Батыс Қазақстанда мектептегі жанжал пышақтасуға ұласты
Батыс Қазақстан облысында мектеп ішінде болған жанжал қанды оқиғаға айналды. 2025 жылдың 20 қазанында болған жағдайға байланысты Оқу-ағарту министрлігі мен облыстық полиция департаменті түсініктеме берді, деп хабарлайды Malim.kz.
Оқиға Теректі ауданындағы мектептердің бірінде болған. Алдын ала деректерге қарағанда, сөзге келгеннен кейін 9-сынып оқушысы жоғары сыныпта оқитын жасөспірімге пышақпен шабуыл жасаған.
«Жарақат алған оқушыға дер кезінде медициналық көмек көрсетілді, қазіргі жағдайы тұрақты. Оқиға орнында Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл және білім басқармасының мобильді тобы жұмыс істеп жатыр. Мектеп әкімшілігімен, ата-аналармен және оқушылармен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабының 3-бөлігі — “Бұзақылық” бойынша іс қозғалды. Пышақ қолданған оқушы ұсталды, іс материалдары кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссияға жолданды», — деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Оның айтуынша, жанжалға қатысқан барлық оқушыларға облыстық әдістемелік-психологиялық орталықтың мамандары көмек көрсетеді. Ертең мектепте ата-аналар жиналысы мен сынып сағаттары өтеді.
«Мектептегі психологиялық ахуалға кешенді бағалау жүргізіледі. Әкімшілік әрекеттері мен әрекетсіздігіне құқықтық әрі басқарушылық баға беріледі. Тәртіп пен қауіпсіздік үшін ортақ жауапкершілік бар, бірақ лауазымды тұлғалар да жауаптан тыс қала алмайды», — деді Оспанова.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, оқушылар арасындағы жанжал жеке қарым-қатынас аясында туындаған.