Шәууәл айының алты күн оразасын қалай тұту керек?

  • 27.05.2020
  • Malim Админ

Шәууәл айының оразасы - нәпіл ораза. Яғни, мұны ұстау ешкімге міндет емес, адамның өз ықтиярында. Дегенмен, мұны ұстамаған жан Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) "Кім Рамазан айында ораза ұстап, кейін оған шәууалдің алты күнін қосса, онда ол жыл бойы ораза ұстағандай болады" деген хадисіндегі бір жылдық оразаның сауабынан құр қалады.
Шәууәл айының нәпіл оразасы тек осы айда ғана ұсталады (яғни 25-мамыр мен 22-маусым аралығында).
Шәууәл айының нәпіл оразасын арасын үзбей қатарынан, сонымен қатар арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде де ұстауға болады.
Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған адамдар алдымен Рамазанның қазасын өтегені дұрыс. Себебі, Рамазан оразасы - парыз ораза. Ал Шәууәл айында 6 күн ораза тұту - Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті. Адамның ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, кейін нәпіл оразаны ұстаған дұрыс. Жоғарыда келтірілген хадисте «Рамазан оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса» делінгенін ескерсек, әуелі Рамазанның қазасын өтеудің абзалдығын ұғамыз.
Рамазан оразасын ұстамаған адамдарға да Шәууәл оразасын ұстауына болады. Алайда, олар Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүйіншілеген бір жылдық оразаның сауабын ала алмайды. Себебі, Рамазан оразасы – бізге парыз етілген ораза.⠀
Шәууәл оразасы да Рамазан оразасы секілді «таң» намазынан басталып, «шам» намазына яғни, күн батқанға дейін жалғасады.
Шәууәл айының алты күндік оразасын әр аптада екі күнге бөліп, әсіресе, аптаның дүйсенбі және бейсенбі күндері ұстаса, нұр үстіне нұр. Себебі, Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын», - деген. (Тирмизи)

Байланысты жаналықтар

"Куәгерлерде" басы артық сөз қолданыстар мен қайталау бар

24.04.2020

Ораза ұстаушыларға аса қажет мәліметтер

06.04.2021

"Борат-2" – үздік комедия, Саша Коэн – үздік актер

01.03.2021

АҚЫН КЕТІП БАРАДЫ...

15.07.2020

Ораза 13 сәуір күні басталады

02.04.2021

Мұрат Әйтенов қарт майдангерлерді мерекесімен құттықтады

07.05.2021