Жұмыртқадан ­балапан, балапаннан табыс шығады

  • 23.07.2020
  • Malim Админ

Ауылды жерлердегі тұрғындарды төтенше жағдай мен карантинге қарамастан жұмыспен қамтамасыз етудегі «Еңбек» бағдарламасы сәтімен жүріп келе жатқандай.

Мәселен, «Еңбектің» зейнетін көрсем деген жанның бірі Жамбыл облысы Қордай ауданы Степное ауылдық округінің тұрғыны Гауһар Шырынбекова жұмыртқадан балапан, балапаннан ақша алып жүр. Ол «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз 505 мың теңге алып, өз кәсібін бастап кеткен. Алған қаражатының 300 мың теңгесіне инкубатор аппаратын сатып алған. Сосын Алматыдан бройллер тауығының жұмыртқасын алдырып, бастырған. Бір жұмыртқаның құны үйіне жеткенше 100 теңгеге шыққан.  Инкубатор  аппаратқа 350 дана жұмыртқа бастыруға болады. Жұмыртқадан балапан екі аптада шығатынын ескерсек, айына 700 балапан алуға болады. Бірақ, жас кәсіпкер Гауһар Төлепбергенқызының есебі басқа.

«Әлгі 350 жұмыртқаның бәрі тегіс балапан боп шықпайды. Жарамсыз болып қалатындары көп. Бір бастырғанда 280 балапан шықса жақсы. Біз алғашқы шыққан балапандарды бір айлық кезінде сатып жібердік. Ал қазір екінші бастыру бойынша 100 балапанды өсіріп жатырмыз. Егер үш ай бойы өсіре алсақ әр балапан 2,5 келі ет береді. Ол кезде бір балапанды 3 500 теңгеден сатуға болады. Алайда оған дейінгі шығындарға шыдау да оңай емес. Мысалы, бір жарым айдың ішінде әр балапанға 1 мың теңге шығын кетті. Дегенмен бір қалыптасып алсақ, айналысуға болатын шаруа. Қайтарымсыз несие болмаса, бұл кәсіпті бастау қиынға соғар еді. Бізге берер пайдасы мол болды. Енді уақыт өте келе инкубатор балапанын өсірудің тиімді жағын қарастырамыз, – дейді ГауҺар Төлепбергенқызы. Жас кәсіпкердің бұл бастамасы абысынын да қатты қызықтырса керек. Кенен ауылында тұратын  Ақбаян Әлімжанқызы да 505 мың қайтарымсыз қаржы алып,  өз үйінің ауласынан шаштараз ашып, кәсібін бастаған. «Еңбек» бағдарламасынан алған қаржыға кәсібіне қажетті құрал жабдықтар сатып алған. Сосын, қас теріп, кірпікті әрлейтін, тырнақ бояйтын аппараттарды алып, осы кәсіптің оқуын оқып, бейімделмек. Ақбаян Әлімжанқызының айтуынша, карантин уақытша, ал үйренген кәсіп мәңгілік серік болмақ.

Бір үйдің екі келінін қатарынан кәсіпкер жасаған «Еңбек» бағдарламасын төтенше жағдайда барынша жандандыруды президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын. 2017-2021 жылдарға арналған бұл  бағдарламаның мақсаты азаматтарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке тарту. Оның ішінде ауылдық елді мекендерде шағын кредит беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар кешенді бағыттар бар.

Ресми деректерге қарағанда, биылғы жылдың  6 айында «Еңбек» бағдарламасына 283 мың адам қызығушылық танытып, оның  217,6 мыңы жұмысқа орналасып (оның 120 мыңы тұрақты жұмыс), 118 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, жұмыс күші артық оңтүстіктен жұмыс күші тапшы теріскейге осы бағдарлама арқылы 3019 адам, яғни 853 отбасы қоныс аударып, жұмысқа тұрған.

Байланысты жаналықтар

"Цой мырза, көмегіңіз керек!"

02.08.2020

Нарынқолда қоныс той

21.11.2020

Коронавирус: Бір күнде 4, бір аптада 21 адам көз жұмды

14.06.2020

"Болашақ" бағдарламасы: мәдениет және спорт саласының қызметкерлері тағылымдамадан өте алады

28.07.2021

"Хабар" Айсұлтан жайын Абаевтан сұрады

13.02.2020

Мал қора маңындағы мектеп

04.11.2020