Қайрымды ауылдың азаматымен әңгіме

Олжас Қасым

  • 17.09.2020

Қайырымдылық – жақсылыққа жақсылық қылу. Ағайынның қам көңілін аулау. Ол адам бойындағы ізгі қасиетті сәуле іспетті маңайыңа төгу. Ал волонтерлық бауырмалдыққа үйрету дейді МӘЛІМ КЗ сайтына сұхбат берген Қызылағаш ауылының тұрғыны Ерқанат ЗЕЙНЕЗАЕВ.

Ерқанат Зейнезаев Алматы облысына қарасты Қызылағаш ауылдық округі әкімі апаратының бас маманы. Осы елді мекеннің тумасы. Алматыдағы Аграрлық университетті тәмамдаған. Оқуды аяқтаған соң туған елінде еңбек етіп жатқан замандасымыз.

- Ерқанат, жалпы қайырымды, рақымды болудың өзі бір құдайдан берілетін сый сияқты көрінеді кейде маған. Қызылағаштықтар еліміздің қай республикасында қиын жағдай болса, көмектесуге әзір тұрады.

- Сұрағыңызды түсіндім. Қызылағаш диқандары жомарт жерден ырыздығын терген, ал малшылары ата кәсіпті дөңгелетіп жатқан еңбекқор қауым. Үлкендердің сөзіне тоқтауды біледі. Осыдан он жыл бұрын 2010 жылдың 11 наурыз күні  су қоймасы бұзылып, тұтас бір ауыл Қазақстан картасынан жойылды. Жарайды, бұзылған дүниені бас аман болса құрап аласың. Бәрінен де адам шығыны қабырғамызды қайыстырды. 43 ауылдасымыз бақиға аттанды. Бір сәт өз қайғымызбен өзіміз қалғандай күй кештік. Бірақ үкімет көмегін берді. Ең бастысы басқа өңірлердегі ағайынның көмегі, ыстық ықыласы, жылы лебізінің өзі бізді қанаттандырды. Қара жамылған ауылдың еңсесін көтеруге жәрдем етті. Қазақстан өте үлкен мемлекет қой. Жеріміз байтақ. Біз сол кезде бар қазақтың бір қазақ екенін ет-жүрегімізбен сезіндік. Әр облыстан ағылған көмектерге разы болдық. Сол кезде жасалған жақсылықтарды қайырымдылық акциялары, волонтерлық көмек деп айтқым келмейді. Ол одан да жоғары ұғым. Бұл бауырдың бауырға қол созуы һәм әр қазақ менің жалғызым деп соққан жүректердің лүпілі еді. Міне, осындай сезімді бастан кешірген соң Жайықтың бойы ма, Ертістің жағасы ма, Арқадағы қандасың ба, көмекке зәру болып тұрса, шыдап отыра алмайсың. 2014 жылы Қарағанды облысындағы Көкпекті ауданында көктемгі қызыл судан халық қиындыққа тап болды. Сол кезде ауыл жұрты бір ауыздан көмектесуді ұйғарды. Қал-қадірімізше көкпектіліктерге көмектестік.

- Биыл көктемде Түркістан облысына қарасты Мақтаарал халқы да айтып келмеген апаттан зардап шекті. Бұл жолы да Қызылағаш халқы сырт қалған жоқ қой.

- Мамыр айында Өзбекстан еліндегі дамбының жарылуынан Мақтаарал халқы зардап шекті. Бір күнде үйсіз-күйсіз қалудың қандай екенін біз жақсы білеміз. Сондықтан да ауыл азаматтары бірден іске кірісті. Халық барлығын өзі ұйымдастырды. Ауыл әкімі Айдар САМИХОВ бастап, біз қосшы болып ұйымдастыру жұмыстарында жүрдік. Алғыс НҮСІПБАЙ, Әділғазы БАЙТҰМАҚОВ, Азамат БАЙБАТШАЕВ сынды жігіттер екі миллионның көмегін алып Түркістанға тартты. Алғыс ауылдасымыз өз көлігімен жолға шықты. Ол жақта  қан шығарып, қой сойып, ата жолмен әруақтарға құран бағыштады.

- Әдетте бұндай іс-шараларды жоғарыдан ұйымдастырып жатады ғой.

- Бұл халықтың өз инициативасы болды. Абылай РҮСТЕМОВ есімді ауылымызда жеке шаруа қожалығы бар азамат та тартынып қалған жоқ. Биыл Қызылағаш трагедиясына 10 жыл. Мал шаруашылығымен айналысатын азаматтар жарты миллион қаражатты өзара жинап қойған екен. Ауылдастарымыздың асына қосармыз деп. Карантин кезінде бәріне тыйым салынған соң, сол ақшаны түркістандықтарға жолдады. Бізде кейде аста-төк астар беріліп жатады ғой. Соның орнына мұқтаж жандарға көмек көрсетілсе деп ойлайсың.  Өз басым қайырымдылық шарасы дегенді түсіне алмаймын. Қайырымдылық қалайша шара болады? Қайырымдылық ол мейірім, адамгершіілк, бауырмалдық сынды ізгі қасиеттердің жиынтығы ғой.

- Биыл волонтерлар жылы жарияланды ғой...

- Иә, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы 2020 жылды волонтерлар жылы деп белгіледі. Былтыр 2019 жылы мамыр айында Қазақстан-Ресей жастары арасында өткен форумның қатысушылары айтқан бастаманы қолдаған еді. Содан кейін волонтерлік фронт-офистің ашылуында айтқан сөзі де есімізде.

«Мен еліміздің әрбір өңіріне волонтер болуға ниетті азаматтардың көп екеніне сенімдімін. Үкімет оларға қолдау көрсету үшін нақты шараларды қабылдайды. Біз оған зор мән береміз. Алайда Еріктілер жылы кезекті науқан емес. Осыны халыққа түсіндіруіміз керек», - деген еді президент Қасым-Жомарт КЕМЕЛҰЛЫ. Біз осы сөзге мән беруіміз қажет. Кез-келген іс шынында науқанға айналса, берекесі кетеді. Апат айтып келмейді демекші, биыл пандемияның болатынын да білмедік қой. Жер-жаһан жанталасқа түсті. Биыл волонтерлар жылы болды! Халық шын көмекке зәру болды. Танымайтын жат адамның бір ауыз жылы сөзінің өзі медет болды ғой. Асылы, волонтерлық бауырмалдыққа үйретеді. Өскелең жастар көкөрім шағынан волонтерлық мектептен өтсе, айналасына саялы болғысы кеп тұрады ғой. Волонтерлікке қатысты біздің де ауылда бір шама іс-шаралар жасалды.

-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қанат Тілеухан.

Байланысты жаналықтар

Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

24.03.2024

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

23.03.2024

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

23.03.2024

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

23.03.2024

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

23.03.2024

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды

23.03.2024
MalimBlocks
Алматы облысында жол апатынан 3 адам қайтыс болды  

5 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтел жиіледі

Қазақстанда қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді

Уэльс ханшайымы Кейт қатерлі ісікке шалдықты

Мәскеуде алдағы демалыс күндері театр мен музей жабылады

Ресейдің Красногорск қаласындағы концерт залында атыс болды