Ескі гвардиямен жаңа реформаларға

  • 17.09.2020
  • Есдәулет Қызырбекұлы

Қыркүйектің 14-і күні президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Реформалар жөніндегі жоғарғы кеңес құрылды. Оған Тимур Құлыбаев, Асқар Мәмин сияқты ескі гвардия өкілдерімен қатар Мадина Әбілқасымова, Тимур Сүлейменов сияқты жас буын өкілдері де кірді.

Президент жанынан құрылған кезекті кеңесті әркім әртүрлі қабылдады. Бірі бұны ескінің жаңғырығы десе, енді бірі оны жаңа реформаларға жасалған қадам деп бағалады.

Саясаткер Балташ Тұрсымбаевтың пікірінше, жаңадан құрылған кеңестің бұрынғы кеңесерден ешқандай айырмашылығы жоқ. Себебі Тоқаев елде қандай реформа жасау керек екенін білсе де, оған оны жасауға жол бермейді.

«Бұған дейін Назарбаев осы сияқты жүздеген кеңес ұйымдастырған. Тоқаев та сол кісіден тәжірибе алған адам. Ол да қазір «бәрін қатырамын» деп кеңес құрып жатыр. Бұның барлығы жай көзбояушылық. Халықты алдау. Қандай реформа жүргізу керек екенін Тоқаев біледі. Бірақ оған нақты реформаны ешкім жасаттырмайды. Сондықтан кеңесін құрады да, бір-екі рет жиналыс өткізеді де қояды. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінен не шықты? Ол қандай ұсыныс енгізді? Олар көлемді саяси-экономикалық ұсыныс енгізе алмады. Сондықтан көзі ашық халық, құрылған кеңестен ешқандай жақсылық күтіп отырған жоқ», - дейді Тұрсымбаев.

Саясаттанушы Әзімбай Ғалидің сөзінше, қазір Қазақстанға құқықтық-саяси реформалар қажет. Соны Тоқаев біліп, жаңадан кеңес құрып отыр.

«Құқықтық-саяси реформа қажет. Онсыз жеке меншік институты дами алмайды. Ендігі кезең жаңа реформалар кезеңі. Ол биліктің үш тарабын тәуелсіз қылу... Жаңа реформа, жаңа элита және жаңа истеблишмент керек. Ескі элитамен оны (өзгеріс- ред) жасау мүмкін емес. Жаңа құқықтық-саяси реформасыз экономика дамымайды. Соны Тоқаев сезіп, жаңадан бастайын деп жатыр. Оның қаншалықты сәтті, пәрменді болатынын айта алмаймын», - дейді Ғали.

Қасым-Жомарт Тоқаев құрған жаңа реформалар жөніндегі жоғарғы кеңеске экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсындағы ардагер атқамінерлердің енуін саясаттанушы былай деп түсіндіреді:

«Қазақстанды төңкеріп алмас үшін абайлап жүретін адамдар керек. Бірақ реформалар жасалып, алға қарай жылжу қажет. Реформа жасасақ барлығы төңкеріліп қалады деп отыруға тағы болмайды. Көптеген елдерде, соның ішінде Қазақстанда бұл саяси революцияға тең. Сондықтан елді төңкеріп алмас үшін баяу курс таңдалған сияқты», - дейді Ғали.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрған. Оған елге танымал азматтар мүше болып кіріп, кейіннен бір қатары әртүрлі себептермен кеңес құрамынан шығып кеткен. Ол кезде де ел арасында екіұдай пікір қалыптасқан. Бірі Ақорда бастамасын қолдаса, енді бірі оның ешқандай пайдасы жоқ екендігін айтқан.

Есдәулет ҚЫЗЫРБЕКҰЛЫ

Коллаж автордікі.

МАТЕРИАЛДЫ КӨШІРІП БАСУҒА БОЛМАЙДЫ. 

Байланысты жаналықтар

Қытай Қазақстан аумағына зауыт салатын болды

04.03.2021

Бақауов түрмеге қамалмауы мүмкін

27.05.2020

Елжан Біртанов қамауға алынды

31.10.2020

Цой "Спутник V" үшін Боранбаевқа қанша ақша бөлінетінін айтты

10.02.2021

Nur Otan: жастардың мәселесі басты назарда

05.01.2021

Қазақстан адам бостандығы рейтингінде 75 орында

01.02.2021