Әуежайда Абайдың аты бар да заты жоқ...

  • 20.05.2020
  • Malim Админ

Биылғы Абай тойы жылдың басты шарасы болғандықтан, Семейдегі өзгерістер ең алдымен қала халқының назарын аударатыны белгілі. Сол орайда, таяуда халықаралық «Семей» әуежайының атауы «Абай» болып өзгергенде, жергілікті жұртшылық қуана қабылдады. Әуежайға ақын есімі берілетіні былтырғы жылдан бері айтылып жүргенімен, құжат жүзінде республикалық ономастикалық комиссия қарауында мақұлданып, ресми түрде бекігеніне әлі ай тола қойған жоқ.

Соңғы екі жыл бойына күрделі жөндеуден өтіп бюджеттің 10 млрд. теңге қаражаты жұмсалған әуежай қазір қаланың көз тартатын көрнекті нысандарының қатарында. Алайда, қыздың жиған жүгіндей көрінетін әуежайдың әрін келтіретін, мәнін арттыратын негізгі элементтің елеусіз қалып келе жатқанын айтпасқа болмайды. Ол – әуежай ішіне кіріп келген жолаушының назары бірден түсетін Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ не нақыл сөзі, не өлең жолы, не бейнесі салынған көрнекілік дүниенің бүгінге дейін орнатылмағаны. Десек те, тойдың шымылдығы түрілетін күнге әлі бірер ай уақыт бар. «Қазақстанның тарихи орталығы саналатын» Семейде бейнелеу өнерінің қыр-сырын шебер меңгерген қолы алтын адамдар да баршылық. Олардың қай-қайсына болсын, осы бір олқылықтың орнын толтыру қиынға түсе қоймасы түсінікті. Бірақ, атқарушы биліктен қолдау болмаса, шебер қолынан шыққан Абайға қатысты туындының қайсы болмасын, оның қоймасында шаң басып қала беретіні белгілі жайт.

Абайдың 175 жылдық мерейтойына өз үлесін қосуға ерте бастан қамданған Арқат ОРАЗҒАЛИЕВТІҢ ізденісіне көз де, көңіл де тоярлықтай. Семейліктерге көптеген шығармашылық туындыларымен аты белгілі Арқат ДҮЙСЕНБАЙҰЛЫНЫҢ  қолынан шыққан Абайдың кеуде мүсіні әуежайдың ішкі залының көрнекі тұсына қоюға әбден лайық деуге болады. Қазір жасыратыны жоқ, Абай бейнесіне қатысты әртүрлі көзқарастар айтылатыны тағы бар. Сәулетші оны да ескерген екен.

-Мен бұл кеуде мүсінді жасарда Абайдың балаларымен отырған суретіне баса назар аудардым. Сосын өнердегі ұстазым, қазақ сәулет өнерінде ерекше қолтаңбасы қалған Хакімжан Наурызбаевтың мүсініне, бюсттеріне қарап, жан-жақты зерттеп сараптау елегінен өткізіп жасап шықтым. Әрине, өз қолыңнан шыққан дүние болған соң, оның жұрт назарына ұсынуға ұмтыласың. Мен жалпы, Абайға қатысты дүниелер жасауға тап бүгін, аяқ астынан келгенім жоқ. Сөз орайы келгенде айта кетейін, 1995 жылы Абай тойы ЮНЕСКО көлемінде дүбірлегенде де қатысуды перзенттік парызым санадым. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясындағы Зере әже, Ұлжан, Әйгерімнің және бала Абайдың бейнесін ағаштан бедерлеп, той қонақтарына тарту еттім. «Бала Абай» бейнесі сомдалған дүнием «Бөбек» қорының президенті, Нұрсұлтан Назарбаевтың жары Сара Алпысқызына тарту еттік. Одан бөлек қыран ұстаған бүркітші мүсіні, «Қазақстан» композициясы да келген қонақтардың кәдесіне жарады. Қысқасы, дәл осы жыл, ақын тойының думанды күндері менің шығармашылық өрлеуіме жол ашты,-дейді Арқат сәулетші.

Сол кезден қанаттанған Арқат Дүйсенбайұлының есімін, еңбегін ел жақсы біледі. Қала басшылығы да хабарсыз емес. Анығына көшсек, қала әкімі Ермак СӘЛІМОВПЕН осыған байланысты жүздескен де екен. Алайда, әуежайға ақын мүсінін орнату созбаққа түсе бастаған көрінеді.

-Мен ұсынысымды қала әкімі Ермак Бидахметұлының қабылдауында болғанымда айтқанмын. Қолдайтындығын білдіріп, әуежайға да келіп, орынын белгілеп, ақылдасып та қайтқанбыз. Әрине, той қарсаңындағы қат-қабат шаруалар жетерлік болғандықтан, әкімнің маған берген уәдесі ұмыт қалды деуден аулақпын. Тек, Абай Құнанбайұлының есімі берілген әуежайға алыс-жақыннан келетін той қонақтарына ақын бейнесі бірден көз тартып тұрса, әсері қандай болатыны түсінікті шығар,-дейді сәулетші А. Оразғалиев.

«Театр киімілгіштен басталады» (Станиславский) деген тәмсілге сүйенсек, әуежай – ұлылар мекені атанған тарихи қаланың басты айнасы. Сондықтан, Абайдың 175 жылдығын тамашалауға шақырылған мейман әуежай ішіне кіргеннен қайда келгенін бірден сезінсе, зор ғанибет емес пе? Бұл тұрғыда қала билігі тарапынан қандай қозғалыс барын білмек оймен қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке АҚҚОЖИНАҒА  хабарластық.

- Әуежайға Абай Құнанбайұлының есімі ресми түрде берілгені енді ғана. Дәл қазір оның залынан Абайдың бейнесі, сөзі бүгін-ертең көрініс береді деп өтірік айта алмаймын. Бірақ, әуежай басшылығы мен қалалық әкімдіктің осы тұрғыда ойы бір жерден шықса, әрине, бұл мақсаттағы істі жүзеге асыруға әбден болады,-дейді бөлім басшысы Н. Аққожина.

С. КӘРІПБАЕВ

Фотолар автордікі.

Байланысты жаналықтар

 Абайдың туған жылы мен күні туралы

11.04.2020

“КЕМШІЛІГІ ӘР ЖЕРДЕН КӨРІНІП ТҰР-АУ…” 2-бөлім

10.02.2020

«ЕЛ ТАНЫМАЙ, ҮЙ ТАНЫП ҚҰР...»

13.05.2020

Абай. Қандай қызда ләззат бар жан татпаған?..

06.01.2021

Турағұл

13.02.2020

Абай. Қалың елім, қазағым, қайран жұртым...

06.01.2021