Батыс Қазақстанда екі қыз зорланды
Кеңейтілген алқа отырысында Батыс Қазақстан облысы прокурорының орынбасары Азамат Құстанов Тасқала мен Оралда болған балаларға қатысты зорлық оқиғалары жөнінде жаңа мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Malim.kz «Уральская неделя» порталына сілтеме жасап.
Прокурордың айтуынша, алғашқы оқиға 22 тамызда Тасқала ауданында, ал екіншісі 29 қыркүйекте Оралдағы «Жәңгір хан» сауда орталығы маңындағы орман алқабында болған. Екінші жағдай бойынша полиция қоғам мен БАҚ-қа дер кезінде ақпарат бермеген.
Құстанов Тасқаладағы учаскелік полиция қызметкерінің немқұрайлылығын сынға алды. Оның сөзінше, полицейдің салғырттығы салдарынан күдікті ер адам көшеде ашық түрде алкоголь ішіп, сол күні қылмыс жасауға мүмкіндік алған.
Сондай-ақ ол Оралдағы №20 мектеп маңындағы жағдайға да тоқталды.
«Көптеген мектепке баратын жолдар қауіпсіз емес. №20 мектеп жанындағы орман алқабы полиция мен Зачаганск әкімдігінің бақылауынсыз қалған. Онда жарық жүргізілмеген, ал аумақ патрульденбейді және өскіндер тазаланбаған», – деді прокурордың орынбасары.
Тек 10 жасар оқушыға қатысты оқиғадан кейін ғана мектепке баратын жол тазартылған. Ата-аналар бұл мәселені билікке төрт жылдан бері айтып келген.
Ал Тасқаладағы іс бойынша бұрын сотталған ер адам күдікке ілінген. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оқиға күні күдікті жәбірленушінің анасымен бірге ішімдік ішкен. Зорлық көрген бес жасар қыз ауыр халде Орал ауруханасына жеткізіліп, оған ота жасалған.
Оралдағы екінші оқиға да әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды. 29 қыркүйек кешінде белгісіз ер адамның мектеп оқушысына шабуыл жасағаны туралы хабар тараған. Бейресми деректер бойынша, ол қызды ұрып-соғып, зорлап, орман алқабына тастап кеткен. Абырой болғанда, жәбірленуші тірі қалып, ата-анасына хабарласқан.
Фото: istockphoto.com