Дәрігердің мәйітін мұздатқышта сақтаған адам 20 жылға сотталды

Ақтөбелік нефролог дәрігер Абай Айсағалиевтің өліміне қатысты сот үкімі шықты. 31 жастағы мейіргер әріптесі Нұрсұлтан Шаймерденов “Адам өлтіру”, “Ұрлық” бабымен кінәлі деп танылды. Бұл туралы Stan.kz сайтына сілтеме жасап Malim.kz хабарлайды.
Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Жәнібек Сейтжапаров аса ауыр қылмыстық іске үкім оқыды. 69 жастағы марқұм Абай Айсағалиев нефролог-дәрігер болып жұмыс істеді. Бір ұлы бар. Ол Германияда тұрады. Дәрігерді гемодиализ алатын науқастар жақсы таниды. Тапшы дәрігерлердің бірі.
Қылмыстық кодекстің “Адам өлтіру” 99-бап 2-бөлік 8-тармағы, “Ұрлық” 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша айыпталған сотталушы Нұрсұлтан Шаймерденов кінәлі деп танылды.
“Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 8-тармағы бойынша 16 жыл, 188-бабы 3-бөлігі 1-тармағы бойынша 4 жыл 8 ай, түпкілікті 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Абай Айсағалиевтің атынан берілген азаматтық талап арыз ішінара қанағаттандырылсын. Сотталушы Нұрсұлтан Шаймерденовтен 2 837 321 теңге, заңды өкілінің шығыны ретінде 3 млн теңге, моральдық шығын 10 миллион теңге өндірілсін. Заттай айғақтар Айсағалиевтің иелігіне берілсін. 4 480 050 теңге, 50 еуро Айсағалиевке, сонымен бірге сағат, алтын бұйымдар Айсағалиевке берілсін", – деді судья Сейтжапаров.
Іс материалдарына сенсек, қайғылы оқиға 24 мамыр күні түнде болды. Алдымен туыстары марқұмның хабарсыз кеткенін хабарлап, іздеу жариялайды. Сотталушы сол уақытта марқұм Айсағалиевтің нөмері арқылы іздеп жатқан әріптестеріне кері хабарласып, аяғын ауыртып алғанын хабарлаған. Өзі әрі қарай марқұмның денесін жасыруды ойластырған. Сотта оқиға егжей-тегжей баяндалды.
Белгілі болғандай, дәрігерге төрт рет пышақ сұғылған. Жәбірленуші кеудесіндегі пышақты өзі қолымен суырып алған. Сотталушы әрі қарай оның басынан екі рет балтамен ұрған. Кейін қырылдаған дыбыс шығып, жәбірленуші орнынан тұра алмай қалғаны айтылды.
Сот-медициналық сараптама қорытындысына сай Айсағалиев көп қан жоғалтқан. Оң жақ кеудесінен алған кесілген жарақат салдырынан көз жұмды. Өкпесінің оң жағы және жүрегі пышақпен зақымданған. Басынан балтамен соққы алған.
Фото: Stan.kz