Браконьерлер аң түгілі адамға қауіп төндіреді

  • 28.08.2020
  • Malim Админ

Елімізде браконьерлерге қарсы күрес қатты жүріп жатыр. Бірақ сонда да заңсыз аң аулау тыйылып тұрған жоқ. Елімізде көбіне Батыс Қазақстан облысы мен Қызылорда  облыстарында азаматтар аңды заңсыз ату мен балықты заңсыз аулаумен айналысады. Жуырда ғана Ақжайық ауданында бір топ бракконьер ұсталды. Полиция департаментінің бастығы Мақсұтхан Аблазимовтың айтуынша, оқиға Ақжайық ауданы Шабдаржап ауылынан үш шақырым жерде 21 тамыз күні орын алды. Рейдтік шаралар кезінде сағат 15.30 шамасында Жайық өзенінде заңсыз балық аулаумен айналысқан 20 браконьер қолға түскен.

«Қазіргі кезде заңсыз балық аулау дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 335-бабы 1-бөлігіне (балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Оған қоса Қазақстан Ресбуликасы Қылмыстық Кодексінің 380-бабы 3-бөлігіне (билік өкiлiне қатысты күш қолдану) сәйкес тергеу басталды. Заттай айғақтар алынып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу тікелей менің бақылауымда», ­­- деді М. Аблазимов.

Оқиға орнына Тайпақ полиция бөлімінің жедел тергеу тобы барып, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерімен бірлесіп 12 қап қара балық, 6 керме ау және 4 қайықты тауып, тәркіледі. Алайда тергеу шаралары кезінде Шабдаржап ауылы жақтан 30 адам келіп, билік өкілдеріне күш қолданып, жұмыстарына кедергі келтірді.

Соның салдарынан полиция мен табиғат қорғау ведомствосының қызметкерлері жеңіл дәрежеде түрлі жарақат алды. Оқиға орнына Оралдан арнайы топ та жетті. Сонымен қатар ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.

Ал Қызылорда облысында қабан атқан браконьерлер ұсталған. 25 тамыз күні шамамен сағат 23:30 кезінде «Охотзоопром ӨБ» РМҚК инспекторлары табиғат қорғау іс-шараларын жүргізді. Оның барысында мамандар Қызылорда облысы Қармақшы ауданы 3-ші Интернал ауылының егіс алқабындағы далалық жерде Тойота Ленд Крузер Прадо және Ауди 80 маркалы автокөліктерін тоқтатқан. Көліктерді тексеру барысында жүксалғыштан қабанның ұшасы, 16 калибрлі құжатсыз 4 аңшы мылтығы табылған. Оқиға орнына Қармақшы аудандық ішкі істер бөлімінен жедел топ шақыртылып, тергеу әрекеттері жасалды. Бұл факт бойынша Қазақстан Ресбуликасы Қылмыстық Кодексінің 337-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Аң түгілі адамға қауіп төндіретін браконьерлерді қолға түсіру де оңай болмай бара жатыр. Үнемі суық қару асынып жүретін қылмыскерлер өздерін жасырып, жазадан құтылу үшін бәріне баруы мүмкін. Бұл орман мен жануарлар дүниесін күзетітін мамандарға қауіпті. Табиғат пен оны мекендеуші жан-жануарлар мен аң-құстарды қорғау қорықшылардың негізгі міндеті дегенме, ол үшін адам бойында батылдық, шапшаңдық, қырағылық және тез шешім қабылдау деген секілді қасиеттердің болуы қажет. Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы Сәбит Ермұқанов: «Бізде әрбір инспектор мен қорықшының өзіне тиесілі аумағы бар, соның тыныштығы мен бүтіндігіне жауап береді. Өткен жылғы Қарағанды облысында орын алған қорықшының өлімімен аяқталған оқиғадан кейін шынын айту керек, браконьерлік айтарлықтай азайды. Оның үстіне заң да күшейтілді. Дегенмен біз қырағылығымызды бәсеңдетпейміз. Күні -түні қорықты күзетеміз. Әсіресе, түнде жұмыс қызады, өйткені браконьерлер аңшылыққа ел ұйқыға кеткенде шығады. Сондықтан біз әрдайым сақ әрі дайын болуымыз қажет», - дейді.

Заңсыз аң атуға түнде шығатын браконьерлер аңдардың ғана емес, аадмдардың да тыныштығын бұзып жүр.

Аңды азық үшін емес, ермек үшін ататындар көбейіп кеткен бұл заманда аңға да, оның күзетшісіне де тыным  жоқ сияқты.

Байланысты жаналықтар

Әскери қызметтен кетпесем, үш баламен жалғыз қалуым мүмкін еді

22.06.2021

Қазақстан хоккейден әлем чемпионатын өткізгісі келеді

15.06.2020

Ит ату - шенеунікке тиімді

25.02.2021

Лондоннан жеткізілген алматылықтар Нұр-Сұлтанда тұрып қалды

23.03.2020

Үкімет комиссиясы Қордай ауданына барды

08.02.2020

Ахметов Зайсандағы жұртты әрең тарқатты

20.02.2020