Қазақ-түрік аспанын қайтадан ашу үшін

Malim Админ

  • 08.08.2020

Бесінші тамыздан бастап Қазақстан мен Түркия арасындағы әуеқатынастардың тоқтап қалғанына орай екі жақты келісім-шаралар жүріп жатыр. Түркияға сапарлап барған Қазақстан үкімет мүшелері кеше Анкара қаласында осы елдің денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожамен кездесу өткізген. Бұл кездесуде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір тапсырмасы ­- Қазақстан мен Түркия арасындағы халықаралық әуеқатынасын қалпына келтіру ісі талқыланған. Сондай-ақ, коронавирус індетінің таралуын тоқтатуға, мүлдем болдырмауға одан әрі бірлесе әрекеттенуге және екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға келіскен.

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой  COVID-19 індетінің елдегі  жағдайын жеткізіп, тұрақталған ахуал мен орнатылған бақылауды түрік ағайындарға түсіндіріп берген. Оның бұл сөздерін мұқият тыңдаған әріптесі Ф.Кожа  Түркияның коронавирус індетімен қарсы күрес жөніндегі ғылым кеңесінің келесі отырысында Қазақстан-Түркия әуе қатынасын қайтадан жандандыру мәселесі қаралатынына сендірген.

Сонымен қатар, 7 тамызда Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглумен Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе рейстерді тоқтата тұру мәселесі бойынша телефон арқылы сөйлескен.

Түркия Сыртқы істер министрі де ТР Мемлекеттік комиссиясының келесі отырысында бауырлас елдердің әуе қатынасын қайта ашу ісі қаралатынына сендіріпті.

Оған қоса, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Түркияның еліміздегі елшісі  Уфук Экиджиді шақырып алып,  түрік тарапы осындай шешімдерді қабылдар кезде қазақ үкіметіне алдын ала хабарласын деп өтініп айтыпты.

 

 

 

MalimBlocks