457.61
493.07
4.99

Подписаться на новости:

Редакция Malim: +7 707 830 77 21

© 2025 Malim.kz Қоғамдық-саяси сайт!

«Эмми» сыйлығының жеңімпаздары марапатталды

Лос-Анджелесте телевизиялық өнер саласындағы жетістіктерге арналған "Эмми" сыйлығын 77-ші рет табыстау рәсімі өтті.


Бұл жолы комедия, драма және мини-сериал жанрларындағы үздік туындылар мен актерлер анықталды.

"Киностудия" (The Studio) атты сатирикалық комедиялық сериал 13 "Эмми" жүлдесін жеңіп алып, осы санатта жаңа рекорд орнатты. Ал "Өтпелі кезең" (Adolescence) атты британдық мини-сериал "Ең үздік шағын-сериал" атанды.

Драмалық жанрда жеңіс "Питт ауруханасы" (The Pitt) телехикаясына бұйырды. 15 бөлімнен тұратын сериалдың оқиғасы Питтсбург қаласындағы ойдан шығарылған аурухананың жедел жәрдем бөлімінде өрбиді.

Комедиялық жанрда ең үздік сериал ретінде Голливудта түсірілген "Киностудия" танылды. Бұл сериалда ірі киностудияның жаңадан тағайындалған басшысының басынан өткен оқиғалар сатиралық стильде баяндалады. Жобаның басты рөлінде ойнаған Сет Роген бірден төрт номинация бойынша,  комедиялық сериалдағы үздік актер, сценарист, режиссер, продюсер ретінде жеңіске жетті.   

Сериалда Мартин Скорсезе, Зак Эфрон, Шарлиз Терон секілді жұлдыздар өз-өздерін сомдаған.

"Өтпелі кезең" (Adolescence) — төрт бөлімнен тұратын психологиялық драма. Әр эпизодта жасөспірім қыздың өз сыныптасы қолынан қаза табуы әртүрлі кейіпкерлердің көзімен баяндалады. Бұл сериал көрермендер мен сыншылар тарапынан жоғары бағаланып, жалпы саны 8 "Эмми" жүлдесіне ие болды.

Актерлік номинациялар бойынша жеңімпаздар:

Драмалық сериалдағы үздік актер — Ноа Уайли, "Питт ауруханасы".

Драмалық сериалдағы үздік актриса — Бритт Лауэр, "Бөліну" (Severance).

Комедиялық сериалдағы үздік актер — Сет Роген, "Киностудия".

Комедиялық сериалдағы үздік актриса — Джин Смарт, "Айла-шарғы" (Hacks).

Мини-сериалдағы үздік актер — Стивен Грэм, "Өтпелі кезең".

Мини-сериалдағы үздік актриса — Кристин Милиоти, "Пингвин" (The Penguin).

Конкурс тарихындағы ең жас лауреат – Оуэн Купер

"Эмми" жүлдесінің тарихындағы ең жас жеңімпаз ретінде 15 жастағы Оуэн Купер танылды. Ол "Өтпелі кезең" мини-сериалында 13 жастағы жасөспірім-кісі өлтіруші рөлін сомдап, "Мини-сериалда екінші пландағы үздік актер" номинациясында жеңіске жетті.

АҚШ-тың Телевизия академиясы тағайындайтын "Эмми" сыйлығы жыл сайын сериалдар мен телебағдарламалар саласындағы үздік шығармалар мен актерлерді марапаттауға арналған.

Фото: Chris Pizzello/Invision/picture alliance/dpa