Бір жауынгердің тарихы

Malim Админ

  • 08.05.2020

Сол күні 1941 жылдың жазғы таңы тамылжып атқан еді. Таудың ортасындағы жаздың жасыл көрпесін жамылып, таудың таң алдындағы тынық ауасымен тыныстаған  қаннен қаперсіз оймақтай  Шарбақты ауылы бұйығы ұйқысынан ояна қойған жоқ еді. Таңғы тынық ауаны жарып, сатырлаған ат тұяғының дыбысынан бүкіл ауыл оянғандай болды. Үй шаруасының, балалардың қамымен қанша шаршаса да, өткен түнде көз іле алмай, әлденеге мазасызданған Ырысты ана атты кісінің өз шарбағының алдына келіп тоқтағанын сезіп, үйден атып шықты. Ауыл почтальоны атын тебіне жақындап, қара танымайтын кейуананың қолына бір жапырақ қағазды ұстата берді.. «Пәбеске» екен.. Ана жүрегі қарс айрылды... Осы жазда ғана орта мектепті тамамдаған ұлы Қайын топ бозбалалармен тізе қосып,  атақты «қырық бірдің» 25 маусымы күні көппен бірге майданға аттанып кете барды..

Соғыс түгілі, әскери тәртіпке дағдыланбаған өрімдей жастарды тиеген эшалон Белоруссия аумағына жетеді. Оларды Козельки қаласында үш ай алғашқы әскери дайындықтан өткізеді. Олардың қатарында Қайын Керденов те бар еді.

Жас жауынгер Қайын Смоленск майданының 13 дивизиясының 72 полкі құрамында алғаш рет фашистермен бетпе-бет ұрысқа қатысады. «Бұл басқыншы жаудың ең бір басым түсіп жатқан уақыты, жер мен көк астаң-кестең. Құлақ түбінен оқ зулап ұшып жатыр. Біздің полк те қарсыласып, жан беріп, жан алысып жатырмыз. Бір кезде зұлмат жаудың бомбалаушы ұшағы төбемізден қайта-қайта айналып жүріп, бомбалай бастады. Бомба бір кезде жақын жерден жарылды. Аспан айналып жерге түскендей болды. Топырақ астына көміліп қалыппын. Есімді жисам, қасымдағы қарулас досым шаһит болыпты. Екі жақ та қатты қырылған. Контузия алған мен майор Березовскийдің госпиталына түстім. Емделіп шыққан соң, қайтадан өзімнің 72 полкіме келіп қосылдым»,-деген еді алыс қалған күндерді қамыға еске алған қарт майдангер. Осылайша, соғыс өртін алғаш көрген жас қазақ жауынгері Қайын Керденов кеңестік армияның қалың сарбаздарымен қатар кеудесін оққа тосып, мұз жастанып, қар төсене жүріп, жаумен арпалысып, жігерін жанып, соғыс жағдайына шыңдала береді. Белоруссия, Украина, Румыния, Чехословакия, Польшаның қалалары мен деревняларын азат етуде небір қиын-қыстау сапарларды кешеді. Терең өзендерді малтып өтіп, тартпа батпақтардан асып өтіп, түн баласы көз ілмей қараңғы ормандарда  жападан жалғыз күзетте де тұрады. Жаудан тіл әкелуге де қатысады. Дивизия қоршауда қалған күндерде, аштыққа да төзеді. Ақыры, шабуылға шығып, қоршауды бұзып, жауды тықсырады. Сөйтіп, саңлақ жауынгер Қайын Керденов айбынды 72 полк құрамында неміс фашистерімен өршелене шайқасып, оларды өз ұясында талқандайды. Ал, көптен күткен Жеңіс күнін Прага қаласында қарсы алады. «Фашистер аяусыз қырған, зорлық-зомбылық көрген шет ел тұрғындары азат етуші бізді көргенде ерекше қуанып қарсы алатын еді»,-деген еді майдангер. Бірақ, соғыста қанаты қатайып, есейген сарбаз Қайын Керденов елге тек 1946 жылы оралады. Әкесін көргенмен, аяулы анасын қайтып көре алмайды..

Елге оралысымен әуелде сырттай КазПИ-ге түскен ол, кейін С.М. Киров атындағы  ҚазМУ-ге ауысып, оның күндізгі бөлімін тарих мамандығы бойынша бітіріп шығады. Ақтас орта мектебіне мұғалім болып орналасады. Бірте-бірте педагогтік тәжірибесін жетілдіре түсіп, оқу ісі меңгерушісі міндетін атқарады. Ал, 1953-1959 жылдар аралығында аталмыш мектептің директоры қызметін атқарады. 1959 жылы Қордай ауданының орталығына келіп, Абай орта мектебі интернатының меңгерушісі болып тағайындалады. Майдан өтінде шыңдалып, шираған, өзі де табиғатынан ширақ мінезді, турашыл, тәлімгер ұстаз  бейбіт өмірде де әлеумет ісіне бел шеше араласады. Өзі басшылық еткен мектеп-интернаттың жай-жағдайы оны әрқашан толғандырады. Сол жайдан былай дегені де бар: «Мен интернатты қабылдап алғанда 37 оқушы бар екен. Кейін оқушылар саны 150-200-ге дейін жетті. Ер балалар үшін, қыз балалар үшін жатақхана, асхана салдық. Бұрын орталықтан шеттеу Крупская колхозының клубында жатады екен. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге тырыстық. Шәкірттеріміз әр салада қызмет етеді, қазір олардың көбі зейнеткер де болар. Көрген жерде   «ұстаз» деп иіліп тұрады. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген ғой».

Иә, бұл 98 жасқа келіп, 2019 жылы дүниеден озған ардақты ардагер, бір ғана мектептің ғана емес, елеулі еңбегімен, қоғамшыл  ісімен елдің ұстазына айналған   Қайын ақсақалдың осыдан бір-екі жыл бұрын Жеңіс тойында кездескен сәтімізде айтқан әңгімесі еді. Мектеп-интернат меңгерушісі болып 23 жыл еңбек еткен ұстаздың еңбегі еленбей қалған жоқ. Тарихшы ұстаз «Халық ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін иеленеді, екі рет ҚазССР Оқу министрінің грамотасымен марапатталады. Әлеумет өміріндегі өзекті мәселелерді шешуге белсене араласатын майдангер, ұстаз ауылдық кеңеске үш рет депутат болып сайланады. Ал, 2000 жылы жасампаз кеңес әскерінің саңлақ сарбазы, майдангер Қайын Керденовке Қордай ауданының мәдени-әлеуметтік, экономикалық өсіп-өркендеуіне қосқан  өлшеусіз еңбегі ылайықты бағаланып, Жамбыл облысы, Қордай ауданы мәслихатының шешімімен «Қордай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.

Иә, бейбіт өмірдің де қиындығы мен қызығы мол. Отбасылық өмірде де аяулы жары ұстаз-ана Нұржамал Жұмабайқызы екеуі жарасымды ғұмыр кешіп,  екі ұл, төрт қыз өсіріп, тәрбиелейді. Ұлдары мен қыздары, олардан сүйген немере-шөбере, жиен-жиеншарлары өмірдің әр саласында қызмет етуде.

Бүгінде ұзақ ғұмыр кешкенімен Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойын шақтау уақыт қалғанда көре алмай кеткен жанкешті  майдангер Қайын Керденовтің көзі тірісінде кеудесінде жарқыраған «Қызыл жұлдыз», «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен Варшава, Прага, тағы басқа да қалаларды азат етудегі ерен ерлігі үшін берілген ұзын қарасы 16-ға тарта медальдары ұрпақтарының қолында қасиетті тұмардай сақтаулы десек болады.

 

                                                                  Раушан Әбдіқұлова

                                              Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі