Талғат Теменов: «Жалаңаш қыздың эпизоды бір ғана мағынада емес»

Жақында Ұлттық киноны қолдау орталығы түсірілетін фильмдердің сценарийлерін саралап, байқау нәтижелерін жариялады. Аталған питчингке қатысып, жобасы өтпей қалған режиссер Талғат Теменов бұл шешімге қатысты Facebook желісінде пікір білдіріп, комиссия құрамының кәсібилігіне күмән келтірді. Бұған жауап ретінде комиссия мүшесі Роза Мұқанова да өз жазбасын жариялап, Теменов сценарийіндегі кемшіліктерді атап өтті. Осыған байланысты Malim.kz тілшісі Талғат Теменовтің пікірін білді.
- Талғат аға, алдымен питчингтен өте алмаған жобаңыз туралы айтып өтсеңіз. Қандай қолдау сұрадыңыз, қандай жоба ұсындыңыз?
- Біз сұраған қаражат - 500 миллион теңге. Мен ешқашан «Жаужүрек мың бала» немесе Назарбаев туралы фильмдер секілді миллиардтаған қаржы талап еткен емеспін. Ұсынған жобамда кәсіби режиссура мен драматургияға сай келетін дүниелер қамтылған. Бірақ комиссия мүшелері оны нақты қарамай, бірден теріс пікірмен қабылдады.
- Комиссия құрамына қатысты да сыни пікір айттыңыз. Не себепті?
- Өкінішке қарай, комиссия құрамында киномен мүлде айналыспаған, көркем фильм табиғатын түсінбейтін адамдар отыр. Сол жерде отырғандардың ішінде кәсіби режиссер және сценарист мен ғана едім. Мен Мәскеуде кәсіби білім алғанмын, киносценарий жазу мен драматургияның қыр-сырын меңгерген адаммын. Сондықтан менің кәсібилігіме күмән келтіру - күн мен түннің айырмашылығын жоққа шығару секілді. Мәселен, Роза Мұқанова өзінің повесіне өзі киносценарий жазған жоқ. Ал мен өз шығармаларыма өзім сценарий жазған маманмын.
- Байқауда ұсынған сценарийіңізге қатысты жалаңаш сахна бар деген сын айтылды. Осыған не дейсіз?
- Бұл - орынсыз сын. Мен ешқашан арсыздыққа барған емеспін. Эстетика мен сұлулықты іздеген адаммын. Сценарийімде шомылып жатқан қыздың бейнесі бар. Бірақ бұл эпизод бір ғана мағынада емес: общий планда қыз шомылып жатады, екінші планда керегенің уығы, одан кейін шымылдық көрінеді. Бұл - режиссурадағы символика, көркемдік әдіс. Мен қыздың кеудесін, бұрымын, жалпы сипатын көрсетемін. Бұл жалаңаштану емес, бұл көркемдік тәсіл. Ал оған кемпірдің көзімен емес, көрерменнің көзімен қарау керек.
- Комиссия сіздің сценарийді неге қолдамады деп ойлайсыз?
- Меніңше, бұл кәсіби емес көзқарастан туып отыр. Кейбір адамдар фильмге көрерменнің немесе үлкен кісілердің көзқарасымен емес, шынайы өнер талабымен қарауы керек екенін түсінбейді. Комиссияда кәсіби маман аз. Бұл жағдай күлкілі ғана емес, қауіпті. Өйткені кино – идеология құралы. Шешім қабылдайтын адамдар шығармашылықты түсінбесе, бұл сала ешқашан дамымайды.
- Бұл мәселені сіз тек өзіңіз үшін емес, жалпы сала үшін көтеріп отырмын дедіңіз. Түсіндіріп өтсеңіз.
- Иә, мен бұл мәселені жеке амбициям үшін емес, қазақ киносының болашағы үшін көтеріп отырмын. Қазіргі жүйе тоқыраудың алдында тұр. Комиссияға кәсіби режиссерлер, сценаристер, операторлар секілді саланың нағыз мамандары келуі керек. Маған хабарласып, «Біз де өте алмай қалдық» деген әріптестерім көп болды. Бұл – тек менің емес, көптеген талантты жас режиссерлер мен сценаристердің жанайқайы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Дауласқан режиссердің кемшіліктері аталды
-Сценарийіңізге қатысты өзге кәсіби мамандар пікір білдірді ме?
- Иә, сценарийімді әріптестеріме көрсетіп жүрмін. Мысалы, академик Мұхтар Құл-Мұхаммед, көрнекті жазушы Смағұл Елубай, белгілі актер, кинорежиссер Досхан Жолжақсынов бұл сценарийге оң бағасын берді. Мен кез келген адамға оны ұялмай көрсетуге дайынмын. Сонымен қатар, осы жобада жеңімпаз атанған үш сценарийді де халық назарына шығаруды талап етемін. Асыл мен жасықты көрерменнің өзі ажыратсын. Менің білуімше, кинорежиссер Данияр Саламаттың да сценарийі комиссиядан өтпей қалыпты. Ол да кәсіби режиссер, бірнеше сапалы фильм түсірген, танымал автор. Осындай деңгейдегі мамандардың жобасы кері қайтарылып, орнына кімдердің, қандай сценарийлердің таңдалғаны - үлкен сұрақ. Бұл жағдай комиссия құрамының кәсібилігіне қатысты күдік-күмәнді күшейтеді. Біз өнерге адал, әділ көзқарас қалыптастыруымыз керек. Әйтпесе, кәсіби емес шешімдермен қазақ киносы ешқашан дамымайды.
- Болашақ фильміңіз іріктеуден өткен жағдайда мемлекет бюджетінен 529 698 939 қаражат жұмсалар еді. Бұл сомаға түсірілген кино касса жинайды деп ойлайсыз ба?
- Мен үшін кино – табыс табудың құралы емес. Мен киноны адамның жан дүниесін ашу, көрерменнің жүрегіне ізгі сезім ұялату үшін түсіремін. Өкінішке қарай, бүгінде көптеген фильмдер кассалық табыс әкелмейді. Қазақстанда халық саны 20 миллион десек, соның 8 миллионы ғана кинотеатрға барады. Сондықтан киноны бағалайтын көрерменнің өзі аз.
Мен түсірген фильмдердің мемлекетке нақты қанша қаржыға түскенін білмеймін. Бірақ бір нәрсені анық айта аламын: менің киноларым арқылы талай жас тәрбиеленді. Қаншама адам менің фильмдерімнен махаббаттың, достық пен адалдықтың, жақсылық пен ізгіліктің не екенін көрді, сол арқылы сезімнің, рухани дүниенің қадірін ұқты.
Мысалы, қазақ киносының тарихына қарасақ, фильмге арнайы жазылған әндер өте сирек. Ал менің «Махаббат бекеті» мен «Гүлназ» фильмдерімде арнайы жазылған екі ән бар. Бұл да – менің киноға кәсіби әрі жан-тәніммен қарайтынымның бір дәлелі.
malim.kz редакциясы бұл тақырып бойынша барлық тараптарға тұғыр беруге әзір

Ең көп оқылған
