«Тоқаев, тыңдашы!», «Көлгінов, қарашы!»

Malim Админ

  • 07.09.2020

Астананың бір топ тұрғындары бүгін қала әкімі Алтай Көлгіновті кездесуге шақырған еді. Әкім әдеттегідей жүздесуге келмей қойды. Әдеттегідей дейтініміз көктемнен бері тұрғындар қала әкімін талай мәрте жүздесуге шақырған. Бірақ, әкім Көлгінов не естімеген болады. Не көрмеген болады. Көріп, естісе де тұрғындарға айтар жауабы жоқтай, елдің алдына шығуға жүрегі дауламайды. Әйтпесе келер еді ғой... Бүгін жиналған тұрғындар "әкім жеке компаниялардың мүддесін емес, халықтың сөзін сөйлеу керек" деді.

Қала тұрғыны Мұхтар Түгеловтің сөзінше, қала әкімдігі жұртты алдап кеткен: "Қала әкімінің орынбасары Нүркенов жылдың басында не деп еді? "Тұрғындардың келісімінсіз мына жерде ештеңе салмаймыз. Құрылыс бастамаймыз" деген. Ал кешелі-бері құрылыс басталып кетті. Өтірікші ме, өтірікші!"

Бір қызығы, әкім келуге жүрексінген бұл жиынның алдында белгісіз адамдар белсенділік танытқан. Олар тұрғындарды жиынға шақырған шақыртуларды жұлып тастап, жылан жалағандай тазалап тастаған.

Естімейтін, көрмейтін әкімнен үміт үзген қала тұрғындары бүгін «Тоқаев тыңдашы!» деп ұрандатты. Үш ауысымда оқитын балаларға жаңа мектеп салдыра алмай жүрген астана тұрғындарының бұл тартысы BI Group компаниясы Қабанбай батыр даңғылы мен Сығанақ көшелерінің қиылысындағы жерге 24 қабатты тұрғын үй кешенін салады деген сәттен басталған.

Қабанбай-Сығанақ-Сауран-Алматы көшелеріндегі ауданда жалғыз мектеп – №59 лицей ғана бар. Бұл мектепте бір сыныпта 40 оқушы қысылып оқыйды. Бастапқыда «мектептің ғана жайын айтамыз» деп құрылған белсенді топ бүгінде үкімет қаулысының аяққа тапталғанын, салынады делінген тұрғын үй кешеніне берілген  рұқсат заңға томпақ екенін айтып жүр.

Оқи отырыңыз: Еститін мемлекетте Көлгінов неге естімейді?

Бүгінгі жиында тұрғындар алған беттерінен қайтпайтындарын, әкім Көлгінов кездесуге шықпаса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шағымданатындарын жеткізді.

Тұрғындардың екінші талабы: тұрғын үй кешені салынады деген жерді мемлекеттің иелігіне кері қайтару. Үшінші талабы: жер телімін заңсыз берген, құрылыс құжаттарын заңсыз рәсімдеген мемлекеттік қызметкерлерді жауапқа тартқызу. Ал, төртінші талап: дау тудырған жерге Оқушылар сарайын салдыру. 

Астананың қақ ортасындағы осы аудандағы үйлер сығылысып, ретсіз салынған. Балалар ойнайтын алаңның жоқтығын, көлік кептелісінен көз ашпағандарын, үш ауысымды мектептен балаларының шаршағандарын тағы да басқа қолайсыздықтарды айтып тауыса алмаған тұрғындар сөздерін еститін мемлекет болса, «Тоқаев, тыңдашы!», «Көлгінов, бізге қарашы!» деп аяқтады.

Редакциядан: Біздің билік азаматтық қоғам орнату керек дегенді жиі айтады.  Ал қарапайым азаматтардың "балаларға білім алатын жақсы жағдай болсын", "қала ортасында қаптаған қабырғадан гөрі жайқалған бақ болсын"  деген ниеттегі осындай пайдалы бастамаларын не билік, не билікке байлауы БАҚ, не саяси партиялар, не депутат болғысы келетіндер қолдауға неге екені түк асықпайды.