ЖОО мұғалімдері қағазбастылық пен есептіліктен құтылады

Malim Админ

  • 22.09.2020

Қағазбатылық пен шектен тыс есептілік жүктемелерден көп зардап шеккен бір сала болса, ол Қазақстанның бңлңм-ғылым саласы шығар. Мұғалімдер түннің бір уағына дейін оқушы дәптерін тексеріп, ертеңіне болатын сабақ жоспарын әзірлеуден бөлек, ай сайын, апта сайын басшылыққа есеп берем деп жүріп, шаршап бітетін. Бұл, әрине, өз кезегінде білім сапасының нашарлауына себеп болатыны жасырын емес. Бұл туралы зерттеушілер мен сарапшылар осы уақытқа дейін қаншама мәселе көтерді, қаншама дискуссия өткізді. Айтыла-айтыла жауыр болуға айналғанда, қағазбастылық пен есептілік бір басқа, қоғамдық жұмыстардан мұрнына су жетпей жүретін мұғалімдердің құқығын қорғап, арқасын артық жүктен босататын «Педагог мәртебесі» туралы заң қолға алынды. Соны арқасында, бір жылдан аса уақыт ішінде мұғалімдердің еңсесі кәдімгідей көтеріліп қалғанын кқріп жүрміз. Бұрынғыдай бұға бермей, кейбір жерлерде заң бұзушылықтар болғанын айтып, шағымданушы мұғалімдер пайда бола бастады. Бұл да осы уақытқа дейін жүргізілген жұмыстардың бір нәтижесі деуге әбден болады. Өйткені, ең алдымен мұғалімдер өз құқығын қорғай білуі керек және артында бюрократиялық қысымдардан қорғайтын, керек кезінде сөзін сөйлейтін сенімді тірек – министрліктен бастап, үкіметке дейін,тіпті, президент тұрғанын сезіне білгені керек. Сонда ғана заң әділ, білім берекелі болмақ. Бұл мектеп мұғалімдерінен бастап, жоғары оқу орындарында дәріс беретін ұстаздарға да қатысты.

Биылғы 2020-2021 оқу жылында жаңа оқу жылынан бастап, жоғары оқу орындарындағы қатаң есепті құжаттар алынып тасталды. Бұл туралы осы салаға жауапты ведомствоның Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында тікелей эфирге шыққан, онлайн түрдегі Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің аппараттық кеңесінде айтылып, талқыланды.

Білім және ғылым министрінің тапсырмасына орай, жоғары оқу орындарының ұстаздарын қағазбастылықтан босатып, оларға бұл тұрғыда салынатын жүктемелердің санын азайту мақсатында нормативтік құжаттарды жүргізу бойынша талаптар толықтай қайта қаралды.

Кеңеске Білім және ғылым министрі асхат Аймағаамбетов қатысып, министрлікке керек емес, басы артық есептердің алынып тасталатынын хабарлады.

«Кейбір жоғары оқу орындарында неше түрлі есеп талап етіледі: кәсіптік бағдар туралы журналдар, түлектердің жұмысқа орналасуы туралы анықтамалар және т.б. Не үшін? Білім және ғылым министрлігіне ол қажет емес. Жұмысқа орналасқан түлектердің пайызын Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың  электрондық базасы арқылы қараймыз. Бірқатар жоғары оқу орны сабақ жоспарын қағаз түрінде сұратады. Кейбір жоғары оқу орындарында оқытушылардың жүктемесі оның қанша студент әкелгеніне байланысты. Мұндайға жол берілмеуі керек. Бұл Білім және ғылым министрлігінің талаптары дейді екен. Сонымен қатар биылдан бастап қосымша бірнеше бағыт бойынша есептілікті жойдық. Оқытушылар өздерінің тікелей міндеттерін орындаумен ғана айналысуы тиіс. Бұл мәселенің барлығын жоғары оқу орындары өздері шешеді», - деді ведомство басшысы Асхат Аймағамбетов.

Расында, жоғары жаққа сідтей сөйлеп, қол астындағылардың құтын қашырып, өзінің салмағын арттырғанды жақсы көретін бюрократ басшылардың шамадан тыс талапшылдықтарына тоқтау қоятын уақыт баяғыда-ақ келген. Осыған орай есептерді азайту және жоғарғы оқу орындары ұстаздарының қағаз жүктемесін азайту үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2007 жылғы 23 қазандағы «Білім беру ұйымдары білім беру қызметінде пайдаланатын қатаң есептіліктегі құжаттардың нысанын бекіту туралы» құжатқа (сол кездегі министрдің міндетін орындаушының қолы қойылған № 502 бұйрығы) өзгерістер енгізіліпті.

Қазіргі уақытта әр жоғары оқу орнының академиялық дербестігін көтеру туралы мәселе қолға алынып жатқан тұста мұндай құжаттың қабылдануы заңды да. Өйткені, студенттерге білім беруге тиіс әрі өзі де білімін жетілдіріп отыруға тиіс жоғары оқу орындарының ұстаздары өзіне тән емес жұмыстарға жегіліп, қағаз толтырып жүргенде, әр университеттің академиялық дербестігі туралы айту қиындау. Академиялық дербестік – әр жоғары оқу орнының өзіндік білім беру жүйесінің болуын негізге алады. Әрине, арнайы бекітілген шеңбер аясында. Мұндағы басты шешуші фактор – тағы да ұстаздар екені белгілі. Бір жақсы ұстаз бір оқу ордасының бет-бейнесі болуы мүмкін, бірақ, түгелдей университетті алға сүйреп кете алмайды. Сол себепті, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар ұстаздар қашан туады деп күтіп отырмай, әр мұғалімге ерекше мән беріп, олардың педагогтық біліктілігі мен өз пәні, өз бағыты бойынша кәсіби деңгейін асыруға күш салған жөн. Сонда ғана әр жоғары оқу орны жоғарыда айтқан академиялық дербестікке жетіп, өзіндік оқыту дәстүрін қалыптастыра алады. Бұл өз кезегінде университтер арасындағы бәсекені дамытады, ал, бәсеке бар жерде дамудың болатыны әбден дәлелденген заңдылық. Академиялық дербестікке жеткен жоғары оқу орны қит етсе министрлік пен үкіметке қол жайып отырмай, өздігінен әрекет етіп, нарық заманында өз бюджетін өзі қамтитындай деңгейге жетуге тиіс.

Осы мақсатта бұрынғы қабылданған құжаттың ішіндегі 11 құжаттық нысан алынып тасталмақ. Бұл туралы Білім және ғылым министрінің орынбасары Мирас Дәуленов айтты.

«Бұл 11 құжаттың нысаны бұдан былай қатаң есептілік құжаттары болып есептелмейді. Енді әр университеттің басшылығы осы құжаттарды толтыру және сақтау нысандары қандай екенін өздері анықтайды. Жұмыс жоғары оқу орындарының ақпараттық жүйесінде жүргізілуі тиіс. Бұл жоо-лардың басқарушылық еркіндігі болғанымен, жоғары оқу орындарына есептілікті барынша азайтуды ұсынамыз», – дейді вице-министр.

Бұнымен іс бітпейді, әрине. Ендігі әрекет осы қабылданған шешімдерді іске асыру мен одан әрі жетілдіре түсу бағытында болатыны сөзсіз. Мәселен, бұған дейін Білім және ғылым министрінің бұйрығына орай, қағаз түріндегі сынақ кітапшалары алынып тасталғаны белгілі. Мұндағы негізгі мақсат – кітапша ішіндегі деректердің шамадан тыс көп қайталануын болдырмау. Цифрлы бағдарламалар дамып, ғаламторлық жүйе күшіне мінгелі «Қош бол, қағаз» деп жиі ұрандатып жүрген әлем ең алдымен осы қағазбастылықтың жолын кесугекүш салды. Бұл дамыған елдерде белгілі деңгейде сәтті іске асырылып та жатыр. Демек, білім беру саласы мен ғылым жолын дамытам деген ел әлемдік тенденциялардан шет қалмауға тиіс. Қазіргі кезед қазақстандық жоғары оқу орындарының өзіндік ақпараттық жүйесі бар, онда студенттердің, магистранттар мен докторанттардың бүкіл оқу кезеңіндегі көрсеткіштері мен жетістіктері сақталады.

Кеңесте, сонымен қатар, қағазбастылықты жеңуге 2021 жылдан бастап беріле бастайтын өзіндік үлгідегі дипломдардың да әсер ететінін туралы айтылды. Жаңа, өзіндік үлгідегі диплом – мемлекеттік үлгіде емес, әр университеттің жеке үлгідегі дипломдары. Бұл жоғарыда айтылған бәселестікте де үлкен роль атқарады. Сондай-ақ, диплом берген соң, жоғарыға есеп беріп, түлегін шығарып салған соң, келесі студенттерге назар аударып, түлектеріне мән бере бермейтін университеттер ендігіде өздері берген дипломдардың қаншалықты «жұмыс» істеп жатқанынан хабардар болып отыруға мүдделі болады. Өйткені, ол әр жоғары оқу орнының иммиджіне әсер етуге тиіс. Бұл да өз кезегінде оқу ордаларының есептілгін қысқартуға мүмкіндік береді.

«2021 жылдан бастап мемлекеттік үлгідегі дипломдар жойылады. Бірнеше жылдан кейін біздегі барлық жоғары оқу орындары өздерінің үлгісіндегі дипломдарды беретін болады. Сол арқылы олар өздерінің беделіне, білім сапасына, профессорлық-оқытушылық құрамына кепіл береді. Ендігі уақытта мемлекеттік үлгідегі диплом болмайды. Бұл да білім сапасына әсерін тигізеді. Әзірше кәсіби стандарттарымыздың саны жеткіліксіз. Сертификаттау үшін арнайы орталықтардың дайындығы да жеткілікті болмай отыр. Дегенмен, бұл институт 2021 жылдан бастап жұмыс істейтін болады. Демек, 2021 жылдан бастап дипломның болуы жұмысқа орналасуға кепілдік бере алмайды. Дипломның болғаны жақсы, бірақ белгілі бір біліктілік алғаны туралы сертификат та әкелуі қажет», - деген болатын Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Демек, бұл да сол жаңа жиплом арқылы білім сапасын қамтудың бір қыры ретінде атқарылып жатқан шаруалар деуге болады.

Байланысты жаналықтар

Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

18.04.2024

Кітап-ең үлкен қазына

12.04.2024

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

11.04.2024

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

07.04.2024

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

05.04.2024

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

05.04.2024
MalimBlocks
Қазақ әдебиетіне үш роман қосылды

Жазушылар «жоба – елдегі әдеби процеске серпін берген бастама» дейді.

Кітап-ең үлкен қазына

Қазіргі таңда өмірімізде ғаламтордың алатын маңызы зор екені белгілі. Дегенмен, осы уақытқа дейін бүкіл адамзат жинаған білімнің негізі кітапта екені дау тудырмайды.

«ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап»

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 2012 жылдың басында жастарға, қоғамға ой салатын «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» деп аталатын жобаны бастаған болатын. Студенттер үшін тиімді, кітап оқудың жеңіл түрін ұсынған алғашқы бастама.

«Фараби әлемі» халықаралық ғылыми конференциясы мәресіне жетті

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде студенттер мен жас ғалымдардың «Фараби әлемі» атты халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Мәскеуде Кемел Тоқаевтың өмірі жайлы кітап шықты

Ол – қазақ тілінде алғаш детектив жанрында қалам тербеген санаулы жазушының бірі.

Бүгін әйгілі академик Өмірзақ Айтбаевтың туған күні

87 жыл бұрын (1936-2020) – Қазақстанның тіл ғылымы саласындағы әйгілі академик Өмірзақ АЙТБАЕВ дүниеге келді, деп хабарлайды Malim.kz.