"Тоқаев үстемақыны ұпай жинау үшін айтқан жоқ шығар?"

  • 16.06.2020
  • Алмас НҮСІП

Алматылық жедел жәрдем қызметкерлері мамыр айына тиесілі үстемақыларын ала алмай жүр. Олар бұл ғана емес, өзге де жетіспеушіліктер, басшылық тарапынан заң бұзушылықтар аз емес дейді. «Осыған дейін шыдағанымыз да жетеді», деген жеделжәрдемдіктер бүгін наразылыққа шықты. Malim.kz тілшісі наразылық жиынына барып, жедел жәрдем қызметкерлерімен тілдесіп қайтты.

Алматы қалалық медициналық жедел жәрдем станциясына қарайтын 12 қосалқы станцияның әр қайсысында 14-тен 30-ға дейін бригада жұмыс істейді. Коронавирус басталғалы жұмыстары көбейген, қалалық карантин алынып тасталғалы тіпті тыным таппайтын болған жедел жәрдем қызметкерлерінің айтары аз емес екен. 50-60 қаралы адамның басты талаптары – коронавирусқа байланысты тағайындалған үстемақыны толығымен берсін дейді.

«Мен 25 жыл жедел жәрдемде істеймін, жоғары категориям бар. Жалақым 106 мың болған. 30 пайыз қосылады деді, 115-ақ мың алдым. Қайда 30 пайыз? Мен 25 жылдан бері жүрген жоғары категориялы маманның жалақысы 115 мың, ал жұмысқа кеше кірген мына жас қыздың жалақысы 160 мың. Әділеттілік қайда? Менің төрт балам бар, қазіргі жұмыстың қандай ауыр екенін өздеріңіз де жақсы білесіздер. Біз мамыр айына төленетін 425 мың теңгені төлеп берсін, басқа ештеңе сұрамаймыз, - дейді 7 қосалқы станцияның фельдшері Светлана САГИМОВА.

Жалақының әр түрлі болатынына шағынушы тек Светлана ғана емес, директордың жалақыны тәжірибеге, біліктілікке қарап емес, көңіл-күйіне қарай тағайындайтынын, өзіне ұнамайтын қызметкерлердің жалақысын талапқа сай өсірмей қоятынын айтады. Басшылық, тіпті, наурыз айында берілген премияны келесі жалақыларынан ұстап қалыпты. Алматы қалалық 7 станцияның алдына жиналған бүкіл қала бойынша жедел жәрдем қызметкерлері арыз-шағымдарын былай жеткізді:

[caption id="attachment_4693" align="alignleft" width="750"] Наразылық білдірген жедел жәрдем қызметкерлері. Алматы, 16 маусым, 2020 ж. Фото: Malim.kz[/caption]

- Премия береді, келесі айда қайтарып алады. Наурыз мерекесінде беріп алды да, келесі жалақыдан ұстап қалды. Сонда біздің өз мерекемізде премия алуға құқығымыз жоқ па? Айтыңдаршы, жігіттер?

- Медицина қызметкерлері күнінде де бермейміз деп отыр. Неге десек, сендер 425 мың алдыңдар, сол да жетпей ме, медбикелер, диспетчерлер алсын дейді. Сонда, 425 мыңды да, премияны да бермейін деп отыр.

- Мысалы, қараңызшы, біздің станцияда бір ауысымда 50 адамдай істейді. «Науқаспен байланыста болған» деді де, бір-ақ күнде бәрін карантинге жіберді. Сосын, қалғанымыз бөлініп-бөлініп жұмыс істедік, үлгере алған жоқпыз, қоңырау шалған науқастар өздері келуге мәжбүр болды. Бұл заңға қайшы ғой?

- Ал, карантин біткен соң барлық қызметкерлер бірдей жұмыс істеді. Бірақ, біреулер 330 теңгеден алады, ал мен – 17 жыл жұмыс өтілім бар, - 260 мың теңге алам. Қалған 70 мың қайда? Басшылыққа барсаң МСҚ-ға сілтейді, оларға барсаң, біз жібергенбіз, өздерің шешіп алыңдар дейді. Қалай түсінуге болады?

- Негізі, карантинде болсаңдар да жалақыларыңды толықтай төлейді деді, бірақ, төлеген жоқ. Жарайды, бұған көз жұмдық. Бірақ, мамырдың үстемақысын беру керек еді ғой.

- Бұларды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тексеру керек!..

[caption id="attachment_4698" align="alignleft" width="750"] Жедел жәрдем қызметкерлері журналистерге ескірген қорғаныш костюмдерін көрсетіп тұр. Алматы, 16 маусым,2020 ж. Фото: Malim.kz[/caption]

 

Осындай проблемаларын айтқан қызметкерлер, тіпті, киіп жүрген қорғаныш киімдерінің тозып біткенін айтып, журналистердің алдына тосты. «Міне, мынау қорғаныш киімі бізді вирустан қорғауы керек қой, ал, қараңыз, өзі шұрық-тесік, қалай қорғайды?» деген қызметкерлер бұдан ары жаздың ыстығында мынадай тұмшаланған формамен жүрудің өзі оңай емес екенін айтады. Бір форманы үш адам кезектесіп киеді, өздері үтіктейді. Оның сыртында, көп көліктер ескі, ішіне кірсе ауа жетпейді, бензиннің иісі мүңсіп тұрады. «Шынын айтқанда, әр күн сайын басымызды бәйгеге тігіп жұмыс істеп жүрміз», дейді олар.

«Бізде бұған дейін форма, міне, осындай болды. Шұрық-тесік. Денемізді толық жабу үшін, тесіктеріне мақта тығамыз. Түнде бізде форма болған жоқ, бірақ, қазір осындай шу болып жатқан соң, мына станцияға 20 форма алып келді. Қайдан келді ол форма? Комиссия үшін дейді. Сонда біздің денсаулығымыз комиссияға ғана керек пе? Комиссия келмесе, осылай жүре береміз бе? Бірдеңе десең бітті, «ұнамай ма, шығып кет», дейді, болды! Біз мынадай формамен жұмыс істеп жүргенде айтқандары сол», - дейді 7 қосалқы станцияның арнайы бригадасының дәрігері Әлішер Артықов.

Жиналғандар бұдан әрі «директор кетсін, біздің талабымыз сол. Бастық кетсін, біздің ақшамызды төлесін, әйтпесе, біз жедел жәрдемді тоқтатамыз», деп, шуласып кетті.

Бір қызығы, басшылық ақшаның әр түрлі төленуін – қызметкер коронавирус ауруын әкелді ме, жоқ па, соған қарап төлейміз деп түсіндіріпті. Сен әкелген наунастан коронавирус анықталса үстемақы аласың, анықталмаса алмайсың...

«Бұдан бұрынғыларын да бөліп-бөліп берді. Екі айын. Әйтеуір берді ғой. Бірақ, үшінші айға кеше түсті. Кім коронавирусқа қатысты шақыртуға шықты, ауруға қарсы қорғаныш костюмін киді, соларды сағатқа есептеген де, соған қарап түсіріп берген. Оның өзін дұрыс есептемеген. Мысалы, рениматолог-дәрігер Александр 66 мың алса, оның фельдшері 130 мың алып отыр. Ал, екеуі мамыр айында бірге істеген. Бұл қалай сонда?» - дейді 4 қосалқы станцияның балалар дәрігері Самал СЕЙІТҚАЛИЕВА.

[caption id="attachment_4697" align="alignleft" width="750"] Наразы жедел жәрдем қызметкерлері. Алматы, 16 маусым, 2020 ж. Фото: Malim.kz[/caption]

Кеше біреуге 30 мың, біреуге 60 мың, біреуге 130 мың дегендей, әр түрлі сомада ақша түскен. Үшінші айға 425 мың көлемінде ақша түседі деп жоспарлап жүрген алматылық жедел жәрдемшілер бұған дейін де бұл мәселені көтеріп, наразылық білдірген. Тіпті, Президент әкімшілігіне арыз жазған. Ол арыз Алматы қалалық әкімдігіне қайта оралыпты. Әкімдік жедел жәрдем станциясы басшысын шақырып алып, сілкілеп-сілкілеп, «бар да, шеш» деп, шығарып салған. Бұл келген де қызметкерлерін қысқан. «Арызыңды қайтып ал, айныдым деп жаз, азғырғанға ердім деп жаз», деп жеке-жеке сөйлесіпті. Бірақ, ешкім арызға қол қойғаны үшін кешірім сұрап, бас тартпапты. осының салдарынан бірер мәрте қызметкерлер арасында да түсінбеушілік пайда бола жаздапты.

Жиналғандар «біріміз бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін»; «директор кетсін!»; «басшылық президенттің жарлығын орындасын», деп ұрандады.

Президент Тоқаевтың бұйрығы не үшін берілді және не үшін орындалмай жатыр? Мұндай сұрақты Алматы қалалық 12 қосалқы станцияның жедел жәрдем жүргізушісі Ғалым ЕРСАЙЫНОВ қойды. Ол 7 жылдан бері көлік жүргізіп келеді. Оның пікірінше, жедел жәрдем орталығының басшысы техникадан хабары бар, тәжірибелі, білімді басшы керек. Өйткені, көлікке темір деп қана қарайтын басшының түсінбеуінен жүргізушілер көліктің қосалқы бөлшектерін (тежегіш колодкасы, мотор майының фильтрі, ауа фильтрі, т.б.) өз қалталарынан төлеуге мәжбүр болып жүр. Әсіресе, көліктің мотор майын ауыстыру үшін жүргізушілер ақша жинап, өздері ауыстырады.

«Бұрындары бізде орталықта әрбір 10 мың шақырым жүрген сайын немесе әр ай сайын көлікті техникалық байқаудан өткізіп тұратын едік. Бұзылған, бұзылайын деген жерлерін ауыстырып, жасататын едік. Қазір ондай жоқ. Негізі біздің подстанцияда ауысымда 14 жедел жәрдем жүруі керек, қазір тек 9 бригада жүр. Көліктерді алдын ала тексерістен өткізбегендіктен, бұзылып, мүлде тоқтап қалған. Өткенде осы мәселенің бәрін айтып, ол КТК арнасына шыққан, содан кейін май бере бастады. Бірақ, оны біз құймаймыз. Неге десеңіз, сапасы төмен. Сөйтіп, ілініп-салынып жүргенде, үшінші айдың үстемақысын бермей отыр. Сонда не, бұл сөзді Тоқаев елдің алдында ұпай жинау үшін айта салған жоқ шығар? Мүмкіндіктерін есептеп, жан-жағындағыларымен ақылдасып барып, үстемақы беру керек деген бұйрық шығарған шығар? Онда неге орындалмайды?» - дейді ол.

Ерекше атап өтетін жайт, медицина қызметкерлері бұл сөздердің бәрін қалалық станция директоры (директордың міндетін уақытша орындаушы болып отырғанына бір жылдан асқан) Азамат ӘМЕНОВТІҢ көзінше айтты. Қасында екі-үш адамы бар, сырттай қарап тұрған Әменов жиналғандарға басу айтып, сабырға шақырып, әуре болған жоқ. Журналистердің сұрағына да қысқа-нұсқа, «жоқ, олай емес», деп қана жауап берумен болды. Тіпті, қол астындағы қызметкерлері бірнеше мәрте оның сөзін бөліп те тастады.

- Бәрі қамтамасыз етілді. Жатақхана берілді... – дейді Әменов.

- Берілген жоқ, облыстан келгендердің бәрі пәтер жалдап тұрды... – дейді қызметкерлер.

- 900-дей адам тұрды жатақханада. Алматы облысынан сондай адам келіп істеді, жатақханада тұрды.

- Неге өтірік айтасыз? Біз наурыздың 19-ы күні 100-ден аса адам пәтер жалдадық.

Әменов бұдан ары тақырыпты өзгерткісі келді ме, «сіздерді «обедпен», азық-түлікпен қамтамасыз етті ғой», деп, өзге бір жақсылықтарын санай бастады. Бірақ, жиналған жұрт басқа мәселелерді айтып, директорларын сөйлетпей қойды. Жұмысшылардың талабына қатысты дұрыстап ақтала алмаған басшы «біз бұйрықтан асып кете алмаймыз», деп салды. Жұмысшылардың бірі шыдамады ма, түңілген дауыспен:

«Е, ауыстыра салсыншы!» деп, қолын бір сілтеді.

«Бізді адам ғұрлы көрмейді» деген қызметкерлер осыдан 5 күн бұрын 7 қосалқы станцияның жедел жәрдем жүргізушісі коронавирус жұқтырып, ауруханада жатып, қайтыс болғанын айтады. Әменов бұл жағдайға қатысты да «ештеңе білмейтін» болып шықты:

«Иә, жүргізушінің қайтыс болғаны рас. Бірақ, мен енді, оның нақты қандай диагнозбен ауырғанын айта алмаймын. Оны клиникалық аурухана айтады. Оған қандай жағдайда жұққанын да айта алмаймын. Оны арнайы комиссия шешеді», деді.

Ал, марқұм жүргізушімен бірге істеген қызметкерлер қазір жұмысын істеп жүр. Өйткені, олардан ауру анықталмаған...

[caption id="attachment_4711" align="alignleft" width="750"] Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері жедел жәрдем қызметкерлерімен сөйлесіп тұр. Алматы, 16 маусым, 2020 ж. Фото: Malim.kz[/caption]

Қызметкерлер басшыларынан оңды жауап ала алмаған соң, Алматы қалалық әкімдік пен денсаулықсақтау басқармасының жауапты басшылары келсін деген талап қойды.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әсел БЕЙСЕНБАЕВА жедел жәрдем қызметкерлерінің мұндай күйінен мүлде бейхабар екенін айтты. Олардың ақша алмағанынан да, көлікті өздері жасап жүргендерін де, қорғаныш формалары жоқ екенін де енді естіпті.

«Осы айтып отырғандарыңыз расымен солай ма?» деп таңғалған өкілдер алдағы уақытта арнайы тексеру жасалады, жағдай жасалады деп уәдені үйіп-төгіп, кетті. Бәлкім, бұдан ары басқарма басшысы Камалжан НАДЫРОВҚА, одан ары қала әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВҚА да жетіп қалар. Әйтпесе, Надыров түгілі оның орынбасары да білмейтін (!) жағдайды Сағынтаев естіді дейсіз бе...

Байланысты жаналықтар

"Ауылда екі сиыр бағатын жер жоқ" (видео)

19.01.2021

Елжан Біртанов коронавирус жұқтырды

14.06.2020

Талдықорғандық дәрігерлер жаппай жұмыстан кетпекші

24.07.2020

Ата-аналардан қолхат алу – ақылға қонымсыз

26.05.2020

Министрдің мектептердегі интернетке көңілі толмайды

17.02.2020

Бекшин оқушылардың қалай оқитынын өзі білмей ме?

25.08.2020