Ұлттық сананың құралына айналып, ұлттық сананың қалыптасуы. Ұлт өзін ұлт ретінде сезінуі. Оны жасағандар: ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялылары.

Мысалы, 1909 жылы үш кітап жарыққа шықты. Абай өлеңдері, «Маса», «Оян, қазақ!» Қазақ ағартушылығының ұраны – осы «Оян, қазақ!» болды. Ал енді осы кездегі қазақ кітаптарының тиражы – 2 миллионға жетті. Өмірге жалпыұлттық журнал «Айқап» келді. Қазақ тілінде шыққан. 1913 жылдан бастап «Қазақ» газеті шыға бастады. Бұл да бірінші жалпыұлттық газет. Тиражы 8 мыңға дейін жетті. Бүкіл Қазақстанға және Өзбекстан, Қырғызстан, Ресейде тарады. Ең негізгісі – А.Байтұрсынов қазақ тілінің грамматикасын жасады. Қазақ тілі ғылым тіліне айналды. «Қазақ» газеті арқылы қазақ өзін ұлт сезініп, ұлттық мәселелер қойылып, талқыға түсті. Жалпыұлттық съезд өткізу мәселесі қойылды. 1916 жылғы қазақ зиялыларының қызметі нені көрсетті? 68 съезд өтті. Сол съездерде қазақ комитеттері сайланды. Оны басқарған «Қазақ» газеті болды. Қазақ комитетін қалай ұйымдастыру керек! 1917 жылы қазақтардың саяси басқарушы күші, элитасы қалыптасты. Осы жылы жазда Орынборда Жалпы қазақ съезі өтіп, онда «Алаш» партиясы құрылды. Ол европалық деңгейдегі партия болды. Жарғысы, бағдарламасы бар ондай партия Финляндия, Польшада, Ресей құрамындағы татарларда болды. Қазақ зиялылары Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. Думада қазақ жерінің мәселесі негізгі тақырыпқа айналды.

(жалғасы бар)

«Әуезов үйі» ҒМО-ның конференция

залында 15 сәуірде өткен дәрісті

қағазға түсірген Е.Қаныкейұлы

 

Байланысты жаналықтар

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

05.04.2024

АҚШ президенті Джо Байденнің әйелі мысық туралы кітап жазды

04.04.2024
MalimBlocks
Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

87 жыл бұрын (1936-2020) – Қазақстанның тіл ғылымы саласындағы әйгілі академик Өмірзақ АЙТБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Malim.kz.

АҚШ президенті Джо Байденнің әйелі мысық туралы кітап жазды

АҚШ президенті Джо Байденнің жұбайы Джилл Байден балаларға арнап «Уиллоу – Ақ үйдегі мысық» (Willow the White House Cat) атты кітап жазып шықты. Бұл туралы Америка дауысы агенттігі хабарлады.