Голливудтың 15 фильмі жыл соңына дейін қазақ тілінде үлкен экранға шығады

Malim.kz порталының хабарлауынша, қазіргі уақытта АҚШ-тың үздік фильмдерін іріктеу конкурсы өтіп жатыр.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов Malim.kz редакциясының ресми сауалына жауап бере отырып, Голливудтың үздік фильмдерін қазақ тіліне аудару бойынша министрлік қабылдап жатқан шаралар туралы айтты.
«Мемлекеттік тілді насихаттау және контентті көбейту мақсатында 2022 жылдан бастап халықаралық стандарттар бойынша күтілетін рейтингі жоғары, кең ауқымды дистрибуцияға арналған анимациялық фильмдер мен отбасылық көркем фильмдерді қазақ тіліне дубляждауға мемлекеттік қолдау көзделген», – деді Сыдықов.
Сонымен қатар ол Қазақстанға жыл сайын әкелінетін 300-ден астам фильмнің барлығы бірдей балалар мен жастардың эстетикалық тәрбиесіне, патриотизмді қалыптастыруға және отбасылық құндылықтарды нығайтуға бағытталмағанын (қорқынышты фильмдер, атыс-шабыс фильмдері, апокалипсис туралы фильмдер, ересектерге арналған фильмдер, комедиялар және т.б.), сондықтан олардың бәрін қазақ тіліне дубляждау қажет еместігін атап өтті.
«Кино орталығы» – Қазақстан Республикасына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасылық көркем фильмдерді қазақ тіліне дубляждауды қаржыландыратын бірыңғай оператор болып табылады. Биыл «Кино орталығы» арқылы халықаралық стандарттар бойынша күтілетін рейтингі жоғары, кең көлемде таратылатын, отбасымен көруге арналған 15 фильмді қазақ тіліне дубляждау жоспарланған. Қазіргі уақытта Кино орталығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес конкурс негізінде іріктеу жүргізіп жатыр», – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, Голливудтың ірі студияларынан шыққан фильмдерді дубляждаумен тек сол студиялардың ресми дистрибьюторлары ғана айналыса алады. Ең бастысы – компания немесе прокатшы Голливуд студияларының контентімен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздіктің ең қатаң стандарттарына сай келетіндігін растайтын қауіпсіздік сертификатына (TPN) ие болуы қажет.
Заңға сәйкес, қазақ тілінде емес фильмдерді кинотеатрларда және басқа да арнайы орындарда көрсету үшін дистрибьюторлар оларды дубляждауы, субтитрлеуі немесе қазақ тіліне ілеспе аудармамен қамтамасыз етуі тиіс.
«Қазақ тіліне дубляждалған фильмдердің танымалдығының артуына байланысты министрлік қала және облыс әкімдіктерімен, сондай-ақ дистрибьюторлармен бірлесіп, қазақ тіліндегі фильмдердің прайм-тайм уақытында көрсетілімін арттыру бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, мемлекеттік қаржылай қолдау алған барлық фильмдер қазақ тілінде шығады», – деп түйіндеді Сыдықов.
2024 жылы продюсерлік компаниялардың қаражаты есебінен қазақ тілінде үш Disney жобасы – «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Арыстан патша. Муфаса» жарық көрді. Сондай-ақ, «Гадкий я 4», «Веном. Последний танец», «Дикий робот» секілді голливудтық фильмдер мен Түркияның «Cadi» фильмі қазақ тілінде прокатқа шықты.
Ағымдағы жылы қазақ тілінде «Финист. Ғажайып ертегі», «Ақшақар» және «Лило мен Стич» фильмдері де көрерменге жол тартты.
Фото: informburo.kz


Ең көп оқылған
