Бірыңғай Тұрғын үй операторы баспананы қалай қол жетімді етеді?

Malim Админ

  • 22.04.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «еститін мемлекет» боламыз дегелі, үкімет пен ел, парламент пен халық, әкімдік пен тұрғындар арасындағы байланыстарды оңтайландыру бірінші орынға шыққаны түсінікті. Содан бері жер-жерде әкімдер тұрғындарды қабылдап, күнделікті істеген ісі мен атқарған жұмысы жөнінде әлеуметтік желі арқылы елге есеп беріп отыратын болды. Әрине, мұндай есеп берумен естуші мемлекет бола қалмасымыз анық. Қазіргі халықтың ең басты талаптарын ескеру, оларды ескере отырып, әр сала бойынша  біршама шарттарды жеңілдету, мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру керек. Осындай бастаманың бірін осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары ұсынған. Бұл – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы.  Бұл жобаның ерекшелігі сол – Тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторын құрып, үй алуды жеңілдету. Ары тарт та, бері тарт емес, үй салу болсын, үйді нарыққа шығару болсын, банктер арқылы несиеге беру болсын, бәрі бір орталық арқылы жұмыс істемек. Осыған орай жоғарыда аталған заң жобасы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында, екінші оқылымда мақұлданды. Айта кету керек, біраз уақыттан бері қолға алынған бұл заң жобасы алғашқы оқылымда да мақұлданған. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов айтты.

«Осы заң жобасы 2020 жылғы 8 сәуірде бірінші оқылымда мақұлданды. Талқылау кезінде атап өтілгендей, тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған үш операторын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіруге, сондай-ақ олардың қайталанатын функцияларын жоюға және жалпы әкімшілік шығыстарын қысқартуға бағытталған», - деді Сапар Ахметов.

Түсінгеніміздей, бұл жерде Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының мақсаты – шығынды қысқарту, уақытты үнемдеу, қызметтерді біріктіру. Жалпы, заң жобасында бірыңғай операторға енгізілген нормалар тізімі мынадай негізінен үш бағыттан тұрады: инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асыру жөніндегі қызметтерін регламенттеу, ипотекалық тұрғын үй қарыздарына кепілдік беру және үлескерлердің құқықтарын қорғау тетігін қолдану арқылы көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға кепілдіктер беру.

Жалпы, бұған дейін Тұрғын үй салуға қатысты, оның пайдалануға берілуіне, берілген күннің өзінде оның сапасының нашарлығына қатысты даулы оқиғалар аз болған жоқ. Соның ең бастысы – жұрттың ипотекалық алдын ала салымына салынған үйлердің айтылған уақытында салынып бітпеуі немесе сапасыз салынуы болатын десек ешкім жоққа шығара алмайды. Аузынан жырып, қалтасынан қысып жинаған ақшасы (салымы) желге ұша ма деген уайым мен қорқыныш кімді де болса алдын ала салымнан сақтануға итермелейтін. Енді, бірыңғай оператор құрылса, алдымен, осындай мәселелерді шешеді. Ақша салған адам ешкімге алданып қалам деп қорықпай, уақытында, сапалы үйге қол жеткізуге мүмкіндік алады.

Жоғарыда бұл заң жобасының Парламент Мәжілісіндегі алғашқы оқылымда да мақұлданғанын айттық. Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста тұрғын үй бағдарламаларының осыған дейін жеке-жеке жұмыс істеп келген (жұмыс істеп тұрған) үш негізгі операторлар – «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ мен «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ-ны біріктіріп, «Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы» деп аталатын ортақ оператор құру мақсаты түсіндірілген.

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин сол кезде бірыңғай оператор құрудың – тұрғын үй қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін құрылып жатқанын айтқан. Палата спикері «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы жайлы «әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге барынша ықпал етеді» деген.

«Тұрғын-үй саясаты әрқашанда күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе екені баршаңызға белгілі. Осы жолда Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, мақұлданған бүгінгі Заң жобасы аталған саладағы сұрақтарды уақыт талабына сәйкес, одан әрі, тиімді шешуге ықпал етеді деп білеміз. Себебі, енді, Қазақстанда тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын бірыңғай оператор құрылады. Ол халқымызға, соның ішінде, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар арасында қолжетімді баспана мәселесін шешуге кең жол ашатын болады», - деді ол отырыста.

Бұл заң жобасы іске асса, нәтижесінде бірқатар шығындар азаяды. Мәселен, жалпы әкімшілік шығындар 42% -ға азаймақ. Былайша айтқанда, қазіргі кетіп жүрген шығындардың жартысына жуығы қысқарады деген сөз. Одан бөлек, бұл бірыңғай оператор Тұрғын үймен қамтамасыз етудің негізгі бағытын мұғалімдерге, дәрігерлерге, бюджеттік ұйымдар қызметкерлеріне, табыс деңгейі орташа және одан да төмен отбасылар мен азаматтарға бағыттамақ. Бұл туралы мәжіліс төрағасы:

«Жалпы, бірыңғай оператор құру біздің азаматтарымыз үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді тұрғын үй саясатын қалыптастыруға ықпал етеді», - деді.

«Өз үйім – өлең-төсегім» деп, жеке баспанаға зар болып жүрген жас отбасылар мен айлығы шайлығына жетпей жүрген қызметкерлерді тұрғын үймен қамту туралы бұған дейін де бірнеше бағдарламалар жасалған. Атқарушы билік – жергілікті әкімдіктердің жекелеген бастамалары арқылы да іске асып жатқандары да жоқ емес. Демек, аталмыш заң жобасы – тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқартып, бірыңғай оператор құру – баспананы қолжетімді ете түседі деп үміттенуге болады.

Айта кету керек, заң жобасы аясында Қазақстан Республикасының 3 кодексі мен 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Әрине, Парламентте мақұлданған заң Үкіметте қаралатынын ескерсек, бұл келер күндер еншісіндегі шешім.

Байланысты жаналықтар

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады

22.03.2024
MalimBlocks
5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

«Көшкін қаупі жоғары»: ТЖМ қазақстандықтарға ескерту жасады